Ибраһим АҒЫТАЙҰЛЫ. Ахаң және ел-жұрты

Бұған дейін де Ахаң, Ахаңның арғы тегі Үмбетей руының шежіресін хатқа түсіріп, шағын-шағын мақалалар, естеліктер жинастырғаным елге мәлім. Аға ұрпақ өкілі ретінде өз әлімше әлі күнге талаптанып келемін, өйткені, ол менің парызым, өмірімнің мәні есепті. Бұл жазғаным ұрпаққа Ата қоныс, ел-жұрт иелері жайлы мәліметтерді мағлұм етпек. Мұндағы деректер дәйектілігімен, танымдық құндылығымен ерекшеленеді деген ойдамын.

«Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген Ахаң жайлы әлі талай ұрпақ жазар, зерттер, зерделер. Өз сөзім – өзімдікі, менікі, ұлы тұлғаның өскен ортасы хақында қал-қадерімше дерек қалдыру, хатқа түсіру. Еңбек – ел мен жердің, қол бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер мен атамекеннің тарихына, баба шежіресіне ықылас қойған жандарға, жас ұрпаққа арналады.

Автордан

Алаш баласының ортақ шаңырағы — Қазақ тарихы шағын-шағын елді мекендердің, өңірлердің, оны өсіріп, өркендетіп негіздеген, қоныс етіп Атажұртқа айналдырған адамдардан құралатыны белгілі. Әрбір перзент өткеніне үңіліп, туған жердің бір уыс топырағынан, бір түп шөбінен, қыры менен белесінен, ойпаты мен жазығынан, көлшігі мен көлінен, бидайығы мен ну қамысынан сыр табуға құлшынып, әр деректі жандандыра білсе – ол өлкетануға қосылған, өткен тарихқа қосылған зор үлес болар еді. Үлкенді-кішілі әр азамат туған жердің тыныс-тіршілігін елеп-екшеп, әлеуметтің, рухани қажеттілігіне жарата біліп, өмір шындығына негізделген жазбалар ұсына білсе құба-құп!

Келер ұрпақ! Бұл еңбек – қазақтың басынан өткен түрлі тарихи-әлеуметтік оқиғаларды басынан өткерген Торғай өңірінің бір құйқалы пұшпағы, шежіресі – бай, рухы – асқақ айдынды Ақкөл жайлы болмақ.

2009  жылы 22 наурызда Үмбетей ұрпақтары Астана қаласында бас қосты. Сонда айтыстың ақтангері, белгілі ақын Айбек Қалиев әні мен сөзін өзі жазған «Бабаға тағзым» атты туындысын арнады. Бұл ән Үмбетей ұрпақтарының Гимні десе болғандай. Сонда айтылған:

Мекендеген қарт Торғайдың даласын,

Аққу қонған айдынды Ақкөл жағасын.

Алты Алашы ардақтаған елміз біз,

Ұлт көсемі Ахметтей данасын, – деген сөз баршамыздың

жүрегімізде жатталып қалған еді. Бұл туындының өмірге келуіне бастамашы болған Болғанбай Қойшыұлы, Өмірзақ Батырбекұлы екенін айта кеткен жөн.

Ал тұңғыш орындаушылары – Талғат, Ерехан Фазыл ұлдары, Айтуар Жаңабайұлы, т.б болды.

Астанадағы кездесу – ғасыр басында, 2000 жылдың 12 шілдесінде Ақкөлдегі Үмбетей ұрпақтарының қауышуы, 2007 жыл шілдесіңде өткен  ұрпақ үшін жасалған ардақты істердің жалғасындай еді. Алдағы уақытта да жалғасын таба бергей!…

Шүкіршілік, балалардың тірлігіне,

     Алла жар боп, ес болған бір-біріне.

     Құлы болмай дүниенің қиқым жиған,

     Ырзамын жасап жүрген тірлігіне, — деген,

     Аталық тілегіме сай тірлік еді, — бұл.

Алла пендесін дүниеге жаратқанда, әрқайсысына тән бұйырған аманатын, арқалар жүгін де белгілеп қоймақ. Біреуге билік, біреуіне мансап, дәулет, біреулерге ел жүгі артылады. Енді біреулер қым-қуыт тірлікпен титықтап, кейде жеңіске жетіп, кейде жеңіліске ұшырап, итжығыспен өтіп жатады өмірден. Жастық шағымды билік маңында бастасам да, менің маңдайыма үлкен биліктің бишігі бұйырмапты. Есесіне талайыма туған ел, өскен ортаның тарихын тәпсірлеу жазылыпты. Бұлда аз аманат емес.

Тағдырдың талай теперішін көрсе де, рухын аласартпаған Ел-жұрт құраған алдыңғы  буынның жанкешті еңбегін кейінгі ұрпаққа шама жеткенше, шашпай-төкпей табыстауды өзіме міндет етіп қойғаным сондықтан.

Тарих – таным тамыршысы

немесе туған жер тарихына шегініс

 «Тарихы толық жазылмаған халық бақытты. Себебі, ол тарихты білуге ұмтылатын ұрпақтың сана-сезімін оятып, патриоттыққа тәрбиелейді», – деген екен он үшінші ғасырда (1207-1273 ж.ж) өмір сүрген парсы ақыны Жалалиддин Руми.

Туған жер, оны мекендеген Ел тарихына (Ахаң елі тарихына) үңілу үшін алдымен ата-бабам мекен еткен Ақкөлдің тарихына зер салдым. Шамам жеткенше өзім өмір сүрген ХIХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап, туған жерімнің әлеуметтік, тұрмыстық хал-жайынан мағлұмат бергім келеді.

Сонымен…

Алдымен ел-жұртымның темірқазық-астанасы айдынды Ақкөлім туралы аз кем оқығандарым мен түйгенімді еске салайын.

Адам – Құдайдың шығармасы. Өз қадірін білмеу адамды жоғалтады. Мен жұрттан асқан жазушы да, асқан талантты да емеспін. Әйтсе де, көрген-білгенімді кейінгіге қалдырғым келді.

Ақкөл – рулы ел мекені ғана емес, қазақтың Сырдан Қырға өрлеу шағындағы, яғни, ХVІІІ ғасырдың басы, 1720 жылдардағы Ақтабан шұбырынды кезінен басталатын көшінің кең тыныстаған, саф ауасын жұтып, мамыражай демалып, мөлдір суынан шөлін қандырған, малын суарған шалқар айдын , аумақты көл. Сырбайша айтқанда:- «Аралдан соңғы теңіз- Аққөл ». Оның бұл көрінісі мен көркі ХХ ғасырдың 80-ші жылдарына дейін сақталып, екі жарым ғасырға жетті. «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар», — кешегі заман көзден ғайып болғанмен көл орнында. Баяғысынша шалқып, толқып жатыр. Әсіресе, 2024-ші жыл ерекше көлем –көрік сыйлады Ақкөлге. Өткенге өкпе кеткендей болды, тек Алла ұзағынан сүйіндірсін!

Ақкөл туралы ғана емес, оны нәрлендіріп, жылма-жыл несібесін молайтатын, Ұлытаудың сонау күнгей бетінен басталып, ұзындығы 350 шақырымға созылған Жыланшық туралы да Марко Полодан кейінгі тарихты ешкім жаңартқан емес. Ол жазбада «Моғолстанды шапқыншылыққа ұшыратқан Әмір Темір 1391 жылы 200 мың әскерімен Отырар – Яссы –Қарашық – Сауран — Сарысу жағалары арқылы Ұлытауға жетіп, Жыланшық, Тобыл, Сақмар, Орал өзендерінен өтті» — делінген. Қазақ Совет Энциклопедиясы.(314-316 б.б.)

«Жыланшыққа да, Жыланшық құятын Ақкөлге де сыртқы жаулардан қорғайтын батыр, басшысы мен рулы ел керек!»— деген бұрынғы елиесі Аталарымыздың арманды, аңсаулы сөздерін хатқа түсіріп, бізге жеткізген тарихшы-ғалым Б.Көмековтың сөзі алдын-ала жазылған ел  тарихы сияқты.

1450 жылдан бастап өзбек ханы Әбілқайырдың қарамағындағы билерінің бірі болған Асан қайғы Сәбитұлына (1361-1470 ж.ж) қатысты бір жазбада «Әбілқайыр хан бір жазда Маңғыт деген әйелінен туған тұңғыш ұлы қайтыс болып, ұланасыр ас берді. Ас Ұлытау мен Ақкөл арасындағы көкорай шалғынды кең далада өтті»- делінеді. Осы асты басқарған Асан қайғы жалынды сөзін:

Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады,

Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады, – деп бастаса керек

(Нысанбек Төребекұлы. «Даланың дара ділмарлары» 63 б).

***

Өлеңдегі Ақкөл түбіндегі тастарды  бізде теріп өскен балалармыз қазақтың көрнекті жазушысы М. Мағауиннің «Аласапыран» романында Арқада болған 1538 жылғы Ораз-Мұхамед сұлтанның аңшылық саяты суреттелетіні белгілі.

Сондағы көріністер де біздің жеріміздің, Ақкөл алабы мен Жыланшық бойының мәнзәлімен сипатталған еді.

Орыс зерттеушісі Семен Ремезовтің «Книга большого чертежа» (Үлкен сызба дәптері) деген 1627 жылғы еңбегінде «…а кроме озера Акбашлык и реки Саук (Торғай өзенінің түп атауы) и озеро Аккуль и по обе стороны реки Зеленчик (Жыланшық) и реки Кендирлик и реки Сарысу и песков Каракум на тех местах на 600 верст кочевье казахских Орды»… деп дерек келтіріледі.

Торғайды 1623-30-шы жылдары Қалмақтың — Қайқы, Торғайшы деген тайпалары билеген. Торғай атауы содан шыққан деген де жазу бар.

«История детей Шайбан хана пятого сына Джучи хана» деген Әбілғазы еңбегінде Ырғыз, Сауық (Торғай), Ор, Елек өзендерінің бойларынан  Орал тауына дейінгі жерлерді жазда, қыста — Арақұм, (Аралқұм), Қарақұм, Сыр, Сарысу, Шу бойларын жайлады.

Осы және бұдан әрідегі де, берідегі де тарихи жазбалардың барлығында да кездесетін Сауық, Жем, Ырғыз, Зеленчик, Сарысу, Ақбашлық, Аралқұм, Қарақұм аралықтары сөз болса, олар ешқашанда Ақкөлді айналып өтпейді.

«ХV — ХVІІІ ғасырлардағы Қазақ поэзиясы» — деген кітапта: «қазақтың бірсыпыра рулары ол кезде «Ноғайлы» деген атпен өмір сүрді. Олардың Қазақ хандығы болып құрылған хандықтарға қосылуы ХVІ ғасырдың аяғына дейін созылады. Бұны әкесі Өзбек өлгесін 1342 жылдан бастап Хан тағын иеленген Жәнібек (Әз Жәнібек) 1342-1357 жылдары исламға енген көшпенділерді үшке бөліп, Ұлы жүзге: Үйсінді — датқа қойып, Жалайыр атты кісіні оған найб-орынбасар етті; Орта жүзге — Арғынды бек етіп, Найманды оған көмекші етті; Кіші жүзге — Алшынды би қойып, Жаппасты оған көмекшілікке тағайындады. Олар Еділ, Жайық, Есіл, Нұра, Жем, Аралдың орталарында көшіп-қонып жүріп, жылына екі рет Хан алдында есеп беріп отырды. Бұған қарағанда жүзге бөліну шамамен 1300-1400 жылдары екені байқалады (Құрбанғали Халиди. «Тауарих Хамса» (Бес тарих) 65,66 б).

Осы жүздік үрдіс ыдырай бастағанда ынтымақты нығайту үшін 1644 жылғы Қазақ жиынында: Мына сөз түйінделген-ді: Оны заңғар жазушы Әбіш Кекілбай «Үркер» романында Төле бидің аузымен былай баяндайды:

«Ағайын ертең де керек болар. Қазақ болып қалам десе, ең алдымен аталастың емес, ағайынның қабағына қарасын. Исі алаштың жақсысы соны ескеріп ақылын қосып, мынадай кесік айтады: бүгіннен бастап екі жүйе Алшын— үш жүйе, Қадырқожа мен Қыдырқожадан тараған алты ата Әлім, төрт ата Шөмен, он екі ата Бай ұлына— Тама, Табын, Кердері, Керейіт, Рамадан, Тілеу, Жағалбайлы — жеті ру ноқта аға боп қосылады. Алты Арғын, үш Найман, бес таңбалы Қыпшақ, сегіз Қоңырат төрт қазық Орта жүз, бүгіннен бастап сен— жетеусің! Уақ, Керей, Тарақты бүгіннен бастап сенің ноқта ағаң! Ноқта інің емес, ноқта ағаң! Босағаң емес, төрің солардікі! Сирағың емес, басың солардікі! Қазақтың бұрынғы руларының момыны жәбір көрсе, жәбірлеуші бір дүре жесе, жеті ру, Уақ, Керей, Тарақтының момынын жәбірлеген— екі дүре жейді. Өзіндейді кемсіткені үшін- бір дүре, ел бірлігіне қол көтергені үшін- екі дүре. Ел болам десең, соған көнесің! Ағайынның ақылы барының айтқаны сол! Пайғамбарымның киелі кітабының меңзегені сол! Осыған ата ғұрпымен Құран ұстап ант береміз!

Жер қайысқан ұлы жиын бұл кесікті жамырай қостады. «Үркер», 91 б).

Он сегізінші ғасыр басы 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы алдағы арпалыста өтер (1710-1748) отыз сегіз жылдағы Қазақ  қауымының алғашқы қорғанысты сәті еді. Осы жиындағы қол бастаған батырлардың ең жасы кішісі Жәнібек-ті. Шақшақ ата даңқына сай құрған Жәнібек бес жүздігін: Алдияр Қарабалуан — аттары бірыңғай сүлік қарадан, аю Елібай — аттары бірыңғай жирен, қарабас Барақ — аттары біртекті ақбоз, қараман Бөгенбай — аттары күреңнен, бақай Байғозы — аттарын бірыңғай торыдан мініп жасақ бастап келді. Әрқайсының киген киімдері де, астындағы аттары да бір түстен таңдалған, Құрылтай салтанатына сай бірыңғай үлгіде. Құрылтайда той салтанаттары: ат жарыс, көкпар, күрес болған жоқ. Тек Әбілқайырды Кіші Жүз өкілдерінің хан көтеру рәсімі өткізілді, дұрысы жасалды.

Құрылтай шешімімен :Үйсін Төле би бастаған Ұлы Жүз әзірше Жоңғармен келіссөз жүргізген болып алдарқата тұру әдісіне көшу керек. Қаз дауысты Қазыбек би тұрақты түрде хан Ордасында болады. Жиенбай, Ақтамберді, Бұхар жыраулар сынды ақын-жыраулар, батырларды, азаттықты жыр етсін. Қанжығалы Бөгенбай қазақ қолының қолбасшысы болып тағайындалды. Жас Жәнібек мыңбасылыққа тағайындалып, Құрылтайдан аттанар алдында Әбілқайырға соғып, тілек білдіріп шықты.

— Жәнібек! Мекендеріміз іргелес, жауларымыз ортақ, түбі ыңғайлас, бірімізге біріміз қол беріп тұрмасақ болмас! – деп  қоштасты Әбілхайыр да (С.Шүкіров. «Тархан Жәнібек батыр», 34 б).

Қайтарда

Құрылтайдан аттанар күнгі Бас қолбасшы «қанжығалы» Бөгенбай жиынынында мыңбасылыққа тағайындалған Жәнібек қолы Қарақұмды жиектей жүріп, Ақиректі кесіп өтіп, Ақкөлге жетіп атбелін босатысқан.Ұлытаудан бастау алып осы көлге құятын Жыланшық биыл жақсы тасып, бір беті жарлауыт, бір беті жайпақ — Ақкөлдің суы биыл толық екен. Ақкөлдің тұщы, терең суына қанып алған аттар жүгендері сыпырыла салысымен – ақ бітік шыққан раң, ебелекті қуа жайылып қунап ақ қалды. Құрылтай кезіндегі қысылыстағыдай бірі қоста, бірі шатырда, бірі күркедегідей емес еркін, алшаң басып таза ауамен еркін тыныстап жүрген жігіттер көңілді. Бәрініңде ойынан «қаздауысты» Қазыбектің, «қанжығалы» Бөгенбай батырдың сөздері мен Тәуке хан шешімінен кейін жігерлері жанып, айыздары қанып ерлікке үндеп тұрған сезім кетер емес. Тап бүгін үндесе де атқа қонуға әзір. Әйтсе де алғашқы көл жағасындағы демалысты бір ерекшелік күтіп тұр еді.

Осындай ынталы серпіліспен  басталған Жәнібектің алғашқы мыңбасылық кеңесі де келесі күні кеште алау жарығымен біздің Ақкөлдің жағасында өткен еді.

— Жігіттер! Біз енді еркін, ерікті жасақ емеспіз,. Хан Жарлығымен тағайындалған қазақ әскері Бас қолбасшысының қарауындағы мыңдықпыз. Қашан, қай жерде жиналып,қай жерге барып соғысамыз десе сол жерден табылуға тиіспіз!

Барлық жайды сол кештегі әңгімеден жете түсінген жігіттер елдеріне үш жұмаға жіберіліп, қайтарында қастарына бір-бір жігіттен ертіп келмек болып, уәделесіп аттанды. Өз қонысына келісімен Жәнібек қасында қалған жүз қаралы жігіттің  жиырмасын – ұстахана соғуға, ендігі жиырмасын – көрікке, отындық сексеуіл, жиде дайындауға, он жігіт — шабармандыққа, отызы елден жиналатын малды бағып-күтуге жіберіліп, жиырма жігітті Жәнібек өз қасында қалдырды

(Бұл да Сабыржан Шүкіровтің «Тархан Жәнібек» кітабынан). 

Қазақ даласының оңтүстігіне жұт әкелген 1723 жылдың көктемі Қазақ даласына әлейі апат әкелген еді. Қытай-жоңғар арасындағы бітімнен   бейхабар елге қайта соғыс қаупі төніп қана қоймай, көп кешікпей қанды қырғын да басталып кетті. Жоңғар тобы Ташкентті, Түркістанды, Сайрамды басып алып, Сыр бойын кемерлеп Арқағада бет бұрды. Ханы көбейіп, орталық билік әлсіреді, Төлеби қарамағындағы Жолбарыс хан жоңғарға қарсы жол таппаса, аға хан Болат елге жау шапқанда ауырып төсекте жатып, бой тасалады. Билерді хандар елемей, батырлар хандарды, әлде, билерді тыңдарларын білмей әрі-сәрі күйге түсуі жоңғар талауына жол берді.

Алайда қанша қапы болдық десек те қазақ батырлары жауға қарсы үлкен қолмен болмаса да, тұтқиыл шабуылдар жасап, жау қолының жойқын  күшке ұласуына жол бермей, қарқынын тежей берді. Қанжығалы Бөгенбай жасағы бас құрап, босқындарды орналастырып, олардың соңына түскендерге тосқауыл болды. Бұларға шағын тобымен Қабанбай батыр қосылып, жоңғардың шағын жеке топтарымен шайқасқан Малайсары батыр аты да  естіле бастады. Керей Қожаберген батыр-жырау барша Уақ, Керей босқындарын қорғай жүріп, бар қазаққа ұран салып, қол жинай бастады (С. Ш. «Жәнібек тархан. Майдан»).

«Тама» Есет, «табын» Бөкенбай батырлар шағын топтарымен келіп қосылған шақта Жәнібек қолының саны да Жаппас босқындарынан қосылған еріктілермен толыға түскен болатын. Кіші жүз «Жақайым» Байжан бидің он жеті жасар баласы Сартай бастап келген «Мың бала» қолы да осы 1725 жылы Торғай мен Ырғыз өзендерінің құйылысындағы Шона Лаузанның қолына мықты тосқауыл болып, үлкен шығынмен шегіндіріп, қашырған үлкен жеңістің куәсі болды. Осы кезде жастары 13-14-терге жетіп қалған Жәнібектің өз ұрпақтары: Дәуітбай, Үмбетейлердің осы топта болғандары сөзсіз тарих айқындар куәлік парақтардың бірі болса керек-ті. Сөйтіп, алғаш «Қалмақ қырылған» деген жер атауы осы жазықта аталды. Осы сүргін жылдардағы жеңісінен жеңілісі көп кезеңдерде мал-мүлкінен айырылып, шыбын жандарын сүйреткен оңтүстіктегі (Қаратау мен Сыр бойы) Кіші жүз руларының біразы Арқа өңіріне қарай қоныс аудара бастағандай еді. Бұл заманда әуелден басқа өңірлердей емес байлығы бар оңтүстік өңірдегі Ташкент, Түркістан, Сайрам өңірлерін басып алып, енді Арқаны кесіп өтіп, Еділдегі жұртын қосып алса. …Шыңғысханнан кейінгі Цеван Рабданның ұлы қиялы осылай шарықтар еді. Жоғарыдағы «Шұбар теңіз» шайқасы да осының басы еді…

(жалғасы бар)

Ибраһим АҒЫТАЙҰЛЫ,

журналист, этнограф

Сурет авторы: Константин Лунин

Мынаны да қараңыз

«Шафер үйі» музейі туралы

Павлодарда ғажап адам өмір сүреді, аты-жөні — Наум Григорьевич Шафер, өзі профессор, музыкатанушы, композитор, сосын ...