«В.Ленин, И. Франко, 50 лет Октября…»: Көшелерді қайта атау мерзімдерін қарастыратын жол картасы жасалды — Гүлжан Мендекинова

 

— Құрметті Гүлжан Ермашқызы! Өзіңіз басқарып отырған басқарма өңіріміздегі мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру, мемлекеттік тілдің серпінді дамуына жәрдемдесу, ана тіліміздің әлеуметтік-коммуникативтік және біріктіруші функцияларын кеңейту сияқты мәселелермен айналысатыны түсінікті, десек те жалпы, қазіргі күні облыстағы тілдік ахуал қалай өзі?

 Әуелі мына жайтқа тоқтала кетейін, ол туған жеріміздің тарихи атауларының қайтарылуы туралы баяндай кетсем.

Қостанай, Алтынсарин, Қамысты, Бейімбет Майлин, Ұзынкөл аудандарындағы біраз елді мекенге тарихи атаулары қайтарылды, сол өңірден шыққан біртуар тұлғалардың есімдері берілді. Таран ауданы Бейімбет Майлин есімімен қайта аталды, Жангелдин ауданы Қарасу ауылына Ахмет Байтұрсынұлының, Алтынсарин ауданы Щербаков, Маяковский ауылдық округтеріне Омар Шипиннің, Мәриям Хакімжанованың есімдері берілді, Затобол кенті Тобыл қаласы, Таран ауылы Әйет ауылы болып  өзгертілді. Барлығы 1 ауданның, 1 қаланың, 7 ауылдық округтің, 7 ауылдың, 107 көшенің, әлеуметтік-мәдени маңыздағы бар 13 нысанның  атауы өзгертілді.

Былай қарасаңыз, жай ғана жұтаң сан, дегенмен бұл қаншама ұйқысыз түндердің, қажырлы еңбектің жемісі, әрине, бұл менің және басқарманың қызметтік жұмысы десек те, көптеген түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізуге тура келгені өтірік емес.

Жалпы, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту мемлекеттік тілді оқытумен де байланысты екенін атап өткім келеді.

Мәселен, бүгінгі күні Қостанай облысы бойынша тілдерді оқытудың 20 орталығы жұмыс істеп тұр. Олар оқытудың заманауи әдістемелік және  техникалық құралдарымен жабдықталған.

 

Өткен жылы мемлекеттік қызметшілер мен қызмет көрсету саласындағы қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқыту үшін 72 сағаттан тұратын қысқа мерзімді курстар ашылған болатын. Әрине, аты жаман ауруға байланысты мемлекеттік тілді оқытуға да өзгеріс енгізілді. Биыл өндірістен қол үзбей оқыту мүмкіндігін пайдалана отырып, яғни онлайн режимде 36 академиялық сағаттан тұратын қазақ тілін оқытудың қысқа мерзімді курсын ұйымдастырдық. Онлайн сабақтың үзінділері, үлгілері Тілдерді оқыту орталықтарының әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырылып тұрады. Айтқандай, кез келген тыңдаушы мемлекеттік тіл сабақтарына тегін қатынаса алады.

Жоғарыда айтқанымдай, еліміздегі карантиндік жағдайды ескере отырып, Тілдерді оқыту орталықтары 2020 жылдың сәуір айынан бастап азаматтарды онлайн және оффлайн режимінде оқытуды бастады. Онлайн сабақтар ZООМ платформасы арқылы жүргізіледі, сондай-ақ, тіл үйренушілерге арналған бейнесабақтар Skype, WhatsАpp, Telegram,  Instagram, Facebook, VKontakte әлеуметтік желілерінде жарияланып тұрады.

Әрине, заманауи тәсілдерді қолдану тәлім алушыларға да ыңғайлы деп ойлаймын. Мысалы, 2020 жылы Қостанай облысының Тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді 6 370 адам, ағылшын тілін 1 791 адам, өзге тілдерді (азшылық тілдер) 185 адам оқып жүр. Сондай-ақ 69 ауылдық округте тілдерді оқыту курстары ұйымдастырылған.

Тілдерді оқыту орталықтарында 56 қазақ тілінің, 20 ағылшын тілінің оқытушысы жұмыс істейді. Мамандардың кәсіби деңгейі жоғары, көптеген республикалық жарыстың жеңімпаздары.

Дегенмен, біліктіліктерін арттыру үшін Тілдерді оқыту орталықтарының мамандары биыл онлайн режимде ұйымдастырылған 448 семинарға қатысты, бұл жұмыс әлі жалғаса беретін болады.

Енді Тілдерді оқыту орталықтарының жетістіктері туралы айтатын болсақ, мәселен, өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы — 2019» республикалық байқауында Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Досубаева Жанат Балтақызы бас жүлдені жеңіп алды. Жалпы аталған байқауда облысымыздағы Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары 4 мәрте бас жүлдеге ие болды. Биыл Б.Майлин атындағы мектеп-гимназияның ағылшын тілі мұғалімі Кеулхосов Сүлеймен — үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген жастардың арасында өткен «Тіл шебері – 2020» республикалық байқауының бас жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ 14 қазанда өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты республикалық байқауда Қостанай облысы Полиция департаментінің Ақпарат және байланыс басқармасының инженері, полиция аға лейтенанты Гартман Кира қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді.

 

Сонымен бірге 2020 жылдың 21-25 қыркүйегі аралығында Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының ұйымдастыруымен Қостанай облысында «Қазтест» жүйесі бойынша қазақ тілін білу деңгейлерін анықтау мақсатында диагностикалық тестілеу өтті. Облыс бойынша диагностикалық тестілеуге 1150 адам қатысты. Нәтижелері өте жақсы, әрине, тоқмейілсуге әсте болмайды.

— Өзіңіз білетіндей, Қостанай облысы Ресейдің бір емес үш бірдей өңірімен шектесетіні белгілі, Ресей Федерациясындағы қандастарымызға қолдау көрсету, олардың ана тілін үйренуі, оқулық мәселелері қалай шешіліп жатыр? 

— Иә, дұрыс айтасыз, біздің Қостанай облысы Ресейдің Орынбор, Челябі және Қорған облыстарымен шектеседі. Үш облыспен де барыс-келісіміз жақсы жолға қойылған, дегенмен, Челябі қаласы Қостанайдан 260 шақырым ғана қашықта, ал, оның аудандары Ресейдің өзге облыстарымен қарағанда жақын орналасқандықтан ондағы қазақ диаспорасына көмегіміз өте керекті шаруа деп санаймын. Оның үстіне біздің жұрттың осы өңірде (Челябі облысында) бұрыннан тұратынына айқын дәлел ол қаншама жер-су атауларының сақталып қалуы, мысалы, Жабық Қарағай орманы, Сынтасты, Найза, Кесене, Қарағайлы Аят, Тоғызақ деп кете береді.

Ресей қазақтары мен жер-су атаулары және Кесене мен Мұнанай туралы бұрын Сіздің мақалаларыңыздан оқығаным бар еді.

Челябі облысындағы қандастардың саны 2011 жылғы деректер бойынша 40 мыңнан асыпты, отандастарымыз облыстың негізінен Бреды, Варна, Қарталы (Карталы), Қызыл (Кизиль), Ноғайбақ (Нагайбак), Троицк, Чесмен, Октябрь, Агапов, Верхнеурал, Үй (Уй) аудандарында тұрады. Оның ішінде, Челябі қаласында қандастардың саны 2010 жылғы дерек бойынша 3 000 адам, Магнитогорск қаласында 4130 адам (айтқандай, осы Магнитогорск маңы кезінде Қыз Жібектің жұрты еді), Троицкі қаласында 1500 адам, Южноуральск, Карталы, Пласт, Верхнеуральск сияқты өзге де қалаларда едәуір қазақ диаспорасы өкілдері тұрады. Жалпы, Челябі облысында негізінен арғын мен қыпшақ, уақ және жағалбайлы мен тама, телеу және әлімұлы ру-тайпаларының өкілдері көбірек кездеседі.

Бауырластардың көпшілігі ауылдық жерлерде тұрғанымен, өңірдің саяси-әлеуметтік және қоғамдық өміріне белсене араласып (әсіресе, соңғы жылдары), ағайындар арасында аудан әкімі деңгейіне дейін жеткен қандастар бар.

Челябі жерінде, яғни іргелес өңірде қазақ мәдениетінің айқын көрінісі болып атақты Арқайым, Кесене, Сынтасты ескерткіштері тұр. Осы Челябі облысы жерінде, дәлірек айтсақ, Троицкіде (Мұнанайда) 1911 жылы алғашқы қазақ журналы «Айқап» ашылып еді. Мұнда Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов оқыса, Сәбит Дөнентаев пен Сәкен Сейфуллиндер «Айқап» журналында шығармаларын жариялатып отырған болатын.

Ал, өз құзіретіміз шегінде, яғни Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, сондай-ақ, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне әдістемелік және ұйымдастырушылық көмек көрсету мақсатында Ресей Федерациясы Челябі облысының Білім және мәдениет министрлігімен, «Достық» үйімен, «Азамат», «Жақсылық» қазақ қоғамдық орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр.

Басқарма 2010 жылдан бастап Челябі облысында тұратын қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдауды жүйелі түрде жүргізіп отыр. Оқыту семинарлары, дөңгелек үстелдер, мастер-класстар өткізіліп отырады. Челябі облысының «Жақсылық» қоғамдық ұйымымен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде Челябі облысы аудандарының бес мектебінде қазақ тілін үйрену бойынша факультативтік сабақтар ұйымдастырылды.

2019 жылдың 22 тамызы күні Тілдерді дамыту басқармасы «Қазақ диаспорасына ана тілін үйрету бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.

Семинар-тренингті өткізудің бірден-бір мақсаты қазақ диаспорасы өкілдерінің арасында қазақ тілін оқыту бойынша өзара тәжірибе алмасу, мәдени және әлеуметтік-гуманитарлық салада шекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту негізіне бағытталған.

Бұл семинар-тренингке Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қостанай облысы филиалының төрайымы, ана тілді сақтау және таныту, салт-дәстүр және оқыту мәселелерімен айналысатын «Жақсылық» қазақ ұлттық мәдени орталығының басшысы, Ресей Федерациясы Челябі облысының делегациясы, Tілдерді оқыту орталықтарының басшылары, оқытушылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинар-тренинг барысында сертификатталған тренерлер қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша түсіндіру сабақтарын өткізді. Челябі облысында тұратын қазақ диаспорасына қашықтан оқуға арналған сайттардың (soyle.kz, tilqural.kz, tildaryn.kz) таныстырылымы болды. Семинар соңында қатысушыларға қазақ тілін оқытуға арналған оқу-әдістемелік құралдар таратылды. Ресейден келген қонақтар қазақ тілін оқыту бойынша көкейде жүрген сауалдарын ортаға салып, пікір алмасты.

Сондай-ақ, 2019 жылғы 12 қыркүйегінде өткен Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл-рухани қазына» салтанатты іс шарасында Ресей Федерациясы Челябі облысының аумағында тұратын қазақ диаспорасының өкілдері үшін ана тілін оқыту бойынша 10 жыл бойы жұмыстарды ұйымдастырғаны үшін «Жақсылық» қазақ мәдени орталығы Челябі облыстық қоғамдық ұйымының төрайымы Юлит Исхаққызы Байдәулетова Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

 

— Гүлжан Ермашқызы, әңгімеміздің басында туған жеріміздің тарихи атаулары туралы баяндаған едіңіз, ал өңіріміздегі ономастика саласы бойынша, әсіресе, Рудный қаласындағы идеологиялық ескірген көше атаулары туралы не айтар едіңіз?

— Қазіргі таңда облыс бойынша 2014 жылдан бастап Қарабалық, Федоров, Ұзынкөл, Жітіқара, Бейімбет Майлин, Әулиекөл, Қостанай аудандарында, Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларында 100-ден астам көше, тұйық көше атаулары өзгертілді, жаңа атаулар берілген болатын, оның ішінде Рудный қаласының атаусыз 4 тұйық көшесіне және 2 көшесіне Думан, Әлем, Заман, Серпін, Керуен, Нұр атаулары берілді. Одан ертеректе тау-кен инженері Қауменовтің, дәрігер Жантеміровтің есімдері берілген болатын.

Сондай-ақ Рудный қаласындағы В.Ленин, И. Франко, 40 лет Октября, 50 лет Октября сияқты көшелерді қайта атау бойынша жұмыстардың кезеңдері мен мерзімдерін қарастыратын жол картасы жасалды. Қала тұрғындарының теріс пікірін болдырмау, белсенді тұрғындарының арасында ономастикалық жаңарулар туралы нақты түсінік беру үшін жұмыс тобының отырысына қаланың аталған көшелерінде орналасқан объектілердің басшылары шақырылды. Сонымен қатар «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, банк, Орталық әмбебап дүкені, спорт кешені  және басқа да объектілердің ұжымдарымен кездесулер өткізілді. Әрине, жұмыс бір сәтте тоқтамайды.

Бұл ретте облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың тізімі жасалып, жергілікті органдар өз кезегінде ол бойынша жұмыстар атқаруда. Бұл орайда ауылдың, көшенің, объектінің жай-күйі анықталып, болашағы жоқ нысандардың ескірген атаулары өзгертілмейді.

Жалпы, облыс бойынша көшелердің идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары шамамен 10% жуық. Олардың көбі қалаларда шоғырланған.

Елбасының 2017 жылғы 28 ақпандағы № 17-388-5 тапсырмасына сәйкес кісі есімдерін елді мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге беруге қатаң тыйым салынды.

Сонымен қатар тұлғалар есімдерін беру мәселесі бойынша қазіргі кезеңде республика аумағында «Тарихи тұлғалар» тізімі арнайы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісіліп, нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен көшелерге осы тізімдерден ғана тұлғалар есімдерін беру қатаң түрде басшылыққа алынады.

Басқармаға келіп түскен 62 өтініштің басым көпшілігі облыс бойынша танымал тұлғалардың есімдерін көшелерге, объектілерге беру жөнінде болып отыр. Осы орайда басқарма олардың 44-не (71%) заңға сәйкес қазіргі уақытта көтерілген мәселенің шешілмейтіні түсіндіріліп, жауап қайтарылды.

Қазіргі таңда ономастика саласы бойынша заңнамалық база әлі де жетілдіруді қажет ететінін айта кеткен жөн.

Айтқандай, биыл Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Аманкелді ауданы Аманкелді ауылындағы орталық көшеге оның есімі берілсе, Федоров ауданы Федоров ауылындағы орта мектепке Абай есімін беру мәселесі жақын арада шешімін табатын болады.

Сондай-ақ Тілдерді дамыту басқармасының мамандары көрнекі ақпарат құралдарының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21 бабына сәйкестігіне мониторинг жүргізудің бірлескен жоспарына» сәйкес қалалық және облыстық әкімдік, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірлесіп мониторинг шараларын тұрақты түрде жүргізіп тұрады.

 

— Түсінікті. Ал Тобыл-Торғай жеріндегі байырғы жер атауларын қайтару да өзекті екені белгілі, бұл ретте туған жер атауларын зерттеу үшін экспедициялар жасақтау қалай жүруде?

— Қостанай өңірлік тарихи зерттеулер институты облыс аудандары мен қалаларына Топонимикалық экспедиция жасап, осының нәтижесі бойынша «Историческая топонимика Костанайской области» атты 5-томдық жинақ шығарылды. Тарихи атауларды қайтару жұмыстарын жүргізу кезінде аталған жинақтағы мәліметтер қолданылады. Тарихи атауларды танып-білу үшін «Туған жер тағылымы» жер-су атауларын анықтау жөніндегі аталған экспедициялар 2009-2013 жылдар аралығында жасақтаған болатын.

Ал, 2020 жылы «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымынан ғалымдар өңірімізде тарихи зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы хат жолдаған, бірақ еліміздегі жағдайға байланысты бұл жұмыстар кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар  басқарманың жұмыс жоспарына «Қостанай облысының жер-су атауларының атласын дайындау және шығару» жобасы енгізілген. Аталған жоба бойынша атласта тәуелсіздік жылдары атаулары өзгертілген елді мекендер, көшелер, тұйық көшелер және жер-су атауларының жалпы тізімі, өзгерту негізі, ірі өзен-көлдер, республикалық, ауданаралық маңызды тас жолдар, облыстың әкімшілік-аумақтық бөлінісі, атаулары, жер көлемінің кестесі көрсетіледі.

 

Сонымен қатар осы байлығымызды ғылыми тұрғыдан зерделеу, жүйелеу және біріздендіру, ономастикалық мәселелерді көпшілік талқысына салу мақсатында республика қалаларынан келген ғалымдар: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Б.Әбдуәлиұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Жәмбек, Назарбаев Университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі қазақ тілі және түркітану кафедрасының ассистент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Ағабекова, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы З.Е.Қабылдинов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің физикалық және экономикалық география кафедрасының меңгерушісі, география ғылымдарының докторы, профессор Қ.Сапаров, өңіріміздің ғалымдары: тарих ғылымдарының докторлары А.Күзембайұлы, Е.Әбіл, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессорлары, философия ғылымдарының кандидаты Қ.Жақып, филология ғылымдарының докторы, А.Әбсадықов, өлкетанушылардың, тіл жанашырларының қатысуымен «Торғай өңірі топонимикасының тарихи атаулары», «Азат елдің ономастикасы – мемлекетіміздің рухани қазынасы», «Ономастикалық жаңару – рухани жаңғыру кепілі», «Ономастика: ізденіс пен тәжірибе» тақырыптарында республикалық ғылыми-практикалық конференциялар, сонымен қоса ономастика мәселелері бойынша көшпелі дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілді. Бұл бағытта шаралар одан әрі де жалғасады.

Сонымен қатар аудандар мен қалалар әкімдіктері жанынан ономастикалық ұсыныстар жобаларын қарау жөніндегі жұмыс топтары құрылған, олар өз кезегінде ұсынылған жер-су атауларын қарап, сараптайды, сондай-ақ ономастика саласы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенді араласады.

— Қазақ тілін латын графикасына көшіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша айтып кетсеңіз.

— Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес  жаңа әліпбиді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Облыста қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл  көптеген іс-шара негізінен ақпараттық-насихаттау бағытында жүргізілді. Биыл тоғыз айда 25 мыңнан астам адамды қамтитын 905 іс-шара өткізілді. Негізінен іс-шаралар онлайн форматында өтуде. Облыс тұрғындары латын қарпіндегі жалпы республикалық диктанттарға қатысты. Облыс тұрғындары үшін  тақырыптық дәрістер, тіл мамандары үшін вебинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Облыс тұрғындары тілдік реформаны қолдауда.

2019 жылы Ш.Шаяхметов атындағы Ұлттық ғылыми-әдістемелік «Тіл-Қазына» орталығы латын қарпінде оқыту үшін арнайы  тренерлерді  даярлау  курстарын ұйымдастырды, барлығы 98 оқытушы арнайы дайындық курстарынан өтіп, тренерлік сертификатына ие болды. Облыс бойынша жаңа емле ережелерді оқыту курстарында,  тренерлермен  3 мыңнан астам адам оқытылды.

«Қазақстан-Қостанай» телеарнасы «Бірінші студия», «Ел мүддесі» бағдарламаларына Тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері, «Тіл-дарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушылары, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университетінің филолог-мамандары қатысып, тіл реформасы туралы сұхбат беріп тұрады.

28-29 қазан күндері  Қостанай облысының 20 тіл орталығында жетілдірілген жаңа әліпби бойынша сынама сабақтары өткізілуде.  Сынама сабақтарына 400-ден астам қазақ тілі мұғалімі, бастауыш сынып мұғалімі және колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

 

Сұхбаттасқан Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Қостанай шаһары

 

 

Мынаны да қараңыз

«Біз үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз»: Екатерина Смолякова, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат

Respublica партиясы өкілдерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау тұрғындарымен өткен кездесу барысында ҚР Парламенті ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *