Байқадам әулетінің тереңге тартқан тарихы қызғылықты-ақ. Ел аузындағы шежірені тұңғыш стенографист Данабике Байқадамова да тірілтеді. Қыпшақтың Алтыс атасынан тарайтын Кедел жауға аттанғанда інісі Бекбаулыға ауылын жаудан қорғауды тапсырады. Қалған бала-шаға, қарияларға ес болып, жау көзінен тыс жүрейік деп сай-салаларға қанша қонғанымен де бір күні сайланып келген жау бәрін қырып, қасаптан жалғыз қашып шыққан Бекбаулы орыс шекарасынан өтіп жан сақтайды.
Қаралдының қарашығы
Жат жерден келген жігіт әр мұжықтың сан салалы шаруасына көмектесіп жүріп, бірінің қызына үйленеді. Тұңғышының атын үй тілегімен Илья (Елке), екінші ұлын Шура (Шора) деп атай салады. Үйі жоқ, жері жоқ азаматтың ошарлы жаны жайлы жер іздеп қоныс аударуына тура келгенде жергілікті удмурт, мордва, чуваш, черемистер аяп: «Пришлые люди, шли, шли, пристали», деген сөздің мағынасын терең түсінбеген ол үшінші баласының атын Шли деп қояды. Сыртта орын тебу оңай ма, жылжи-жылжи башқұрттар арасына келіп, тілі ұқсас адамдардың қасына қосылғанына шүкіршілік етіп, сонда туған төртінші ұлын Құдайберді, бесінші ұлы туғанда жанға байыдық деп Жанбай қойған екен. Қаралды әулеті – осы Шлиден туған Жарылғаптың ұрпағы. «Осы бес жігіттің Шлиінен туған ұлдарының аты неге Қарағай, Қайың, Бостан, Бостанбай деп сұрағанда Қарағай башқұрттың бір руының аты, Қайың дейтіні қайың орманының ішінде туыпты, Бостан емес Босыған, Босығанбай башқұрт жерінде тұрақтай алмай жүргенде көршілердің босып келгендер дегенімен атай салған, ал Шуаш пен Шерміш бәйбішеден туған. Төркінінің атын сақтау үшін балалары нағашыларын біліп жүрсін деп әйелдері қойыпты. Ал біздің рудың Қаз аталуы әжелеріміздің құс, бау-бақша салған дағдысын тастамауы руды Қаз атандырған көрінеді, деп әжесі Шегетайдың айтатынын жазады Данаш апай.
Қаралдының әкесі Жарылғап болса, Қаралдымды аяқтандырамын, бірақ ұлыма тентек қыз керек, әйтпесе балам момын, ұрпағым қой аузынан шөп алмайтын ынжық болады деп атыраптан кімде қандай қыз өсіп келеді деп көз тігіп жүргенде, бірде қой бағып жүрген 13 жасар қыздың жанына аялдап жөн сұрайды.
– Балам, ауылыңда қонақасы беретін жан табыла ма? Бағып жүргенің кімнің малы, – дейді.
– Мал – тістінікі, қызмет – істінікі. Қонақасы беретін ешкім шықпаса, өзім-ақ атқарамын, – деп бір тоқтыны өңгере жөнеліпті.
Үйге келгенде би атшысына: «Бар, қызға бауыздатпай өзің сой», – дегенде қыз: «Әйелді ана деп қадірлейсіз де, ол бауыздаған малдың етін жемейсіз, осында қандай қисын бар?», – дейді. «Болды, балама бұдан өзге жар керек емес», деп ой түйген би айттырылған жерінің батасын бұзып, қалыңын көтере төлеп, баласына сол қызды алып беріпті. Барлық ісі шегедей мықты, мықтай орнықты деп Сұлушаш атын өзгертіп Шегетай деп Қаралдыға алып береді. Шегетай әрі әнші, әрі ақын, оған ақылы мен өрлігі қосылған ерекше жан болыпты. Ал Байқадам әулетінің өнерге жақындығы осы Шегетай әжемізден келген, дейді торғайлықтар.
Қаралды мен Шегетайдан туған Байқадам өте зерек бала болып өсіп, 1891 жылы Торғай орыс-қазақ екіжылдық училищесін бітіргеннен кейін уездік басқармада есепші және көшіреші болып істеп, артына игілікті мол істер қалдырған заманының озық туған айтулы жанының бірі болады. Торғайдағы Байқадамның үйі сол кездегі сәулетті ғимараттардың бірі ғана емес, зиялылардың басын қосатын, үйінің аумағын дала театрына айналдырған, кешкілік Байқадам ауласынан шыққан баян мен домбыра, мандолина үні халықты мұнда келіңдер деп шақырып тұратын қасиетті орынның біріне айналады. Торғайға жер аударылып келгені бар, арнайы жұмыс атқаратын орыс оқығандарымен қатар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әліби Жангелдинмен сыйлас болған Қаралдының қарашығы − Байқадамның еліне бергені көп жан.
Бақытжан туған үй
Осы аулада орыс тіліндегі пьесалар қазақша аударылып, спектакль қойылғаны туралы «Айқап» журналының 1914 жылғы санының бірінде жарияланған. Бұл үйірмені Байқадамның үйінде тұратын Серке Қожамқұловтың жездесі мұғалім Мұқаш басқарып, сол жылдары оқу іздеген бала Серке жездесін сағалап Байқадамның үйінде тұрақтайды. Кейіннен сол кезде қойылған ойындарын еске алғанда Байқадамның жары, Бақытжанның анасы Үрзипа: «Сахна сыртынан кетпеуші едің, ақыры сахна төрінде қалдың-ау», дейді екен. Серке аға болса: «Сіздердің ойындарыңыз аяқтала бергенде, үйге жүгіріп келіп, самаурын қойып, күтіп отыратынмын, мына боқмұрын қызыңды арқалайтынмын», − деп маған күле қараушы еді, дейді Данабике апай.
Үкіметтің жұмысын атқара жүре маңайының қамын ойлаған Байқадам елді-жерді емуге үйретуге де күш салады. Тіпті, сол оймен жақын бір інісі Боланға елге бақша салуды көрсетсін деп жер аударылып келген орыстың Марфа атты қызына үйлендіреді. Торғай уезіндегі 1920 жылы өткен Кеңестің I съезінде Қаралдин коммуналды және артельдік шаруашылықтар құруды ұсынады. Оны өзі бастап құрып, 1921-22 жылдары аштық орын алғанда Байқадам құрған Кенжетай артелінен бір адам шетінемепті. Көзі ашық, көкірегі ояу Қаралдиннің елі үшін атқарған қызметінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Тек оның «Республикадағы суландыру жүйесінің алғашқы ізашары» делінуінің өзі біраз жайды аңғартса керек.
«Байқадамның бес бақсысы»
Байқадам әулетін өнерден кенде қылмаған. Байқадам «халық жауы» атанып, ұсталып кетсе де кезінде Санкт-Петербургтегі Бестужев курсын тәмамдаған, орыс, француз тілдерін меңгерген оның жары Үрзипа Төлебайқызы 7 бала шетінеп кеткеннен кейін зарығып барып тұрған үлкен қызы Данабикемен бірге балалары Бақытжан, Райымбек, Арыстанбек, Айсұлу, Күнсұлу, Мұраттың өнерге деген құштарлығын қолынан келгенше демеп отырады. Жабығып, жетімдік пен жесірліктің тауқыметін тартып жүргенде де сол қалыбынан жазбай, үйге келген мейманға, маңайдағы көршілерге концерт қойып беруін мақұлдайды. Содан әзілі жарасып, өнерді құптаған көрермен оларды «Байқадамның бес бақсысы» атап кетеді. Сондағы бес бақсы − Бақытжан, Арыстанбек, Айсұлу, Күнсұлу, Мұрат болатын. Бұлардың ішінде өнерге басыбүтін ден қойғаны –композитор Бақытжан Байқадамов пен Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі Айсұлу Байқадамова. 1917 жылы Торғайда дүниеге келген Бақытжан Байқадамовтың кәсіби музыкадан өз орнын тауып, композиторлығынан өзге хор капелласының негізін қалауы талай мақалалар мен зерттеулер көтерер жүк екені айқын. Алғашында түрлі үрмелі аспаптарда әуесқой оркестерде ойнаған Бақытжанның музыка училищесіне түсіп оқуына, үрмелі аспаптан өкпеңді құртасың деген әпкесінің сөзі айнытып, математик мамандығын таңдайды. Сол ҚазПИ-де оқып жүргенінде-ақ көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбековтің көмегімен драма үйірмесін ашады. Ал институтты бітірген соң Алматы қаласындағы мектептерде математикадан сабақ бере жүре 1936-41 жылдары Байқадамов құрған мектеп көркемөнерпаздары республика көлеміне кеңінен танылады. Осындай халық шығармашылығының бір байқауында ол Евгений Брусиловскиймен танысады. Композитордың өзі бір естелігінде «Жақында ғана Қазақ педагогикалық институтының математика факультетін бітірген кезім, өз өмірімді музыкамен байланыстырмақ ойым мүлде жоқ болатын. Әндерімді тек өзім үшін шығаратынмын», деп жазады. Сол жолы Брусиловский Бородинді мысалға келтіріп, ол химик боламын деген, бірақ тарихта химик емес, композитор болып қалды, деп Бақытжанды айына міндетті түрде үйіне келтіретін етіп, пәтерінде ұйымдастырған музыкалық үйірмеге тартады. Ал оның мүшелері Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Құддыс Қожамияров, Борис Ерзаковичке Брусиловский полифония, композиция, оркестрге түсіру техникасын үйрететін. Соғыс басталғанда Алматыға эвакуацияланған Киев консерваториясының профессоры Михаил Скорульскийден гармония мен полифониядан сабақ алуға кеңес берген де Брусиловский болатын. Скорульский Бақытжаннан үнемі халық әндерін айтуын сұрап, гармония заңдылықтарын қазақ әуенінмен қабыстырып, шәкіртінен халықтық саздағы ладтық ерекшелікті қадағалауды өтінеді екен. Осылайша Скорульскийден 2 жыл дәріс алған Байқадамов консерваторияға оқуға түседі. Бұл оның нағыз шығармашылықты өмірлік серігі етіп таңдағаны болатын.
Жауған қардай тазалық
Көзкөргендер Байқадамовтың мейлінше ақкөңіл болғанын айтады. Өз әпкелерім − Ақсымбат пен Алма студент кезімізде Бақам Қайнекей Жармағамбетов әкемізбен дос болғандықтан жиі көретінбіз. Бірде сол үйге барғанымызда Валя жеңгеміз курортқа емделуге кеткен екен, аяқ астынан телефон шыр ете қалды. Тілдесіп тұрған Амангелді Имановтың баласы Шәріп ата болып шықты. Алдында ғана: – Жеңгелерің осыдан 5 күн бұрын менің қарным ашып қалмасын деп бір қазан борщ пісіріп кеткен, қазір соны ішіп аламыз», – деген ештеңе бүкпейтін аға. Аяқ астынан үлкен кісі келеді дегенге састы да қалды. Қанша дегенмен еттің жайын білетін ауыл қызымыз, етті асып, қамырын жайып, тұздығын құйып буын бұрқыратып алып келгенімізде қалай балаша қуанды, Бақамыз шын күлетін, шын ренжитін, шын қуанатын. Ол кісінің бойынан жалғандық таппайтынсың, жасырыны жоқ, ойындағысы тілінде, тіліне салғаны жүрегінен шығатын ғажап жан болатын, дейді. Қашанда кең көңілді дархан жанның саясы көпке жетеді. Сонау соғыстың қиын тұстарында анасы мен 2 інісі және 2 қарындасымен бірге тұратын аядай 2 бөлмелі пәтерге Скорульскийді жұбайымен, қызымен бірге алып келіп, 3 жылдай сая болу екінің бірінің қолынан келе бере ме? Ал Қытайдың атақты композиторы Си Синхайды қайда барарын білмей театрда қонып жүргенін көріп, Данаш апайдың үйіне апарып орналастыруы ше? Осылайша өзге ұлт өкілдеріне пана болуы олардың көңілінде қазақ халқына деген құрметті тудырыпты. Құрқылтайдың ұясындай шағын 2 бөлмеде 9 жан бірге тұрып, бір қазанда піскен асты бөліп жеп, тар бөлмелерді баладай пәк көңілді Байқадамовтардың дархан пейілдері кеңейтіпті.
Валентина – Валя жеңгей
«Халық жауының» баласы деген үрейлі атты арқалап шығармашылықпен айналысу, қиындықтарға жасымай, туралығын айта жүріп өмір сүру оңай жүк емес. 1941 жылы соғыс басталғанда өзі сұранған Бақытжанды «халық жауының» баласысың деп әскерге қабылдамай, ал інісі Райымжанды «жаулардың» баласынан іріктелген «Айыптылар батальонына» алады.
Байқадам алашордашы ретінде үштік үкімімен атылғанда сасқан Үрзипа оның екі ұлы – Райымбек пен Арыстанбекті өз әкесінің атына Төлебаев етіп жаздырады. Әлі күнге олардан тараған ұрпақ бабасының атын алмай, нағашысына жазылып жүрсе, Қызылордаға оқуға кетерде ел ақсақалдарының кеңесімен Бақытжан шешесінің атымен Үрзипин болып аттанады, тек кейіннен Әліби Жангелдиннің көмегінің арқасында тегін қайтарып алады.
Соғыстың қан қасабы азаматтарды жусатып жатқанда Қазақстанда «халық жауларымен» күрес әлі де жалғасып, Қажым Жұмалиев, Ермұхан Бекмаханов, Жұмағали Саин істі болып, Үрзипа ана баламнан айырылып қаламын ба деген үлкен уайымда жүреді. Ал Бақаң болса өзі басқаратын ұжымдармен концерт қойып, күн-түн демей, ұйқы көрместен жұмысына беріледі. Бірде ұжыммен Мәскеуге барып, ондағы әрбір зауыт, фабрикаларға концерт беріп жүріп генерал Панфиловтың қызымен танысады. Таныстықтың достыққа ұласып, одан үй болу тарихы ұзақ. Бірақ Валентинаға: «Менің баламды жақсы көресің бе?» – деп кабинетіне барып сұрақ қойып, одан: «Кім сүймейді ондай жігітті, қыздардың бәрі сүйеді», – деген жауабын алған соң: «Егер Бақытжанды сүйетінің рас болса, онда бізбен бірге тұрасың. Біздің отбасының үлкен екенін көріп жүрсің, бізбен бірге тұрып, біз не жесек, соны жейсің. Барлық нәрсе ортақ болады, менікі, сенікі деген болмайды, еңбекақыны да ортадан жұмсаймыз», – деп шарт қойып қолына келін етіп түсіріп, кең көңілді, салмақты, көргенді Валентинаны сүйікті келіні етіп таңдаған Үрзипа шешеміздің өзі болатын.
Шынында, Валя жеңгей өте кең болады. Тіпті, енесі қайтыс болғаннан кейін үйлерінде жатып оқыған қайынағасы Бимағамбеттің баласы Қорғанбекке сол үйдің ақшасын ұстатып қояды. Күнімжан апайдың айтуынша, Валя жеңгей – «халық жауының отбасы» деген жаман аттан қорғап, Байқадамовтар әулетіне деген саяси көзқарасты өзгерткен, Бақытжанның жолында атқарып отырған үлкен қызметінен бас тартып, енесіне берген уәдесін ақ адалымен, бар пейілімен атқарған жан.
Мақаланы жазу барысында әулет тарихын біраз аударыстырдым, біраз жайға қанығып, әлдебір заңдылық сақталғанын да бағамдағандаймын. Қазақтың текке мән беруі тегін болмаса керек. Бақытжан Байқадамовтың генерал Панфиловтың қызына үйленуінен сонау Кедел баба салған іздің жалғасын тапқаны ма. Ал Жарылғап бидің таңдауы еш қате болмай Шегетайдай әнші, ақын анадан өнерлі ұрпақ тарап, ұлт мәдениетіне олжа салыпты. Қаралдының қарашығынан тараған текті әулеттің берері таусылмасын деген ниетпен мақаланы тәмамдағанды жөн көрдім.
Соңының соңы
Торғай өңірінің халқы Қаралды әулетін қадір тұтатын. Оны бала кезімізден естіп, көңілге түйіп өттік. Анам марқұм, Күләнда Бөкешова Торғайдағы Қаралдин Байқадам үйінің жанынан тебіренбей өтпейтін. Бұл үйдің ауласында ән-күй асқақтап, домбыра, гормоньнның дауысына бүкіл Торғай жиылатын, шіркін, бұл үй қасиетті орын ғой дейтін сол үйдің орнын сипап қалдық.
Байқадамның басқа да үлгісі, елге жанашырлығы көп болыпты. Ел-жұртқа жер емуді үйретіп, аштық кезінде жасаған қамқорлығы өзінше аңыз. Қудалауды көп көрсе де халқына жасағанын бұлдамаған қайран Байқадам баба, кешір, біздердей санасыз ұрпақтарыңды. Сақтай алмадық, қолыңмен тұрғызған үйді.
Суретте: Торғайдағы сырылып тасталған ғимараттың бір бұрышы және Торғайға келген Бақытжан Байқадамов қыздары жергілікті тұрғындармен бірге
Материал авторы — Анар Төлеуханқызы