Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өз аузынан естіді.

Сапар барысында облыс басшысы қаланың бірқатар өмірлік маңызы бар нысандарын аралап, қала активімен кездесу өткізді.

Атап айтқанда облыс басшысы Арқалықта жаңадан іске қосылған жел электр станциясы, қала орталығынан Арқалық педагогикалық институтына арналып құрылысы жобаланып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің белгіленген орны, бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрын спорт залға қайта жабдықтау, таяуда іске қосылған Арқалық жылу электр орталығының су тазарту жүйесі, жаңа ғимараттарға орналасқан «Жақсылық» медициналық сауықтыру орталығы және қалалық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» нысандарының жұмыстарымен танысты.

Қала активімен кездесуде облыс әкімі Құмар Ақсақалов ең алдымен қала әкімі Әмірхан Асановтың «Арқалық қаласының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2024 жылға арналған даму перспективалары» туралы баяндамасын тыңдады.

Соңғы жылдары Арқалық қаласы қарқындап даму үстінде. Оған қала әкімі Әмірхан Біркенұлы өз баяндамасында жіті тоқталды.

Қаланың су және жылу, кәріз құбырлары кезең-кезеңмен жаңғыртылуда. Бұрынғы тігін фабрикасы қонақ үй кешеніне лайықталып қайта құрылымдалуда. Нөсерлетіп суару кешені биыл жаз қолданысқа енгізіледі. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөнделуде. Ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту мәселелері де оң шешімін табуда.

  

Қала кенттерінде де көптен қордаланған жол, су проблемалары біртіндеп жолға қойылып келеді.

 

Биыл қалада қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал орнатылады. Қала көшелері жарықтандырумен толық қамтылуға таяу. Қалалық мәдениет сарайы мен Ашутасты ауылдық мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салу жоспарланып отыр.

Өз кезегінде облыс әкімі қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты тұжырымдарын ортаға салды.

 «Арқалық қаласының бюджеті былтыр 15 млрд теңге болса, биыл жыл соңына дейін 18 млрд теңге болады. Бұл қаражат өндіріс саласын дамытуға, жолдарды жөндеуге, тұрғын үй құрылыс кешенін абаттандыруға және әлеуметтік салаға жұмсалады. 2023 жылы Арқалық қаласында 1211 жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 35 пайызға ұлғайғандығын көрсетеді. Осы жұмыстарды инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен әрі қарай жалғастыру қажет. Былтыр қалада жел электр станциясы мен конвейрлік роликтер шығару текті екі ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Биыл Арқалықта тағы қуаты 50 квт жел электр станциясы салынып, пайдалануға берілмек. Әрине, оның бәрі облыс экономикасына жақсы әсер ететіні сөзсіз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі көпті толғандырған әуежай мәселесіне де жеке тоқталып өтті.

«Арқалық қаласының әуежайы ұзақ мерзімнен бері қолданыссыз тұрғаны баршаға белгілі. Бүгінгі таңда біз Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз. Осыған байланысты, облыстық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» басқармасы Арқалық қаласының әкімдігімен бірлесіп, әуежайды қалпына келтіру мәселесін жан-жақты пысықтап, зерделеу қажет деп санаймын. Бұл оңтүстік өңірдің дамуына үлкен серпін береді. Арқалықтың әуежайы жұмыс істеу керек», – деп тиісті орындарға тапсырма берді.

Құмар Іргебайұлы көпті толғандырып жүрген интернет сапасы мәселесінің де шешімін табатынын, алдағы үш жылда облыстың бүкіл елдімекендерін толығымен, яғни жүз пайыз жақсы байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік болатынын алға тартты. Оның айтуынша биылдың өзінде осы мақсатқа облыс бюджетінен 1 млрд 200 млн теңге қарастырылған.

Міне, осыған орай, елдің ғаламтор игілігін еркін көруі үшін биыл Арқалық қаласының 7 ауылына әрқайсының биіктігі 140 метр интернет антенналарының қойылатыны айтылды.

Көгілдір отын – оңтүстік өңірлердің күн тәртібіндегі мәселе. Облыс әкімі оның да мән-жайына тоқталды.

«Газ тапшылығы облыс орталығында да сезіледі. Бұл мәселелер былтыр Президент келгенде көтерілді. Президентке зор алғыс, бірден Үкіметке тапсырма берді. Биыл Үкімет басшысы келгенде де осы проблеманың шешілуін жеделдетуді тапсырды. Үкіметпен, тиісті министрлікпен жұмыс істеп, техникалық-экономикалық негіздемесін жасап жатырмыз. Нәтижесінде, таяу жылдары Торғайға халық көптен аңсаған газ келетін болады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Кездесуде қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер және қоғам белсенділері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Қойылған сұрақтардың қатарында қолға алынып, аяқсыз қалған жобалар бар. Мәселен, орталық «Наурыз» алаңына төсемтас төсеу жұмыстары биыл қайта қолға алынады.

Облыс әкімі бұл мәселенің көпке таныс екенін, өкінішке орай, кейбір мердігерлердің талапқа сай жұмыс істемейтінін, соның кесірінен жұмыстың тоқтап қалатынын айтты.

 «Мердігерерді анықтау биліктің құзырындағы шаруа емес. Ол тендр арқылы анықталатын іс. Біз бұл проблеманы да жоғары жаққа жиі көтеріп жатырмыз. Оң шешімді күтудеміз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі келешекте Арқалық қаласының жан-жақты дамитынын, қаланы дамытуға жыл сайын қомақты қаражат бөлініп жатқанын, сондықтан жоспарланған барлық жобаларды бақылауда ұстап, олардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету қажет екендігін тапсырды.

Мұрат Жүнісұлы,

суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.

Дереккөз: kostanaytany.kz

Мынаны да қараңыз

«Нурикамал» әнінің шығу тарихы туралы

Біздің қоғам қызық қоғам, бүк не шік дейді, орысша айтқанда «золотая середина» дегенді қабылдай алмайды. ...