Көршінің қызы

кыз

Ауылға келгеніме үш күн болды. Түсте тас төбеден күн жарқырап, аңызақ жел соғып, берекені алатын. Бесін уақытында тіршілік тоқтап,бәрі бір сәт тынығады. Күн ыстығы ауып, басылған соң ғана күйбін тіршілік әрімен домалап кете береді. Түнде әр жерден ауыл жастарының ысқырығы мен дамылсыз, бірінен бірі іліп алып кететін абалаған иттердің үргені ғана естіледі.

Сондай түндердің бірінде дөмбекшіп төсегіме сыймай, далаға шықтым. Іле тұла бойымды ауылымның ыстық желі, түнгі самалы аймалай бастады. Денем бір дір етті де, артынша үйренісе кетті.

Жел жүгірмектің мені қайта-қайта құшақтай еркелегені қаладағы қимастықпен қоштасқан қалқамды еріксіз еске түсірді. Ол да салалы саусақтарымен басымнан сипап, аппақ білегімен мойныма асылатын. Күнде сөйлесіп, дауысын естіп жүрсем де, бір көргенге жетпейді екен. Сағындым. Көз алдыма сүйіктімнің сұлбасын суреттеп сала бастадым. Оның сүмбіл-қара шашын, шие ернін кезегімен елестетіп, ап-анық қиялымда сайраттым. Сүйіктім өзіне жарасымды күлкісімен жымиып тұр. Дәл осындай айна-қатесіз елестеткеніме іштей мәзбін. Тура өзі келгендей, мен елес-бейнесіне елегітіп қоя бердім. Қиялымның ұшқырлығы сонша, өзім нанып, сезім жетегінде кетіп қалыппын. Ұзақ қарап тамсанып, ішімдегі сағынышқа толы сезімімді жеткізейін деп, шалдыр-шатпақ сөйлем құрай бастағаным сол еді, қиялдағы аруым «Мен сенен шаршадым. Сен өз махаббатыңды дәлелдей алмайсың. Кездескелі бері ұзақ қасымда қала алмадың!» деп  шаңқ-шаңқ етіп ұрыса жөнелді. Кәдімгідей дауысы естілді. Қанша рет өткенді еске алып жатсақ та, адам дауысты санасында сайрата алмайды ғой. Ал маған сүйіктімнің үні анық естілді. Құдай-ау, бұл қалай болғаны деп қоямын ішімнен. Көзімді ашып мән-жайды бажайлағым-ақ келеді, бірақ қызымнан «айырылып» қалам ба деп қорқамын. Аң-таңмын. Бір жағынан қалқатайымның бұлай ұрысып, ашуланатыны жоқ еді. Көз алдымдағы елесі бұртиып, қабағы қатулы. Не болса да, жауап берейін деп оқталғаным сол-ақ еді, қиялдағы ару тағы менен бұрын сөйлей жөнелді:

– Ылғи мені тастап кетесің. Махаббат баянды болу үшін ғашықтар бірге болуы керек. Екеуміздің бақытымыз үшін күреспейсің. Қорқақсың! Сүйгенің осы болса неге қазір менің қасымда емессің?! – деп айғай салды.

Сөздері де, жылағаны да ап-анық естіліп тұр. Осыған орай көз алдымдағы бейнесі де жылап тұр. Мен көзімді тарс жұмып, осының бәрін көріп тұрмын. Ғажап. «Көзімді жұмсам да, көрем сені» деген осы шығар. Мен тіпті дауысын да естимін.

Мынау бір ыңғайсыз жағдай болды. Мен қаншама рет ауылға кетіп қалсам да, қызым бұндай қылтың-сылтының көрсетпейтін. Енді не істеймін? Жауап берейін деп шештім.

– Жаным-ау, сен неге?..-деп бастай бергенім сол еді, қызым сөзімді бөлді.

– Сен күнде бір сөзіңмен ақталсың. Мен сенің өтіріктеріңе тойдым. Жетер осы! Енді маған хабарласпа!

Қанша жерден еркетотай болсаң да, мынауын тым артық деп, іштей бұлқынып, ашуланып:

– Ее, сен не? Мен кеткесін өзгерейін дедің бе?.. Әлде басқасын таптың ба? –деп дүрсе қоя бергенім сол еді, құлағыма «Ақтөс, мә-мә, келші, мә-мә, ақ күшігім менің» деген «жылы» сөздер келе бастады. Қиялымдағы қалқам да күлімсіреп, мені жақсы көре бастады. Бірақ Ақтөсі несі?.. Тағы естілді.

– Ақтөс, мә-мә, жей ғой. Жүндібалағым, өзің әбден батпақ-батпақ болғансың. Бүкіл ауылдың шаңы сенде…

Көз алдымдағы аруым осы сөздің бәрін маған еш алаңсыз айтып тұр. Мен әрі шыдамай, не болса да пендешілік жеңіп, көзімді ашып қалсам, ешкім жоқ. Бәрі манағы қалпында. Ауыл. Түн. Аспан толы жұлдыз. Ысқырық пен иттердің үргені алыстан талып естіледі. Кенет «Ақтөсім менің» деген дауыс тағы да құлағыма келді. Дауыс шыққан жаққа жалт қарасам, көршінің еркетотай бойжеткен қызы ақ күшігін жақсы көріп, ойнатып отыр екен. Қасында дамылсыз қоңырау соғылып жатқан ұялысы жатыр…

Кенже ҚОНЫСБАЙ

Мынаны да қараңыз

Қапеш ӘЛИҰЛЫ. АҚСУАТ-9

Дәулеттібике Осыдан бұрын көптеген ғасырлар мен жылдар өтіп елде тоқтық, уайым-қайғысыз күндері өтіп жатты. Елдің ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *