Көктерек – чемпиондар мекені

1973 

Қостанай облысында тоғызқұмалақтан меңдіқаралықтардың мықты команда екені спортсүйер қауымға белгілі. Аталған ауданда жеңімпаздарды тәрбиелеп шығарып жүрген білікті жаттықтырушы Рыспай Үмбетов екенін айта кетейік.

 

Рыспай Мұқатайұлы кезінде аймағымыздағы байрақты бәсекелердің бірталайында өзі де белсенді өнер көрсетті. Сан мәрте жеңіс тұғырына да көтерілген. Қазіргі таңда Меңдіқара ауданына қарасты Көктерек ауылындағы мектепте дене тәрбиесінен сабақ беріп, сонымен қатар, отыз балаға тоғызқұмалақтың қыр-сырын үйретіп жүр. Аудандық спорт мектебінде 1993 жылдан бастап жаттықтырушы.

Әсемгүл Шегебаева, Гүлмира Айғожина, Маржан Серікбаева, Ербосын Үмбетов және Айым Мұхамбетқалиева сынды шәкірттері облыстың мықты тоғызқұмалақшылары. Олардың республикалық чемпионаттарда жеткен жетістіктері де толағай. Тағы бір шәкірті Медет Биғазин – Қазақстан чемпионы. 8-сыныпта оқитын Жансая Смаилова да республикалық, халықаралық жарыстардан жүлдесіз оралмайды. Жансая жақында дарынды балаларға арналған облыстық «Триумф» жеңімпаздарды құттықтау мерекесіне, облыс әкімімен кездесуіне келді. Екі тілде сөз сөйлеп, ұлттық ойынға деген сүйіспеншілігін, Отанға деген патриоттық сезімін жеткізді.

Меңдіқара ауданы аймақтағы жарыстарда Қостанай қаласы құрамасымен жыл сайын жүлде бөлісіп келеді. Ол бапкер болғалы бері командасы облыстық спартакиадада 6-7 мәрте, оқушылар арасында сегіз жыл қатарынан чемпион атанды.

– Тоғызқұмалақ – зияткерлік ойындардың ішінде баланы тез әрі дұрыс ойлай білуге тәрбиелейтін ойын. Жиі ойнап жаттықса, сана өрісінің кеңеюіне де септігін тигізеді. Шәкірттерімнің бойынан осындай игі өзгерістерді көрген сайын марқаямын, — дейді Рыспай Үмбетов.

– Бапкеріміздің бізге үлгі тұтар қасиеттерінің бірі – еңбекқорлығы. Үнемі жаттығуды талап етеді. Соның арқасында бірқатар жетістіктерге жетіп жатырмыз, — деп ағынан жарылды шәкірті Гүлмира Айғожина.

Сурет Интернеттен алынды

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық спортшылар Әлем чемпионатына қатысу үшін ақша таппай жүр

Қостанайлық спортшылардың әлем чемпионатына баруға ақшасы жоқ. Мұндай келеңсіз жағдайға кір тасын көтерушілер қалып отыр. ...