Қостанайда жалған іссапардан пайда тапқысы келген шенеунік сотталды

Алаяқтық жасады деп айыпталған аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасарына қатысты үкім шықты деп хабарлайды tobyl-torgai.kz, Қостанай облыстық сотының ресми сайтына сілтеме жасап.

Сотталушы бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін ұрлаған. Ол лауазымды тұлға ретінде мемлекеттен іссапарларға бөлінген қаражатты жымқыруға әрекет жасаған. Сотта анықталғандай, айыпталушы осы жылдың қаңтар айында қарамағындағыларға екі инспекциялық бөлім қызметкерлерін іссапарға жіберу үшін қажетті құжаттарды дайындау туралы заңсыз бұйрық берген. Алайда ешқандай іссапар болмаған. Жол ақысы ретінде бөлінген қаржының тең жартысын шенеунік алғаны баса айтылды. Келтірілген шығын 210 мың теңгеден асады.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Сот оны мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқаруды өмір бойына айырумен үш жылға бас бостандығын шектеді. Сотталушы сот залында қамауға алынды. Сот үкім тағайындау кезінде сотталушының жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, созылмалы ауруға шалдыққан адамның іске қатысуын, жұмыс және тұрғылықты жері бойынша оң мінездемелерді ескергені атап өтілген.

Сонымен қатар, сот органының хабарламасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заң бұзушылықтың жол берілген фактілері бойынша соттың Қостанай облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысына жеке қаулы шығарғаны айтылған.

Үкім мен жеке қаулы заңды күшіне енген жоқ.

 

фото: ашық дереккөз

Мынаны да қараңыз

Қостанайда жеті жасар қыз бала үйінде өртеніп кетті

Қостанай қаласында алты пәтерлі кірпіш үйден өрт шығып, жеті жасар қыз бала көз жұмды. Ал ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *