4 мыңға жуық қостанайлық жазықсыз құрбан болды — Архимед МҰХАМБЕТОВ

31 мамыр — бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күн. Осыған орай облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің instagram парақшасында үндеу жариялады деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. 

Құрметті қостанайлықтар!

Бүгін бабаларымыз армандап, тағдырдың тізгінінен өтіп, аңсарлы арманына қол жеткізген тәуелсіз Қазақстан үшін атаулы күн – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Жазықсыз жазаға ұшырап, қаза тапқан, азапты сынақтар мен қуғын-сүргіндерден өткен ата-бабаларымыздың есімдерін мәңгі есте сақтау, олардың рухына тағызым ету Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі ұрпағының алдындағы қасиетті борышы.

Халқымыздың тарихында болған «тар жол тайғақ» кезеңдер өшпестей қасіретті із қалдырды. Елі үшін жаны ашыған қарапайым азаматтармен қатар А.Байтұрсынов, А. Бірімжанов, М.Дулатов, Б.Майлин және т.б сынды арыстарымыз бен зиялы қауым өкілдеріміз жазықсыз жапа шекті. Жалпы 4 мыңға жуық қостанайлық заңсыздықтың құрбаны болды.

Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам зардап шексе, сол жылдарда Қазақстанға жан-жақтан бес миллионға жуық адам жер аударылды. Қазақ халқының қайсарлығы пен төзімділігінің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Соған сәйкес облысымыздың білікті мамандары жүйелі зерттеумен айналысуда. Тарихтың ақтаңдақ беттері қалпына келтіріліп, тар жол, тайғақ кешудің құрбаны болып, ұрпағы ұмыта бастаған қуғын-сүргін құрбандарының аттары қайта жаңғыратынына сеніміміз мол.

Өткеннің сабақтары әлемдегі бейбітшілікті сақтауға міндеттейді. Біздің ел тарихын қайта жазуға құқығымыз жоқ. Алайда, қасіретті жылдардың ешқашан қайталанбауы үшін есте сақтауға міндеттіміз.

 

фото: ашық дереккөз

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *