Қостанайлық тұрғындар аулада заңсыз салынып жатқан құрылысқа наразы

Қостанайда көпқабатты үйдің тұрғындары аулада салынып жатқан құрылысқа наразы. Себебі күнделікті тарсыл-тұрсылдан ескі баспанамыздың қабырғасы жарылып, іргетасы сөгіліп жатыр дейді.  Айтуларынша, құрылыс заңсыз жүргізілуде.  Сот шешімімен мердігер компанияға айыппұл салынған көрінеді, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Бірақ,  бұған да қарамастан, жұмысты тоқтатпай отыр дейді.

Қаланың қақ ортасындағы бұл үйдің іргетасы осыдан 61 жыл бұрын қаланған. Содан бері көне баспана ешқандай күрделі жөндеу көрген жоқ дейді тұрғындар. Ал ауладағы көпқабатты үйдің құрылысы басталғалы ескі нысанның қабырғасы жарылып, сылақтары түсе бастаған. Мамыр айынан бері маңайдағы құрылыс жұмыстарының шуы мен қатты дірілі тұрғындардың тынышын кетірген көрінеді. Айтуларынша,  олар тұратын ескі үйдің қабырғасына жарық түсіп, іргетасы ыдырай  бастаған.

Бетон діңгектерді қаға бастағанда үйіміз  қатты дірілдеп кетеді. Шатыр құлап, іргетасы жарылып кете ме деп қорқамыз, — дейді қала тұрғыны Руслан Лашынов.

Тағы бір қостанайлық Татьяна Глушко ПИК түк істемей, қол қусырып отырғанын айтады.

Пәтер иелері копперативі түк істемей отыр. Құрылыстың бізге қатысы жоқ дейді. Әкімдікке жол сілтейді, — дейді ол.

Тұрғындардан шағым көп түскендіктен, қала билігі құрылыс алаңына тексеру жүргізген. Серіктестіктің тиісті рұқсат алмай, құрылысты заңсыз бастағаны анықталған.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында өрескел заңбұзушылықтар жіберілген. Жергілікті атқарушы орган үш рет әкімшілік  жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс білдірді. Қомақты айыппұл салынды. Сот шешімімен құрылыс тоқтатылды, — дейді Қостанай қаласы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Қасыбаева.

Бірақ құрылыс әлі жүріп жатыр дейді тұрғындар. Компания басшысы  құрылысты  құжатсыз  бастағанын мойындап  отыр. Тіпті үйіне зақым келген тұрғындарға қолұшын созып, күрделі жөндеуге жұмсалатын қаржының жартысын көтеруге дайын екенін айтты. Ескі үйді жаңғыртуға шамамен 60 миллион теңге қажет дейді.

Бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі- тұрғындарды  басқа жаққа көшіру.Бірақ олар бұған түбегейлі қарсы. Немесе күрделі жөндеу жүргізу. Әкімдікпен бірлесе отырып істеуге болады деп ойлаймын. Олар бізге, біз оларға жәрдемдесуіміз керек, — дейді ЖШС директоры Владимир Марар.

Құрылыс компаниясының басшылығы  рұқсат қағаздарды алған соң жұмысты жалғастыратынын жеткізді. Шаһар орталығында 18 қабатты үй салмақ. Аллайда тұрғындар компанияны лицензиядан айыруды талап етіп отыр.

Фото: ng.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...