Архимед Мұхамбетов неге баспасөз хатшыға жарымай жүр?

Шымкентте блогерлер мен журналистер көп екен, қызығасың. Әкімдердің ақпарат хатшылары да мықты. Республикалық газеттер мен телеарналардың жаңалықтарын қарасаң — жартысы оңтүстік өңірдің жаңалықтары.
Ежелгі қалалары да насихатталып жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, тарихы да, басқа да жаңалықтары да жазылып жатыр.
Біздің Қостанай облысында ақпарат саласы кенже дамыған. Оны мойындау керек.
Ақпарат құралы аз. Әрине, баспасөз жоқ емес, бар. «Қостанай таңы» сияқты бір ғасырға жуық тарихы бар қарашаңырақ басылым бар.
Республикалық басылымдардың аймақтық тілшілері бар. Бірақ бұлар Қостанай сияқты үлкен облысқа аздық етеді.
Қостанай қаласынан ғана ақпарат таратады. Ауыл, аудандар сирек айтылады.
Облыс әкіміне мықты баспасөз хатшысы керек. Саят Жүсіпов деген хатшы бауырымыз бар екен. Оны фейсбуктен таппадым. Фб-да парақшасы бар, бірақ қолданбайтын сияқты. Парақшасы 2 жылдан бері жаңармаған. Инстаграмда отырады екен. 600-ге жетер-жетпес оқырманы бар. Қандай ақпарат таратып отырғанын білмеймін.
Мүмкін облыс әкімдігінің ресми парақшасын белсенді жүргізіп отырған шығар деп ойлағам, «Пресс-служба Костанайская область» деген парақша көрдім, оны да белсенді жүргізбеген, ешкім оқымайтын сияқты. Кейбір постыларында 2 лайк қана тұр.
Әрине, мен хатшының жұмысын фейсбукпен, лайкпен өлшеп отырғам жоқ.
Бірақ Саят бауырым ренжімесін, облысқа белсенді баспасөз хатшы керек. Бұл жағынан алғанда Саят бауырымыздың жұмысы көңіл көншітерлік емес, ешкім танымайды екен.
Қостанай облысы мен қаласының, Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарының
әкімдері белсенді баспасөз хатшысын ұстауы тиіс деген пікірдемін.
Қазір ақпараттық ғасыр. Фейсбукке жай желі деп қарауға болмайды. Танымал журналистер, блогерлер осында отырады.
Баспасөз хатшысы болатын адам әлеуметтік желілерді белсенді қолдануы керек. Не себепті белсенді қолдану керек дегенімді түсіндіре кетейін.
Себебі Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин аудандары, яғни Торғай аймағы шалғай аймақ. Осы аймақтың мәселелері жазылып, айтылуы тиіс, Жанкелдин ауданы көтерілістің орталығы болған, Ахмет пен Міржақып туған аудан, Ыбырай мектеп ашқан аудан. Аманкелді ауданы Кейкі мен Аманкелдінің мекені, Арқалық облыс орталығы болған қала. Міне, осы аудандардың тарихы мен мәселесі жиі айтылуы керек. Әрине, Торғай жайлы том-том кітаптар жазылып, кинолар түсірілді. Оны аға ұрпақ білгенімен, кейінгі жас ұрпақ білмейді. Осыларды насихаттау керек қой.
Фейсбукті белсенді қолданатын баспасөз хатшы Торғайдың тарихы мен мәселелері жайлы жазса немесе әкімнің іс-сапарларын белсенді жазып отырса, республикалық басылымдар назар аударады. Сұқбат алады, барып зерттеп жазады. Ол дегеніміз аудандарымыз жайлы ақпарат бүкіл республикаға жетіп отырады деген сөз, шенділер назар аударады, келушілер көбейеді деген сөз.
Торғайда Міржақыптың зираты жатыр, басына барып жатқан адам көрмедім. Ақпарат үздіксіз жарияланатын болса барушылар көбейеді, мәселелер шешімін табады, жазушыларымыздың шығармалары насихатталатын болады.
Шүкір, Торғай аймағы тарихи жерден кенде емес, мал да бар, астық та бар. Мәселеміз де, жетістіктеріміз де көп. Соны жазатын адам болмай тұр.
Сондықтан облысты аудан, қалаларына әлеуметтік желіні белсенді қолданатын баспасөз хатшылары керек. Ол хатшылар Торғай аймағының жаңалықтарын үзбей жариялап тұруы керек. Және әкімдіктің парақшаларын да жүргізіп, шенділер мен халықты байланыстырып отыруы керек.
Әзір ондай белсенділікті байқап отырғам жоқ. Әкімдіктің парақшаларын итпен іздеп таппайсың, не бітіріп жатқандарын итім білсін.
…Қысқасы, біздің облысқа белсенді прессек керек. Аудиториясы үлкен болуы керек. Қостанайдың жаңалықтары Қазақ еліне кең көлемде таралуы керек. Облыс ақпарат көшінен қалмауы тиіс, әр азамат әкімдермен желі арқылы байланыса алып, желі арқылы жаңалықтарды оқып отыруы керек.
Баспасөз хатшының жұмысы біздің облыс үшін өте маңызды болып тұр.
Дәулет Серікбайдың
Фейсбуктегі парақшасынан

Мынаны да қараңыз

1 қазанға дейін тұрғын үйлерге жылу беруді талап етеміз! — Арқалық қаласының тұрғындары

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке! Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішевке! Елдегі тараған індеттің алдын алу ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *