Алайда, Қазақтың Сарыарқасы әзір Еділ қалмақтарының бұларға қосылуына мүмкіндік бермек түгіл, 1723-26-жылдары Әбілхайыр хан мен Сәмеке хан қолдары Еділ қалмақтарын шауып, олардың көптеген мал мүлкін олжалап, босқындарға таратып беріп, елді әбден тыйландырды. 1729 жылы Еділ және Жаңа қалмақ күштерін бейтараптандыру шабуылдары қазақ хандары Әбілхайыр, Сәмеке тарапынан жүргізіліп жатты.
«Бұрынғыны білмеген жөндеп жылай да алмайды»,
(халық даналығы).
…Көшей Қарабас батыр әулетімен Арқаға қоныс аударғанда Есімхан жорықтарының аяқталып, Қатағанның хан Тұрсыны билігінің тоқтаған мерзімі еді. Осы сәтті пайдаланған Еділ беттеген Торғауыт қалмақтарының орныққысы келіп көз тіккені де Арғындардың Кіші жүзбен іргелес Торғай шеті — Тосын құмы маңайы еді. Есе қайтып, ел іргесі бекемделгендей болып, тынысты шақ туған ХVIII ғасыр басында ел шетіне қайтқанның бірі — Қарабас Көшейұлы көші де Қаракөл маңына келіп жайғасты. Өзімен бірге інісі Қалқаманның баласы Бәйсейітті де анасымен бірге көшіріп ала келген. Көп ұзамай мамыражай шақта Қарабас Қалқаманның көзі Бәйсейітті үйлендіріп, одан Үмбетей атты сәби дүниеге келген.
Жәнібек ел іргесі беки бастаған сайын өсіп келе жатқан Рулардың топ бастап ел игілігін ғана емес, ел іргесін берік ұстауда ерлік таныта бастаған өз балаларынан басқа: аю Елібай, бақай Байғозы, қараман Бөгенбай т.б. топқа қосып, Торғай Арғындарының шекаралық бекемделуіне де көңіл бөле бастады. Бұл — тек сыртқы жаулардан қорғаныс үшін ғана емес, өскелең ұрпақтың ұлтанды елге айналып, өркен жаюына да көңіл бөлуі еді.
Жәнібек есіне ХҮІ ғасырларда Торғай аймағын жайлаған Ноғайлылар әфсанасы түсті. Жәнібек қоныс бөлісінде Ақкөлде кездескен Ноғайлы шалының: -Мен Ноғайлы ұлтынанмын, жасым 106-да. Біздер Сарыарқаны мекендеп, жайлаған Ноғайлы хандығының 6-жұртынан (ұрпағы) екенбіз…» (Яғни, (1730-106 = 1624) Жәнібек кездескен 1730 жылдан ноғайлы шалының 106 жасын алып тастасақ 1624 жыл болып шығады). «Қаратаудан қазақ деген жауынгер көп халық келеді деп, ауасы жылы деп естіп, Кавказ, Бұлғыртау, Қырымға көшкен екен біздің ел», — деп аяқтапты әңгімесін Ноғайлы шалы.
Көмескі ерте замандағы көне дүние (ел, жер, дүние тарихы деген мағынада) туралы нақты мағлұмат ұстай алмаған бізге, ХХ ғасыр ұрпақтарына о баста қай жер кімдікі болғаны беймәлім. Десек те IХ-ХI ғасырлардағы Ноғайлы хандары кезеңіндегі Ақкөлді Ноғайлылар жайлап, қыстағаны белгілі. Оған Ақкөл көлінің шығысындағы, кейінгілердің айтуынша, Жаман Ақкөл мен Доңыздың арасындағы Қашақбай қыстауы үстіртіндегі көп обаның ортасындағы ең үлкеніне қойылған жалғыз Көктас айғақ, дәлел (Ол тас 2012 жылы алынып, ауылдағы Ахаң мектебінің музейіне қойылды). Ең бастысы, сол тастың 2011 жылғы шыққан «Аңыз адам» журналының 5-санындағы Қорқыт баба көктасының көшірмесіндей екендігі. Талай халықтың мекені болған Ақкөл де: даласынан – данасы, ұлтынан — ұлысы, халқынан — қазынасы, елінен — ірісі, алқалы жұртынан — алыбы, тұғырынан — тұлғалысы кетпеген өлке. Бұлар туралы кейінірек тоқталатын боламыз.
Басқаларды білмеймін, халық болған соң олардың да сенім-сүйегі басқа болғандықтан басқаша шығар, ал біздің қазақ ұлтының сүйегі — отбасы, әулет, ру, жүздерден құралады. «Аттың жалы, түйенің қомында» көшіп-қонып жүрген қазақтың рулық тегін білу өмірлік қажеттілік. Отбасы, әулетті бір-бірінен ажырамастай етіп арқандап қойған түпқазық — Ру.
Әр адам заманының өнім, жемісі. Қарабастың Есберлісімен бірге өскен Бәйсейітұлы Үмбетейдің де замандастары сияқты ХVIII ғасырдың алғашқы ширегінде өсіп жетіліп, ат жалын тартып мінетін азамат ел арысы атанғаны Торғай қазақтарының ауызша тарихында да айтылып, бізге жеткен. Менің ұрпаққа ұсынар осынау шағын еңбегім — Ақкөл аймағына орналасып, ұланына Ұстын етіп қалдырған жер иесі – Үмбетей Қалқаманұлының (1843 жылдан бастап орыс жылнамасына енген Ру иесінің ныспысы) ұрпақтарының өсіп-өнуі мен елді мекенді өркендетіп өмір сүрген кезеңдерін, әсіресе, 1930-2000 жылдар арасында өмір сүріп жатқан ұрпаққа Ел, Жер өмірімен таныстыру. Оларға Отанның отбасынан басталатынын, олардың әрқайсысының аталарының Үмбетей заманынан бергі өткенінің, бізге дейінгі, одан кейінгі кездегі заңды мұрагерлері екендіктерін сезіндіру.
Елінің, жерінің тарихымен айналысу, олардағы түйінді, түйткілді мәселелерді шешумен айналысу әрбір саналы азаматтың міндеті деп сезінген менің де осындай міндет тұрды алдымда.
Құлшыныс
Әңгіме кімнің қай атадан, кімнен туғандығында емес, әңгіме шындықта, дұрыстықта, текті жөндеп білуінде. Өзіңді, Руыңды тектеп біле алмасаң, тегіңнен айырылғаның. Ал текті білу әр отбасынан, әулеттен басталады. Отаншылдық, ұлттық намыс осы тектен басталады. Шежіре бойынша Ру құрау қазаққа бұрын да керек болған, қазір де керек. Рушылдық үшін емес, ұлтшылдық үшін, ұлтты сақтау үшін керек түптің-түбінде.
Анық қай жылы екені белгісіз, белгілісі Қалқаман қайтыс болғаннан кейін Үмбетей ер жетіп, ақар-шақар болған соң Қарабасқа:
«Аға! Мен көйлекшең ұлың едім де, Есберлі жалаңаш туған ұлың. Қамқорлық жасап, ер жеткізіп, өз қолымды өз аузыма жеткіздің. Мың да бір шүкір! Сізге де, Аллаға да алғыс, тілегім әзір!» — деген әңгіме айтады. Әрине, бұл жай ғана әңгіме емес, болашақ үлкен әулетті ұрпақ басының енші тілеген арманды уәжді әңгімесі еді.
Әуелден өзі де армандап жүрген мақсатты сөзді мақұлдаған Қарабас қауымның басын құрап, дайындық қамына кірістіреді. Өзі Үмбетей Бәйсейітұлы ұрпақтары тіршілігіне не нәрсе керек, тұрақ-тұрмысына қай жер қолайлы деген ойға оралады.
Ойына түрткі тамызық болған: Жәнібектің Қарақұм Кеңесінен келе жатып, Ақкөл жағасында «Мыңдық жасағын» құра отырып, Ақкөлге де сыртқы жаулардан қорғайтын батыр-бағландарымен рулы ел керек-ау деген әңгімесі оралады. Бұл айтылған әңгіме құлағында сіңісті болып қалған Үмбетей есінде де жаттаулы еді. Оның үстіне «Бұланты-Білеуті» шайқастарынан қайтқандағы Ақкөл көркі Үмбетей есінен де кетпей жүрген.
…Ел қорғау ісімен қоса ендігі тілеуі мен тіршілігіне кепіл бола алатын өз иелігіне атамекен боларлық жер тисе, Тәңірінің назары түссе, ырыс пен құт мекеніне айналар деген тілек үстінде-тін.
«Киелі мекені бар ел ғана ұйысып өмір сүре алады»,
(халық даналығы).
Жер иесі Үмбетей баба баяны
ХVІІІ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін өте ауыр, өте қиын кезең болды. Қазақтардың төрт жағы да анталап тұрған жау еді. Солтүстігінде – Башқұрттар, Батысында – орыстар айдап салған Жайық казактары. Оңтүстігінде Хиуа хандығы, Қоқан бектігі, Бұқар әмірлігі. Оның үстіне қазақ қоғамы ішінен ыдырап, жеке-жеке хандықтар құрыла бастады. Осыны пайдаланған әрі 1711 жылғы қаңтардағы жеңілісті ұмытпаған Қалмақтардың кегі әлі басылмаған еді. Осы шақта қазақтың Оңтүстігі Жоңғар ықпалында болды. Осыны пайдаланған қалмақтар 1723 жылы көктемде қазақты Ақтабан-шұбырындыға ұшыратты. Осындай қысылтаяң шақта батырлар институты жүйесі дүниеге келді.
Жүздік жүйеге құрылған қазақ шеруінің ішінен шыққан Үмбетей құралыптас болашақ батырлар саны тарихта алты жүз болған деседі. Бірақ бұлардың барлығы туралы дерек, жазбалар қалмаған. Олардың тарих екшеп шығарған Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Тама Есет, Шақшақ Жәнібек, Малайсары сынды т.б. атақты батырлардың тасасында қалып қоюы да заңды сияқты.
Жүздік принципімен жасақталған әр рудың өз батырлары болған. Мысалы, Орта жүздің алты тайпасының әрқайсысында оншақты ру болса, оларды өз батырлары басқарған. 1730 жылдардан бастау алған Үмбетейдің Жәнібек мыңдығына кіруі оның Қарабас, Жәнібектің баталарымен қазақ тағдыры шешілер жиындарға қатынасып, көзге түсуінің басы еді. Бұл Үмбетейдің Жәнібек тобына 1729-30 жылдары толық кіргенінің дәлелі.
1735 жылы Абылай хан Орта Жүзге Кіші хан болып сайланған жиынына Жәнібек баласы Дәуітбаймен бірге Үмбетей, Жанқожа, Теңізбай сияқты Арғын-Қыпшақтың көрнекті жасөспірімдерін де қатынастырды.
Араға жыл салып Қарабас үйлендірген Үмбетейдің алғашқы жұбайы өте дәрежелі, құрметті жан болған. Анамыздың есімі бізге Сарыбәйбіше деген лақап атымен жетіп отыр. Бұл ел мен жерді қорғаудағы іргелес отырған Есет атты батыры бар Тама елімен Қарабас атамыз қалаған құдалық еді. Кешеуілдеп болса да өмірге келген тұңғышы Жиенбай, одан кейінгі Аралбай, Көлбай, Бөкенбай, Сәңкібай – бүгінде ұрпақ жайған өркенді аталықтар.
1739 жылы қыста Есет, Жәнібек батырлар қосыны Еділ қалмақтарына шабуыл жасап, Ор, Елек бойларын, Ойылды қалмақтардан босатады. Осы жолы шайқаста Үмбетей екінші анамызды иеленсе керек. Бұл анамыздан Баянды ұрпақтары өрбіп, саны да, сапасы жағынан да көп тарайды.
1736-38 жылдардағы Ресейге қарсы шыққан башқұрт халқы көтерілісіне Әбілқайыр да, Жәнібек те әскер беріп көмектеседі. Осы жеңілісте көп жылдар бойғы шайқастан әлсіреген башқұрттар қазақ даласына қашып, Ырғыз, Торғайға дейін келеді. Осының нәтижесінде қазақтың башқұрттан, башқұрт ішінде қалмақтан қатын алуы, бала асырап алуы көп болған. Бұл Торғай бойы қазақтары үшін ғана емес бүкіл қазаққа тән қалыпты жағдай.
***
1628 жылы Есімхан Қалмақ одағын талқандағаннан кейін Торғауыттар бөлініп, Еділ, Жайық бойына жылжиды. Ал жұртында қалған: Хошауыт, Шорос, Дүрбіттерге Хойыт тайпасы қосылып, Жоңғар мемлекетін құрды. Шығыстағылар «Құба қалмақ», батыстағылар «Қара қалмақ» аталды. Қайсысынан болса да қазақтың қалмақпен қатын алысуы осы дәуірден басталды.
1747 жылы Әбілқайыр хан 30 мың қолмен Қарақалпаққа шабуыл жасайды. Арғын (Қараман) Бөкенбай батыр қолында Үмбетей де болады. Осы жолы олжаға түскен бір қарақалпақ қызын Бөкенбай Үмбетейге тарту етеді. Оны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 90 жасқа келген Бөкенбайдың тікелей ұрпағы Тәшман қария айтқан болатын (Бұл кісі сонымен қоса Үмбетей Бейіс хәзірет Мыңбайұлының күйеу баласы еді.) Бұл анамыздан кейін Қарақалпақ ағайындар өрбігені біздің шежіремізде таратылған.
Сонымен, Үмбетей руы қалыптасқан тұста Жәнібек балалары Дәуітбай, Жауғашар, Тоқтамыс; Әйдеркеден – Бабас балалары: Қалыбек, Мерген, Телеу, Атымтай, Қожагел, Торғай бойына қоныстана бастаған Торы Қыпшақтың Қитаба, Түйішкелері де руға айнала бастаған еді.
ХVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ қазақ болып жаратылғалы жойқын соғыстан көз аштырмаған Еділ қалмақтарының да қаһары қайта бастаған-тын. Оған себеп 1722 жылғы Қытайдың Жоңғармен бітім жасауы, Ресейдің отарлау саясатының қарқынының күшейе түсуі. Оған дәлел орыстардың бір құжаттарында: «Егер қалмақтар бізге әлдеқандай қарсылық жасаса, оларға қазақтарды айдап салу керек, бұған керісінше қазақтардың жанталасы білінсе оларға қарсы башқұрттар мен қалмақтарды аттандыру керек. Сөйтіп, бірін-бірі жаныштай тұрса біз бұларды орыс әскерін жұмсамай-ақ бағындыра аламыз. Осылайша, қалмақ, қазақ пен башқұртты өзара жауықтырып ұстау керек», – делінген.
Осы саясатпен Қалмақ елі ұлысының қайғы-қазасы күшейіп, ақыры 1761 жылы Қалмақ хандығы жойылып, Еділ бойына «қарашекпенділер» көптеп қоныстана бастады. Казак-орыстар тарапынан қалмақтың адамын байлап, айдап әкету, тонау мен зорлық көбейді, дінінен бездіріп, еріксіз шоқындыру орын алды. Осы жағдайдан соң қалмақтар жайлап алған жайлы қоныстарынан атамекендеріне көшуге бел байлайды. Бұған қоса Еділдің сол жағалауы мен Қазақтың Оңтүстік-батысын, Батысын ішінара арагідік орналасқан қалмақтың көп бөлігін құрайтын – Торғауыттар (Маңғыт, Шорас), Еділдің оң жағалау батыс жағындағы Ойраттар жері қалмақ қырғынынан соң бос қалыпты», – деген дақпыртқа да сеніп әрі қандастарына қосылуды да мақсат еткен еді. Ел ұстаған Ұбашы мен Серен тайшылар бастап: «Еділдегі қалмақтар түп көтеріліп Жоңғарға оралуы керек»,- деп үгіттейді.
Көш – қыс ортасында, қаңтар айының алғашқы онкүндігінде белгіленді. Бұл – 5 қаңтар 1770 жыл еді. Қатты аязда мұздың жарылуына байланысты 11 098 (он бір мың тоқсан сегіз) шаңырақ өте алмай қалады да, көп шығынмен 30909 шаңырақ (шамамен 170-180 мың адам), қырық мыңдай әскерімен еліне қарай бет алып, Еділдің оң жағы – Шығыс бетіне өтіп шығады. Бар кілтипан – Қазақ жерімен Жем бойына сәл аялдап, Ырғыздан кейін Сарыарқаны көктей өтіп, Жетісуды жарып өтіп, Жоңғарға шығуды ниет еткен қалмақ көшінің Қазақ жерімен өтуінен басталады. Осыны сәтті пайдаланған Нұралы хан Әбілқайырұлы, Шақшақ Жәнібекұлы Дәуітбай қолдары қалмақтарды аз тонамаса керек (М.Мағауин. «Қазақ тарихының әліппесі», 1730-1780 жылдар. «Шаңды жорық» 121-129 б). Осы жорықта Дәуітбай, Үмбетей, Уақ Бармақ, Қараман Бөкенбай -«Таубұзар» (Таз аталығынан), Қарабас – Есберлілер қалмақ қыздарын иеленіп, құлдыққа жігіттер де алған. Қалмақтардың опат болғаны опат болып, жолда қалғаны жолда қалып, қаншасының дүние-мүлкі тоналады. Кейбір тұтқындар құл, күң болып қазақ арасына сіңіріліп жіберіледі.
«Тарихты жасау дәуірі бар да, жазу дәуірі бар»,
Ғабит Мүсірепов.
Кемел ру басы – киелі қоныс
Қазақты әдетте рушыл халық дейді. Егер адамдарды Ру топтастырып келсе, егер Ру арқылы адамның тектілігі анықталса, егер Ру аты ұран болып, жауды жеңуге көмектессе, егер ру адамдарды бір-біріне жақындататын болса, бірін-бірі табатын болса, неге рушыл болмасқа?!
Генетикалық текті анықтау мен ата-текті тарихи тұрғыдан зерттеу мәселелерімен руды сақтап, оны одан әрі зерттеу мәселелерінде руды сақтап, оны нығайта түсу – адамшылықты қазақтың басты қасиеті.
Рулар: күнкөріс, шаруашылық, сауда-саттық, тағы да басқа ықпалдарымен сулы да нулы жерлерде, тоғыз жолдың торабында орналасуға тырысып бағады. Олардың бәрі бірдей емес, армандаған мақсаттарына жететіндері бірен-саран. Осы Руға жеткен «бірен-саранның» бірі – Үмбетей Бәйсейітұлы Қалқамантегі.
Шақшақтың алты Көшейінің бірі – Қалқаман руы аталып 1843 жылғы Орынбор басшылығына қарасты қазақ Рулары туралы жазбасында 150 түтін, ерлер саны 171 деп көрсетілген.Бұл- 1843 жылғы орыс үкіметі есебіне Рубасы болып жеткен Қалқаманның да қазақ ұлты құрамында елеулі тұлға болғанының өзінен-өзі анық дерегі. Деректе оған Баялы (Баянды) Қыпшақ дегенді бағындырады (шындығында кірістіреді). Аманқарағай, Сыпсың Қаракөл, Терісаяқ қоныстарына қыстаған оларға Балғожа Жаңбыршыұлы хорунжий –Биі болған. Осының өзі осындағы Қалқаманның Баялының — Әкесі, Үмбетейдің — атасы екенінің нақты, даусыз дәлелі. Қалқаман немересі — Баянды.
Шақшақ Арғын Руының сызбасы:
Жаз жайлауы: Торғай-Тобыл өңірі. Қыстауы: Сарықопа көлі, Тосын құмы, Қарсақбасы, Қаракөл, Аманқарағай, Сыпсың, Терісаяқ.
Ру атауы Түтін саны Ерлері
—Қошқар : 310 1472
— Аю 150 754
—Қалқаман 150 741
(Осыдан кейін жазылған екі ата Баялы, Қыпшақ деректелмеген шамасы, жаңылыс болар – С.Ш.).
Бұл шақта Үмбетей толық Ру болып шыққан.
—Қарабас 70 310
—Тінет 60 290
—Қожамбет деректелмеген (И.А.)
Бұл алтауы Көшей деп аталады.
—Бақай 310 1448
—Жүзей 155 773
—Ақназар 150 749
—Елназар 40 216 (Есназар болар С.Ш.)
—Томай 150 727
—Бәйімбет 75 331
—Әлімбет 250 1235
(Қыстауы: Аманқарағай, Сарықола, Тосын, Ебелек, Қазанбас).
Айдарке (Сомжүрек) Қыстауы: Торғай, Сұйырған (Сужарған, Алқау, Қарақау).
—Қадырымбет 416 2063
—Жылқыайдар 430 2162
—Ожан 310 1578
—Бөдене 100 496
—Тайтан 60 274
—Өтеміс 30 127
Қырықмылтық:
(Қыстауы: Сарықопа,Тосын, Обаған, Жосалы, Қазанбас, Ақынбек, Қарағай).
—Бесқара 110 561
—Жаманғұл 120 589
—Тоңмойын 100 546
—Жанай 20 87
—Сарыбай 30 166
—Олжағұл
—Қожеке 140 698
Қараман: (Жер-суы жоғарыдағыдай)
—Таубұзар 80 381
—Таз 60 315
—Сүйіндік 30 134
Төлек: (Жер-суы жоғарыдағыдай)
—Жарас 30 129
— 30 125 (аты жазылмаған: С.Ш.).
***
Әрі қарай (осында): Сарыжетім: Жауғашты, Алдияр (Таз), Мадияр, Шымболат, Өтей — Бұл төртеуі Апай деп аталады. Құлқай, Жолдыбайға: Сүгір, Жиембет жатады. Ақтажы, Байтажы, Тағышы кетеді.
(С. Шүкіров. «Ежелгі мекен ел-жұрты», 66-68 беттер).
(жалғасы бар. Басы мұнда)
Ибраһим АҒЫТАЙҰЛЫ,
журналист, этнограф
Фото: ZTB Qazaqstan