Ұлт ұстазының ізі қалған

«…Бұрынғы мешіттер мен медіреселер ескірді. Оларды жөндеуден өткізу керек немесе жаңадан салу керек».

«Қарқаралы  петициясының» 41-тарауынан.

Бұл Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт — азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы тікелей ат салысқан, 1905 жылы 14500 адам қол қойған, қазақтың қоғамдық — мәдени санасының оянуына ықпал еткен атақты «Қарқаралы петициясындағы» талап-тілектердің бірі. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық — ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген.

Ал біздің әкім-қаралар ұлт ұстазы салып кеткен сара жолды ұлықтамақ түгілі, Ахаңның бай мұрасы жайлы оқып — білді ме екен?

«Әй, білмейді – ау» деп ойлаймыз. Оған себеп көп. Өйткені «Еститін үкіметтің» сеніп тапсырған өкілдері өздері басқарып отырған азын — аулақ аумақтардағы тарихи-мәдени құнды жәдігерлер мен ескерткіштер жайын жадынан мүлдем шығарып алған тәрізді.

Мәселенің төркініне көшейік, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Ақтерек ауылында Ахмет Байтұрсынұлы бұдан 117 жыл бұрын (мүмкін бұдан бұрын) бала оқытқан мектеп бар. Бөренеден қиып салынған көне нысанның сыртын кейін жасыл түске «әйтеуір» сырлап қойған. Мұндай нысандарға баяғыдан сараптама жасалып, өз мәнінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Ғимаратта бүгінде дәрігерлік кабинет, кітапхана, шағын орталық орналасқан. Көне нысанда 1904 — 1909 жж. аралығында ұлт ұстазының қызмет еткенін ескерсек, мұның бәрі түбегейлі зерттеуді қажет ететіндігі анық.

Ахаң мектебі аудан балансында жоқ 

 Нысанға бүгінге дейін мемлекет тарапынан өз мәнінде қолдау жоқ. Бұл жөнінде әлеуметтік желі бетінде мәселе қозғап, сұрау салған болатынбыз. Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алынған ақпаратты сөзбе-сөз, еш өзгертусіз беруді жөн көрдік: «Ақтерек елді мекеніндегі А.Байтұрсынұлы сабақ берген мектеп ғимараты 2002 жылы «Жібек жолы» бағдарламасының аясында реставрациялық жөндеуден өтіп, өте құлдыраған шағынан қайта қалпына келтірілген. ҚР Тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген ғимарат ешбір баланста болмағандықтан, «Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімі ММ өз балансына алу жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі күнге құжаттарды дайындаудың соңғы кезеңіне келді…»

Ал, Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан берілген мәліметте:

«Ақтерек ауылында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздық еткен мектеп ғимараты Қарағанды облыстық жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне алынған, мемлекет қорғауындағы нысан болып табылады. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат шегіндегі қалпына келтіру жұмыстарын жоспарлағанда біріншіден – көне ескерткіштерге баса назар аударылады. Аталған тарихи-мәдени ескерткішке 2008 жылы жоспарға сәйкес, реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілді» делінген.

Сонда дейміз-ау, осы күнге дейін тарихи — мәдени ескерткіштің ешбір баланста болмағанын қалай түсінеміз? Ақтерек ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлының ескі мектебі ауданның балансына алынбағанын, құжаттары осы күнге дейін түгенделмегенін жергілікті әкімдік растап отыр. Осыншама уақыт созып келуге не кедергі? Шетелде емес, іргедегі тарихи ескерткіштің құжаттарын рәсімдеуге ширек ғасырға жуық мерзім жұмсайтындай  не жағдай? (Осы уақыт екі алып шаһар салып тастауға молынан жетеді екен). Сонда, енді мемлекеттік сараптамаға және нысанның құжаты дайын болғаннан кейін қаражат қарастыруға қанша уақыт керек? «Мәдени мұра» дейміз. Шын мәнінде қамқорлық жасалмаған, қорғалмаған. Аспан мен жердің ортасында тұр. Бетін аулақ қылсын, өрт шалып лап етсе, «сұрауы жоқ» деп осындайда айтады. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Ауыл тұрғындарының айтуларынша, жөндеу жұмыстары толыққанды жүргізілмеген, тарихи ескерткішті күтіп ұстау жұмыстарын көрмек түгілі, ешкім естімеген. Ауыл мектебінің мұғалімдері Жұмакүл Жолтаева, Рымкеш Смағұлова және ауыл кітапханашысы Гүлден Ажақова Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген мектептің іргетасының әбден тозығы жеткенін алға тартады. «Ғимаратта кітапхана орналасқан. Қызметкерлері сылап — сипап жөндегенімен, төбесінен су ағып, астынан жел үрлеп, қыс мезгілінде ішінде отыру мүмкін емес. Мұражай болып ашылса, ескерткіш қойылса тұрғындарға да жұмыс болып, әрі қарай жандануына ат салысар едік. Ахмет атамыздың ізін қуып, білім берген жергілікті ардагер ұстаздарға да бір бұрыш арнар едік»,-  деп  жазады.

А. Байтұрсынұлының туысы Ерахан Қабылов болса, «Осы мектепті қалпына келтірген, естіген құлақта жазық жоқ дегендей, торғайлық азамат екен. Сол елде қызмет істеп жүріп, кейінгі ұрпаққа қандай іс қалдырды. Ол кісінің есімін әзірге құпияда ұстаймын» деп тағы бір тың мәліметтің шетін шығарды…

Жанға батады…

Байтұрсынұлы мектебі жайлы сырттан естіп келушілер де жоқ емес. А.Байтұрсынұлының туысы, торғайлық азамат Ерахан Қабылов: «Сол мектептегі арнайы журналды оқысаңыз, Шымкенттен, Қызылорда т.б. өңірлерден ұлы ұстаздың ізі қалған білім ордасына арнап келушілер бар.  Өздерінің жүрекжарды лебіздерін, тілектерін жазып кетеді. Қарағанды облысы мен Қарқаралы ауданының басшылары ол мектепті қалай көрмей жүргеніне таң қаламын», — дейді.  Ал Қайрат Қабылов: «Саңырауға сәлем берсең, атаңның басы» дегендей жүрміз. Үлкен тарихтың өзі сыйлаған мұра, жәдігері көп. Әттең — ай, басқа мемлекетте болса әлемге әйгілеп, «Алаш арыстары» деп керемет мұражай жасар еді-ау!. Көңіл соқырлық жаман екен. Сонда Үкіметтің Ахаңа берген бағасы осы ма? Ішің күйеді» деп жазады.

Осы ауылда ұзақ жылдар қызмет атқарған ардагер ұстаз Раутай Тобықбаева:  «Алдымыздан қаншама шәкірт өтті. Оларға ұлтжандылықты, елін сүю қасиеттерін дарытуды — Ахаң ісіне адалдығымыз деп білдік. «Мәдени мұраң» қайсысы десе, жергілікті атқамінерлер ұялмай, мақтанышпен көрсете алмай отырса не жорық? Ал, енді мына Ахмет Байтұрсынұлының ескі мектебі дайын мұражайға сұранып тұр. Бөлінген қаржыны дұрыс жұмсап, қабырғасын, шатырын, сырт келбетін жанашырлықпен жөнге келтірсе деген тілек бар. Бұл ауылда сол мұражайға бас — көз болатын жауапты азаматтар да табылады. Елдегі ағайынға жағдай жасаңыз. XXI ғасырда ауыл халқы ауыз су, жол мәселесінің зардабын да тартып келе жатқанын жазып жатыр. Байтұрсынұлы мұражайын қалпына келтіріп, Үкімет, халықтың үнін естіңіз! Мен де ауылдастарыммен бірге осы жұмыстың өз мәнінде орындалуын қадағалап отыратын боламын», — дейді.

«Орталық мемлекеттік архив» РММ басшысының орынбасары Марзия Жылысбаева болса, «Осы уақытқа дейін жергілікті биліктің назарынан тыс қалуы, тарихи оқиғалар мен ескерткіштерге немқұрайлықпен қарауы жанға батады. Қарқаралыда қаншама зиялылар өмір сүріп, халқына қызмет жасаған. Жері де, елі де киелі», — дейді.

Құралай Мұқышева есімді әлеуметтік желі қолданушысы: «Ең алдымен ауыл тұрғындарына зор алғыс! Не заман ауысса да сылап-сипап, сақтап отырғандары құрметке әбден лайық! Ел ішінде тозып тұрған, біліп — білмей жүрген осындай тарихи нысандар қанша екен?» -… деп пікір қалдырады. Ал Алмас Нуркен атты азаматтың айтуынша, «Мұндай тарихи нысандар елімізде көп емес. Кейінгі ұрпақ кітаптан ғана емес, шын мәнісінде көзбе-көз танысып, білуі тиіс».

«Павлодар облысының мемлекеттік архиві» КММ ардагері Қаншайым Мақажанованың жазбасында: «Ұлт көшбасшысы, жанашыры, мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың өміріне қатысты бұл мәселені қарқаралылық билік, партия өкілдерінің, қоғам қайраткерлері мен жергілікті депутаттардың назардан тыс қалдырып, осы уақытқа дейін мән бермегендіктері таңқаларлық жағдай, әрі өте өкінішті екен» делінген.

«Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Ұрпағы Ахаңа ескерткіш соққысы келмесе де, Алланың құдіретімен, Ахаң өзіне мәңгілікке ескерткіш орнатты» деген-ді. Сол ескерткіштің бірі және бірегейі — Ақтерек пен Қарқаралыда. Алып өнеркәсіп орны Қарағанды облысында Ахаң мектебін өз мәнінде қалпына келтіруге қаржы қимай отыру сорақылық. Алаш жұрты, ғалымдар, әсіресе билік басындағылар шынайы ниетпен іске кірісулері керек. Ахаңның аруағынан ұялайық, ағайын», — деп жазады бұл туралы А.Байтұрсынұлының туысы Қайрат Қабылов.

Ахаң есімі «пантеоншыл» шенеуніктерден биік!

Қазіргі кейбір жемқор шенеуніктер пантеонда жерленіп, есімдерін мәңгілік қылуды армандайды. Былай қарасаңыз, Ахмет Байтұрсынұлы кім, олар кім?!

Желі қолданушыларының пікірі осы арнаға тоғысады.

Ұлы ұстаз ұлт алдында қызметін жалғастырып жатқандай…

…Байтұрсынұлы мектебі ғасырдан астам уақыт қара нардай қайыспай елге қызмет етіп келеді. «Ахаңның рухы көтеріп тұр-ау» деген ой келеді кейде. Ілеуде біреу іздеп келмесе, сырттан келушілерге арнайы насихат жұмыстары жүргізілмейді де. Соған қарамастан, ұлы ұстаз ұлт алдындағы қызметін жалғастырып жатқандай көрінеді…. Тарихи ескерткіш екенін қырық үйлі ауыл біледі, болды. Тұрғындардың арқасында бұл үй осы күнге жетті. Осы іске әр кез алаңдап, жанашырлық танытып жүрген Жеңіс Рақышев ақсақалдың да үлесі зор екенін айту ләзім. Ғимараттың салынғанына ғасырдан астам уақыт өткенін ескерсек, ендігі жерде елдегі ағайынның қолынан келер қайран жоқ…

Үміт дүниесі

Жақында әлеуметтік желі беттерінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алаш қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын 2022 жылы мемлекеттік деңгейде атап өту мақсатында Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынып, жалпыреспубликалық жоспар әзірленгені жөніндегі Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы ақжолтай хабарлама жариялаған еді:

«Жоспарға сәйкес мерейтой жылы аясында:

— «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясын, ғалымның еңбектерінің толық жинағының көптомдығын әзірлеу және баспадан шығарып тарату;

— Ахмет Байтұрсынұлының қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы қойылымдық-деректі фильм түсіру;

— Қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық Түркиялогиялық конгресс өткізу;

— Қазақ тілі мен әдебиетін үйретуге арналған «Тіл – құрал» атты арнайы танымдық, зияткерлік телебағдарлама ұйымдастыру жоспарланған.

Сонымен қатар, жоспарда Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» жеке меншіктен қала меншігіне өткізу мәселесі қарастырылған.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында оның еңселі ескерткішін Елордада орнату мәселесін қарастыруда.

ҚР Ұлттық банкі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық монеталар, «Қазпошта» АҚ мерейтойлық маркалар шығарады.

Аталған мерейтойды ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізу туралы өтінім Ұйым Хатшылығына 2020 жылы 25 қарашада ресми түрде (Беларусь, Тәжікстан, Түркия және Иранның қолдауымен) енгізілді. Ұйым тәртібіне сәйкес мүше мемлекеттердің өтінімдері ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің отырыстарында қарастырылып, ү.ж. қараша айында өтетін Бас конференция барысында бекітіледі».

Осы орайда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Ақтерек ауылындағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1904 — 1909 жылдары еңбек еткен ғимаратқа да мемлекет тарапынан өз мәнінде көңіл бөлетін кез жетті.

Сондай-ақ, жоспарға сай «Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған өңірлік іс-шаралар жоспарлары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстар әкімдіктерімен қабылданатын болады» делінсе, осынау тарихи мәні зор нысанға Қарағанды облысы әкімдігі де назар аударғаны жөн деп ұғамыз. Білім күшінің бас қалаларға шоғырландырылып, капитализмнің заманауи аспабына айналған тұсында ауыл балаларын оқыту үшін қиырда жатқан тау бөктерінде мектеп ашқан Ахмет Байтұрсынұлыдай аптал азаматтың ізі қалған ауылды Үкімет назарға алуы тиіс.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ахаң мектебінен әріректе, Қарқаралыдағы 1850 жылдары салынған Құнанбай мешітінің өзі 1991 жылы, яғни арада 141 жыл өткеннен кейін аудан, облыс жұртшылығының шақыртуымен, Алматы қаласынан Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты мен Көркемсурет ғылыми-реставрациялау өндірістік бірлестік мамандарының араласуымен қайта қалпына келгені мәлім. Ал Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы бала оқытқан ғимаратты қалпына келтіруде де ерекше талғам мен мамандардың қырағы назары керек. Іргесіне мықты тіреу орнатылып, толыққанды күрделі жөндеу жасалуы қажет. Мектептің сыртын еш талғамсыз арзанқол, жасыл түсті сырмен бояп, шарбақ ауыстырумен мәселе шешілмейді.

Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелерін көтерсе, бүгінгі Тәуелсіз қазақ елі өз ұлтының адал перзенттерінің есімдерін ұлықтауда кімге және неге жалтақтауы тиіс?

Құралай РАХЫМЖАНОВА, журналист

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *