Бірінші, әуелі құжаттарыңыздан бастайық. Шетелге шығу үшін құжатыңыз (құжаттарыңыз) (паспортыңыз, паспорттарыңыз) бар болар. Халыққа қызмет көрсету орталығында бірнеше күнде рәсімдеп береді. Төлем ақысы есімде жоқ, қымбат емес. Айтқандай, баламен шетелге шықсаңыз күйеуіңіздің (келіншегіңіздің) келісімі керек. Оны нотариус рәсімдеп береді. Сосын, жаман айтпай жақсы жоқ бұл құжаттардың екі көшірмесін алып алыңыз.
Екінші, Астанадан Ташкентке бару үшін Шымкент арқылы, одан әрі қазақ-өзбек шекарасы арқылы өтуге болады. Бірақ, мен әу бастан бұл нұсқаны қарастырғаным жоқ. Себебі уақыт жоқ, оның үстіне 1-1,5 күнді жоғалтқым келмеді. Әрине, поезбен арзандау түсер, осы жерде қандай лайфхак қолдандым? Әуе билетін ерте алсаңыз, соғұрлым арзан түседі. Айтқандай, билетті алар кезде, деректеріңізді екі рет тексеріңіз, қате кетіп қалып жүрмесін. Біз 2-3 ай шамасында ғана алдық. Бағасы екі адамға 175 000 теңге, яғни, Ташкентке бару-қайту құны, бірақ, бұл жерде тағы бір лайфхак пайдаландым. Билетті https://tickets.kz/ сайты арқылы рәсімдеп, банктен 6 айға алып, үстіне 5 000 теңге қосып төлейтін болдым. Сонда 178 000 теңгеге шығып тұр, есесіне бірден емес, бөліп төлеген ыңғайлы деп санаймын.
Бірақ, бағаны әбден зерттеу керек, мысалы, ұшу бағасын салыстыру үшін https://www.aviasales.kz/ сайтын пайдаландым, ол ең төмен және жетуге ыңғайлы нұсқаларды тауып береді. Біз https://flyarystan.com/ әуе компаниясын таңдадық. Оның https://www.uzairways.com/ru салыстырғанда екі кемшілігі бар. Ол — ас-су ақылы, багажыңыз 5 кг. көп болса қосымша ақша төлейсіз. Ас-суға https://flyarystan.com/ сайтында алдын ала онлайн тапсырыс беріп қоюға болады, ал, жүк біз үшін көкейкесті емес. Өйткені, өз басым бес күн әрі кетсе бір аптаға бес килограммнан артық зат алмаймын. Қажеті де жоқ. Айтқандай, рейске де онлайн тіркеліп қойыңыз, ұмытып кетсеңіз ол да ақылы.
Үшінші, қонақ үйге қатысты. Қалауыңызға қарай әрине, бірақ, ыңғайлы, қауіпсіз және баратын нысандарыңызға жақын болу керек. Мысалы, біз Ташкентке кешке ұшып келдік те таңертең ертемен Нөкіске ұшып кеттік, сондықтан әуежайға салыстырмалы түрде жақын жерден таңдадық. Енді, келесі лайфхакты айтайын. Қонақ үйді https://www.booking.com/ сайты арқылы рәсімдеймін. Артықшылығы — ақшаны алдын ала төлемейсіз, келген соң төлем жүргізесіз, орныңыз сақталып тұрады, картадан төлеген жөн және ең бастысы аталған сайттан нақты бір қаладағы қонақ үйлердің бағасын, ыңғайлылығын, жағдайын өзгелердің жазған пікірлері (отзывтары) арқылы білуге болады. Және, тұрақты клиенті болсаңыз, 5-10-15 процентке дейін жеңілдік береді. Сонымен бірге, таңғы асы қосылған қонақ үйлерді таңдау керек. Айтқандай, Өзбекстанда туристік алым бар, ұмытпасам 5 процент. Бір 4 күнде — Ташкент, Нөкіс, Хиуа, Үргеніш қалаларынан қонақ үй алдық, әр қонақ үйдің бағасы шамамен 20 000 теңгеден 35 000 теңгеге дейін.
Төртінші, көлік қозғалысы. Такси қызметі үшін келесі лайфхак. https://taxi.yandex.kz/ru_kz/ орнатып алдым. Басқа такси қызметтері бар шығар, бірақ, бұл ыңғайлы көрінді. Тарифтері сол, Қазақстандағыдай. Эконом алсаңыз, кішкентай көліктері келеді. Мен қолма қол ақша төлеу нұсқасын ұнаттым. Айтқандай, әрбір қонақ үй трансферлерін ұсынады, мен артық төлеп қажеті жоқ деп санаймын. Яндекс таксиді шақыртып, жеткен жөн. Нөкісте ғана тегін трансфер болды.
Сосын, Самарқанд пен Бұқараға Ташкенттен «Афросияб» деген жүрдек поезды жүреді. Билетті ерте қамдап, олардың https://railway.uz/ru/ атты сайтынан алуға болады, бірақ, өз басым https://bilet.railways.kz/ сайтынан алған ыңғайлы деп санаймын. Бұл лайфхактың артықшылығы жоспарыңыз өзгеріп, алған билетіңізді қайтару керек болса, сапарға бір күнге дейін толық төлемін қайтарады, бірақ, жоспарды алдын ала бекітіп алып, соны басшылыққа алу керек деп санаймын. Менің жоспарым — поезд арқылы Ташкенттен Самарқандқа, одан соң Самарқандтан Бұқараға, Бұқарадан Үргенішке жету, одан кейін таксимен Үргеніштен Хиуа, Хиуадан кері Үргенішке, одан соң Үргеніштен Нөкіске жету болған. Одан соң Нөкістен ұшақпен Ташкент. Бұл жоспар бір аптаға жоспарланған еді, бірақ, алдында Самарқанд пен Бұқарада болған соң 5 күнге қысқарттым. Сәйкесінше Ташкент — Нөкіс және Үргеніш — Ташкент бағытына ұшаққа билет алдық. Екі адамға барып-қайту бағасы — 65 000 және 46 000 теңгеден шықты.
Бұл үшін https://www.uzairways.com/ru сайтынан билет алдық. Ұшақтың артықшылығын айтайын, мысалы, поезбен Үргенішке не Нөкіске жету үшін бір күнініңіз, бір жарым күніңіз кетер еді. Бағасында айырмашылық бар, есесіне уақытқа үнем, бір сағат 20 минуттан кейін Ташкеттен Нөкіске не Үргеніштен Ташкентке топ ете қаласыз. Қала аралық автобустар жүреді, бірақ, олардың қызметін пайдаланбадық. Дұрысы такси ғой, айтқандай Үргеніш пен Хиуа арасында троллейбус жүреді. Жай ностальгия деп мінбесеңіз, басқа қызығы жоқ. Бағасы 4 000 сум, айтқандай қала ішілік автобустар бағасы да 4 000 сум, біздің ақшамен 153 теңге екен. Мұны айтып жатқаным, Өзбекстанда баға арзан дейді, меніңше, Қазақстанмен шамалас сияқты.
Бесінші, ақша ұстау, айырбастау. Астанада жүріп бір 5 000 теңгені өзбек сумына айырбастап алғанмын, тіптен ақшасыз жүрмейін деп, Өзбекстанның жақсы жері туристік нысандарда валюта айырбастайтын банкоматтар болады екен. Дұрысы доллар алған жөн, соны сумға айырбастап береді. Сосын, банкоматтардан картадан шешіп ала бересіз. https://halykbank.kz/kz мен https://kaspi.kz/ карталары жарап тұр. Өзбектің кейбір (банкоматтағы) банкілері процент ұстайды, оны да ескеру керек. Айтқандай, әуежайдан түсіп, тексеруден өткенде сол жақ тарапта валюта айырбастау пункті бар, сол жерден ең болмағанда 50 доллар айырбастап алуға болады. Қолдан ауыстырып көрмедім, қажеті жоқ деп санаймын. Қанша дегенмен, «көрмеген жердің ой-шұңғыры көп» дегендей немесе «Құдай, сақтансаң сақтаймын» дейді. Бұрын бір жүз доллар ауыстырғанда бір бума (пакет) ақша беретін, қазір 100 000, 50 000, 20 000 сумдары бар, ыңғайлы. Әмиянға еркін сияды.
Алтыншы, телефон байланысы туралы. Қонақ үйлерде Wi-Fi жұмыс істеп тұр, кейбірінде жақсы, өзгесінде әлсіз болуы мүмкін. Жаңағы Ташкент әуежайында валюта айырбастау пунктіне жақын маңда сим-карта алуға болады. Бір айға береді, мен ең арзанын, яғни, 2000 теңгеге алдым.
Жетінші. Тамақтану орындары. Ташкентте https://beshqozon.uz/ дәмханасынан ас ішкен ыңғайлы, қаланың барлық бөліктерінде бөлімшелері бар. Мысалы, біз екі адамға шамамен 150 000 сумға тамақ іштік, ал, Хиуаның балық мейрамханасында тек балықтың өзі 130 000 сум тұрады. Айтпақ ойым, жергілікті халық тамақтанатын жерге бару керек. Әрине, сервис және өте дәмді ас ішемін десеңіз мейрамханалар табылады ғой. Нөкісте мысалы, «Алпамыс» деген дәмханадан қарақалпақтың ұлттық тағамдарына тапсырыс бердік, сервис әлсіз, бірақ, тамағы мықты. Сондай жайттарды ескеру керек. Туристік нысандарда сусын, тамақ қымбат болатынын ескерген жөн
Сегізінші. Музейлерге бару, гид қызметі. Өзбекстанда музейлерге кіру бағасы екі түрлі. Мысалы, шетелдіктер үшін бір баға, жергілікті халық үшін басқа баға. Мен бұны әділетсіздік деп санаймын. Бірақ, Стамбулдың музейлерінің бағасы еске түскенді шүкірлік етесің. Мәселен, Нөкістегі атақты «Шығыс Лувры» аталған Савицкий атындағы өнер музейіне кіру бағасы — үлкенге 95 000 сум, балаға 65 000 сум (шетелдіктерге). Гид алмадым, өйткені оған дейін зерттеп алғанмын. Фотоаппаратқа түсіруге рұқсат бермейді, телефонға болады. Хиуадағы Ишан қалаға кіру бағасы ересектерге 200 000 сум, балаға 100 000 сум. Қымбаттау әрине, бірақ, билет 24 сағат күшін жоймайды, шығып кетіп, қайта аралай аласыз. Тағы бір артықшылығы 15 нысанды көресіз. Гид қызметін алмадым, өйткені әбден зерттеп алған едім, дегенмен, гид қызметін пайдаланған жөн деп санаймын. Бағасы (шамамен), екі сағатқа, орыс тілінде — 500 000 сум (20 000 теңге шамасында), өзбек тілінде — 300 000 сум, қазақ және қарақалпақ тілдерінде — 250 000 сум, мүмкін одан да арзан табуға болар, оны білмедім, бұл 2024 жылғы қараша айының басындағы бағалар.
Тоғызыншы. Кәдесыйлар. Өздерінің айтуынша туристік локациялардағы кәдесыйлар бағасы арзан. Өйткені туристер де біліп алған деседі. Дегенмен, бағада айырмашылық болады деп санаймын, екінші жағынан базар қарап жүретін уақыт болмас және ұсақ-түйек кәдесыйларды туристік орындардан ала салған жөн.
Нөкісте қарақалпақ ұлттық-киімдерін, сөмкелерін алуға болады, Хиуада ағаш бұйымдар жақсы. Атлас мата, орамал, қыш ыдыстар, сәндік бұйымдар, ең болмағанда тоңазытқышқа жапсыратын мангитка алуға болар.
Қысқаша айтқанда бәрін жазған сияқтымын. Туристік нысандар туралы алдында жаздым.
Мақала авторы — Амандық Қорғанұлы, суреттер Өзбекстанда түсірілген