Жастарға жылдық 2,5 пайызбен шағын несие беріле бастады

(Фото: ашық дереккөз)

Елімізде жастарға арналған жеңілдетілген несие беріле бастады. Тобыл-Торғай өңірінің жастары да бұл мүмкіндікті кеңінен пайдалана алады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың айтуынша, биыл жастарға 29 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген шарттары бар микрокердит беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ қаражат есебінен 5,8 мың жас адамға жеңілдігі бар кредит беру көзделген. Бұлардан бөлек грант беру құралдары да жасалған.

Жастарды несиелеу бағдарламасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырып жатыр.

Аграрлық несие корпорация жастарға шағын несие беру бағдарламасы шеңберінде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің нысаналы пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүзеге асыру, қарыз алушыдан төлем қабылдау, мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру әрекеттеріне жауапты.

Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.

Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Филиалдардың мекен жайы мен шағын несие туралы толық ақпаратты agrocredit.kz сайтынан біле аласыздар.

Айта кетейік, шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған комиссия қабылдайды, оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады, комиссия ол бизнес-жобаларды бағалап, неғұрлым болашағы барын таңдайды.

Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек.

(Фотолар: Бағдат Ахметбеков)

Еске сала кетсек, таяуда Қостанайда жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында жастардың бизнес жобаларын іріктеуге арналған комиссия отырысы өтті. Жиында он жоба қаралды.

Kostanaytany.kz сайтының мәліметінше, комиссияның алғашқы отырысына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев төрағалық етіп, бағдарлама туралы жалпы мәлімет берген.

Президентің тапсырмасына сәйкес,  жастарға жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бизнес жобалары мақұлдаудан өткен жастарға несие 2,5 пайызбен бес жылға дейін, егер ұсынылған жоба мал шаруашылығы бағытында болса, 7 жылға дейін беріледі. Биыл біздің облысқа кемінде 180 адамға 900 млн теңге бөлініп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан әрі Қостанай, Рудный қалалары және Қостанай, Жітіқара, Денисов аудандары атынан конкурсқа өтінім берген он үміткердің бизнес жобасы қаралды. Алғашқы оныдықтың ішінде аудан жастарының белсенділігі айқын көрінді. Бір ғана Қостанай ауданынан алты үміткер додаға түсіп отыр. Оларға комиссия алдында өз жобаларын онлайн режимде және көзбе-көз қорғауға мүмкіндік берілген.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында металл қабылдау пунктіне қарақшылық жасаған күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Қостанай облысында полиция қарақшылық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. 24 ақпанда күндіз күдікті Қостанай ...