Таспа

Қостанай облысында карантин режімі 18 мамырдан бастап жеңілдетіледі

Қостанай облысында 18 мамырдан бастап карантин режимі жеңілдетіледі деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Аймақ басшысы атап өткендей, бүгінде инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық шаралар қабылдануда. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің ұсыныстары мен өңірде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Жедел штаб 18 мамырдан бастап бірнеше саланың қызметіне рұқсат береді. Жітіқара қаласын қоспағанда карантинді жеңілдету үшін келесі іс-шараларға рұқсат етіледі:

1. Маска кию арқылы тұрғылықты мекенжайынан шығуға;

2. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топ немесе бір отбасы мүшелерінің саябақтарға, алаңдарға және скверлерге, ойын-сауық объектілерсіз жағалауларға баруына;

3. Базарлардың, сондай-ақ ауданы 2 мың ш.м. дейінгі дүкендер мен сауда орталықтарының жұмыс режимін 10:00-ден 17:00-ге дейін уақытша шектеу;

4. Сұлулық салондары медициналық маска киген келушілерді қабылдайды, жұмыс алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі;

5. Халыққа қызмет көрсететін баспаханалар, тігін ательелері, аяқ киім шеберханалары, аяқ киім, киім жөндеу бойынша сервистерге;

6. Бассейндерді пайдаланбай, моншалардың, сауналардың (бір ауысымда 20 жуу орнына дейін) жұмыс істеуіне;

7. Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтардың жұмысына;

8. «Клиенттерге жеткізу және сыртқа шығару» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану объектілеріне;

9. Ашық ауада спорттық жаттығуларға;

10. Облыс денсаулық сақтау басқармасының шешімі бойынша науқастарды кезең-кезеңімен жоспарлы емдеуге жатқызуға;

11. Сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін шектеулі уақыт бойынша қалалық қоғамдық көліктің, сондай-ақ сағат 7.00-ден 21.00-ге дейін шектеулі уақыт бойынша бау-бақша қоғамдарына дейінгі қоғамдық көліктің жұмысын қайта жандандыруға рұқсат етіледі;

12. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің қызметіне рұқсат етіледі, бұл ретте қызметкерлердің 50%-не қашықтан жұмыс істеу режимі сақталады.

«Облыстың санитарлық бас дәрігерінің қызметіне рұқсат берілген нысандардың жұмысына рұқсат беру туралы тиісті қаулы қабылдауды тапсырамын. Сонымен қатар, облыс аумағында қолайлы эпидемиологиялық жағдай болған кезде ағымдағы жылдың 25 мамырынан бастап облыс аумағында карантинді жеңілдету шаралары бекітіледі.​ Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері тұрақты бақылауда. Енгізілген жеңілдіктерге қарамастан, барлық уәкілетті органдар тарапынан облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жағдайды басты назарда ұстаймыз» деді Архимед Мұхамбетов.

Сондай-ақ облыс басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне Атырау облысынан келген «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлерін карантиндік стационарлардан шығарғаннан кейін тұрғылықты жеріне дейін жеткізу мен үй карантинін сақтау жағдайларын бақылауға алуды тапсырды.​

 

Фото: kstnews.kz

 

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысындағы Ресеймен шектесетін аумақтарда шегіртке үйіріне мониторинг күшейтіледі

Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі орталық жедел штаб отырысында ...