Архимед Мұхамбетов: Тұрғындар сақтанбаса, қатаң карантин режиміне қайта ораламыз

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов карантин режимінің сақталуы туралы ақпарат берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін уақтылы қабылдаған шараларының арқасында елімізде инфекцияның жаппай таралуына жол берілмегенін атап өтті.

«Бүгінде өңірде COVID-19 індетінің 131 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Жітіқара қаласында – 87 жағдай, Қостанайда – 18, Арқалық қаласында – 2, Лисаков қаласында – 2, Рудный қаласында – 8, Денисов ауданында – 5, Қарабалық ауданында – 3, Қостанай ауданында – 5, Федоров ауданында – 1. 27 мамырдағы жағдай бойынша 60 адам сауығып кетті. Біз коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Атап айтқанда, медициналық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 40 ИВЛ аппаратын, төсек-орын жанындағы 60 монитор, 11 мың қорғаныш комбинезоны мен басқа да медициналық жабдықтарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді» деді аймақ басшысы.

Қостанай облысында Президенттің қолдау шаралары шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шаралардың басы-қасында жүрген медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыру жұмыстары жүргізілді. Наурыз айында 365 медициналық қызметкерге 51,6 млн теңге сомасында үстемақы төленсе, сәуірде 1518 дәрігер 242,5 млн теңге көмек алды. Қазір бекітілген кестеге сәйкес ПТР әдісімен халықтың осал топтарын инфекцияға тестілеу жүргізіліп жатыр. Өңірде 7 зертханада КВИ-ға сараптама жүргізіледі. Маусым айының ортасына дейін Ұлттық сараптама орталығының базасында тәулігіне 400 зерттеуге дейін қосымша зертхана ашу жоспарлануда. Жалпы, алгоритмге сәйкес коронавирустық инфекцияның бар-жоғына 29217 зерттеу жүргізілді.

«Пандемиямен күрестің ең тиімді жолы – жеке гигиенаны сақтау. Мұны дәрігерлер растап отыр. Алайда, карантин режимін сақтамай отырғандардың қатары күн сайын артуда. Арнайы мониторингтік топ 14 мыңнан астам тексеру жүргізді. Карантин режимін бұзудың 267 жағдайы тіркеліп, 274 айыппұл салынды. Бұлай жалғаса бермейді. Егер тұрғындар сақтық шараларына салғырт қараса, қатаң карантин режиміне қайта ораламыз. Сондықтан тұрғындарды шектеу шараларына барынша сақ қарауды шақырамын. Жақындарыңыздың денсаулығына жауаптысыздар. Той-думанды шектей тұрайық, мұның бәрі сіздер үшін жасалып жатыр», — деді Архимед Мұхамбетов тұрғындарды карантин режимін бұзбауға шақырып. Облыс әкімі атап өткендей, 1 маусымда өңірлік штаб кеңес өткізеді. Онда өңірде қатаң карантин режимін енгізу-енгізбеу мәселесі қаралады.

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *