Астық ұрлағандарға аяушылық білдірмейді

Қостанай облысының диқандары күзгі жиын-терім жұмыстарына әзір. Бұл туралы облыс әкімдігінде ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен өткен жиында белгілі болды. Жиында алдағы егін орағына әзірлік барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы астықтың шығымы жаман емес деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Орташа есеппен алғанда гектарына 12-13 центнерден айналуы ықтимал көрінеді. Сондай-ақ өңір диқандары егіс алқаптары құрылымын әртараптандыруға, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға, ішкі және сыртқы нарықта талап етілетін сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін шығаруға аса мән беріп отыр. Мәселен, биыл шамамен 4 млн 60 мың гектар алқапқа дән сіңірілсе, соның 430 мың гектары түрлі майлы дақылдардың, 3,8 мың тонна картоп өнімінің еншісіне тиді.

«Ендігі жерде өнген дәннің бір түйірін шашау шығармай, жинап-теріп алу басты міндет саналады. Сондықтан жаз бойы облыс ауылшаруашылық тауар өндірушілері мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысты. Цифрландыру аясында машина-трактор алаңы жаңартылып, зиянкестермен күресте тың жүйелер қолданылды. Барлығы 76 мың тонна дизельдік отын сатып алынды. Оның литрі 172 теңгеден сатылады.

Енді тамыз айының жиырмасына қарай диқандар егінге жаппай орақ салады. Жалпы, биыл 5 млн тонна астық алуға ниеттіміз» деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Оның айтуынша, науқандық жұмыстарға қажетті дизельдік отын жеткілікті. Техника сақадай сай. Егін орағына барлығы жиырма мыңнан астам трактор мен мыңға жуық егістік кешендері жұмылдырылады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов дала жұмыстары кезінде астық, жанар-жағармай ұрлығына жол бермеуді қатаң тапсырды. Себебі, мұндай олқылықтар бұдан бұрынғы егіс уақытында тіркелген. Бірақ астық ұрлағандардың көбі жазасыз қалды. Енді бұған аудан басшылары мен құқық қорғау органдарының жетекшілері тікелей жауапты болмақ.

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Өзбекстанға саяхат. Лайфхактар

Бірінші, әуелі құжаттарыңыздан бастайық. Шетелге шығу үшін құжатыңыз (құжаттарыңыз) (паспортыңыз, паспорттарыңыз) бар болар. Халыққа қызмет ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *