Алтын Ордаға — 750 жыл: Жангелдин аудандық Тілдерді оқыту орталығы онлайн дөңгелек үстел өткізді

Қостанай облысы Жангелдин ауданы әкімдігінің аудандық Тілдерді оқыту орталығы Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында дөңгелек үстел өткізді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

Іс-шараны орталық директоры Гүлім Ысмағұл құттықтау сөз сөйлеп ашты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаны мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттап, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтқан болатын» деген мекеме басшысы, тарих беттерінен ойып тұрып орын алғанымен, Алтын Орда мен Жошы ұлысына қатысты нақты пікір жоқ екеніне тоқталды.
«Өкінішке қарай, тарихшылар әлі күнге дейін бұл тақырыпты аша алмай келеді» деп қосты ол.

Дөңгелек үстелге аудан орталығы мен ауылдық округ мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері, мекеме қызметкерлері қатысып, Алтын Орда тарихының зерттелуі жөнінде ой бөлісті. Алтын Орданың заңды мұрагері кім, Жошы ұлысының тарихы жайында да көрермендер тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.

Атап айтсақ,  Ш. Уәлиханов атындағы Торғай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Тамаша Қабажаева маңызды пікір айтып, құнды ақпараттармен бөліссе,  Н. Иванов орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Замира Замшитова мен Ы. Алтынсарин орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі  Әйгерім Қапарова шараға өте жақсы дайындықпен келгендерін көрсете білді.

Сондай-ақ Қаратүбек орта мектебінің тарихшысы Жәнібек Ғазизовтың да пікірін шараға қатысушылар зор ыңтамен тыңдады.

Дөңгелек үстел ZOOM платформасы негізінде өткізілді. Қазіргі таңда елімізде болып жатқан жағдайға байланысты мекеме қызметкерлері мереке күндері ZOOM платформасы негізінде және әлеуметтік желі арқылы қызықты пікіралмасу шаралары мен сайыстар ұйымдастырып отырады.

 

Мынаны да қараңыз

Торғай неге туристерге тарс жабық

немесе геоглифтерді трактор таптап жатыр! Саяхаттап жер көру, ел тану – сонау ықылымнан бар дүние. ...