Тынымсыз кәсіпкер

 

Тынымсыз Танашова немесе кәсібін дөңгелеткен Роза Қайыркенқызы туралы!
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Роза Қайыркенқызы, ол Арқалық қаласына белгілі кәсіпкер. Қазіргі күні өз кәсібін дөңгелетіп, бір емес, бірнеше сала бойынша жұмыс істеп отыр. Роза Қайыркенқызының өндіріс ошақтары қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірісін одан сайын дамытып, әртараптандыруды қолға алған.
Роза Қайыркенқызы Танашова Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Аралбай ауылында көпбалалы отбасыда дүниеге келген. Ауылдағы мектепті тәмамдады, кейін Торғай кентіндегі қазақ мектебінде оқыды.
Жалпы, Роза Қайыркенқызының кәсіпкерлігі туралы айтқан кезде оның іскерлігі ата-анасының ақ сүтімен берілді десек қате айтқандық болмас. Өйткені, Роза Қайыркенқызының қиын да қызықты кәсіпкерлік жолына келуіне ата-анасы себепші болды. Әкесі Қайыркен Танашов көп жылдар бойы «Қызыләскер» кеңшарында жүргізуші болды, кеңшардың кооперативінде қызмет атқарып, ауылдастарының қажеттіліктерін жеткізіп беріп, олардың алғысына бөленді. Анасы Бақытжамал Бисенғалиева Кеңес заманында сауда саласында жұмыс істеді. Бір қызығы Бақытжамал апай Қостанай облысының Жанкелдин ауданында алғашқылардың бірі болып жеке кәсіпкерлік ісін ашқан.
Міне, отбасылық дәстүр Роза Қайыркенқызын да сауда, кәсіпкерлік жолына алып келді.
Арман қуған кешегі қаршадай қыз білім іздеп, Арқалық қаласындағы Арқалық есеп-экономикалық техникумына түсіп, оны «есепші» мамандығы бойынша 1988 жылы тәмамдайды. Дегенмен, бұл бір ең қиын кезең еді, КСРО ыдырап, еліміз тәуелсіздігін алып, нарықтық экономикаға көшуге көпшілік дайын болмай, адамдар абдырап қалған уақыт болатын. Нарық заңдарына төселуге әрі алған білімін іс жүзінде пайдалануға тура келді.
Дегенмен, білімін жалғастыруды ойластырған Роза Қайыркенқызы 2007 жылы Қостанай қаласындағы М.Дулатов атындағы инженерлік-экономикалық университетін тәмамдады.
Роза Қайыркенқызы студент кезінен бастап, кәсіпкерлік қызметін жүргізе бастайды, 2006 жылы бөлшек сауда саласына кірісті.
Әр істің оңай болмайтыны түсінікті, дүкен сөресінде тұрып, бастапқыды тек тауар сатушы ғана емес, тауар тасушы да өзі болды. Бір күні Қостанайдан тауар тасыса, екінші күні бас қаладан зат әкелді. Оған мойыған да жоқ, алайда нақты өндіріс орнын ашуды ойластырған ол Арқалық қаласында «Наурыз» маркалы тұшпара цехын ашты. Өнім қала тұрғындары арасында зор сұранысқа ие және бастысы жергілікті, яғни өзіміздің ет пен ұн сияқты өнімдер пайдаланылады. Цехты кеңейтіп, қазіргі заманғы жаңа жабдықтар, қондырғылар сатып алынды.
Әрине, бұл ретте мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының маңызы зор. Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы да «Еңбек» бағдарламасы да өз нәтижелерін берді.
Өз кәсібін одан әрі дөңгелеткен Роза Қайыркенқызы «МИЛХ» ЖШС Қостанай сүт зауытының сүт өнімдерін, Шымкент қаласындағы «Сайрам Нан» ЖШС кондитерлік өнімдерін Қостанай облысының Амангелді, Жанкелдин, Науырзым аудандары және Арқалық қаласы бойынша жеткізумен айналысады. Тұтынушылары да дән риза. Бастысы уақтылы жеткізіліп, тұтынушыларға апарылады.
Одан өзге, кәсіпкерліктің жаңа бір қырып таңдап, бірегей жоба — «Доктор соль» спелеокамерасын ашты. Бұл жоба тек Қазақстанда бірнеше қалада ғана бар, оның ішінде, Арқалықта болуы Роза Қайыркенқызы үшін әрі мақтаныш және туған жері алдындағы перзенттік парызы. Аталған спелеокамераны арнайы тапсырыспен Корея Респуликасынан алдыртты.
Бұл ауқымды жобаны іске асыру үшін Роза Танашова «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант алды.
Қазіргі уақытта, сәтті жұмыс істеп тұр. «Доктор соль» спелеокамерасын ашудағы мақсат адамдардың өз денсаулықтарына мән беруі, аурудың алдын алу.
Роза Қайыркенқызы Танашова Арқалық қаласының қоғамдық өміріне де белсене қатысады. Шаһардың кәсіпкерлер қоғамдық бірлестігінің басшысы.
2020 жылы Қазақстанның Алтын кітабына енгізілді. Сондай-ақ, қала, облыс, республика басшылығын алған әртүрлі марапаттары мен алғыс хаттары бар.
Қысқаша айтқанда Роза Қайыркенқызының басты ұстанымы жұртыңа қызмет қылу және еліңе пайдаңды тигізу. Осы жолда тынбай еңбек ету беруге даяр!
Пы.Сы. Жақында кәсіпкердің жетістіктерімен танысқан қор белсенділері «Әділдік және өркендеу» ҚҚ басты құжаты Үндеуді таныстырды.
«Еңбек адамына лайықты құрмет көрсетуді, жұмыскердің қабілеті мен ортақ іске қосқан үлесіне сай еңбекақы төлеуді, жұмысқа қолайлы жағдай жасауды, жұмыс орынында қауіпсіздікке кепілдік беруді қолдаймыз. Еңбек адамы – ел өркендеуінің негізі және олардың құқығы қатаң қорғалуы қажет деген қағидаларыңыз ұнады. Халықтың көкейіндегі мәселелерді дөп басыпсыздар. Сондықтан Қордың бастамасын қолдаймын. Бізді сіздермен ортақ мүдде біріктіреді», – дейді Роза Танашова.
Материал авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов: Үкімет тарапынан Торғай өңіріне бюджет өсімі күрт жоғарылады

Таяуда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Торғай аймағына арнайы жұмыс сапарымен барды. Онда аймақ басшысы ...