Қайталап айтам: бұндағы Қалқаман, Баялылары Үмбетей екеніне дау жоқ. Саны жағынан анық деректелмегенмен бұл құжаттамалардағы Қалқаман Үмбетейдің тікелей атасы.
«Қазақтың шежіресі қан мен сүт тарихы, зерделі қазақ баласы жетпіс жеті ұстыннан (негізі сұлбасынан) жеті атасына дейін білген», – деп жазады Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихы» тектану еңбегінде.Үш жұртын: – өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұртын таныған қазақ баласы қай ғасырда да жетелі, текті, көргенді. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» дегенді айтқан – қазақ. Айтып қана қоймай, ұстанған, яғни, қазақ айтпаған, ұстанбаған пейіл жоқ.
Сонымен, әкеден атаға, одан әз ата, баба, тек, төркін, тұқиян болады. Баладан немере, шөбере, шөпшек (өбере), туажат, жүрежат (жекжат, жұрағат, жамағат) атаулары да қолданылады.
Өркеннен – әулет, аталық, зәузат, ағайын, ру, жүз, ұлтқа айналады.
Рулық құру үшін қоныстанған жері, дауын шешетін биі, ел қорғаны болатын қолы (әскері) (қол кемі қырыққа жетуі тиіс), оны бастайтын батыры, ел асырайтын байы, ел ұстар кәсібі, рулық Туы, шақыратын ұраны болуы керек. Мысалы, батыр болу үшін оның тіректі елі, соңынан еретін жүздеген сарбазы, кем дегенде жаудың белгілі бір батырын жекпе-жекте, сайыста түсіруі тиіс (Бұлардың бәрі де рулық шежіреде жазылған. Үмбетей, Мәтен, Сыпсыңбай, Тоқы т.б.).
«Бабамыз — бекзат данышпан», 2000-2022 жылдардағы басылымдары.
Қазақтар бір-бірін сөзбен қажай бастағанда: «төрт тіреуіңді айт», – дейді екен. Ол төрт тіреуі сол аймақтағы «пірі, биі, батыры, мырзасы. Пірі – табиғат сыншысы, болашақты болжай алатын сәуегей: «шәуік» — Мұңайтпас, «аралбай» – Қосағал, қарақалпақ – Қайырбек шайхы (Көкдөнен).
Сонымен, Үмбетей руы қалыптасқан тұста Жәнібек балалары: Дәуітбай, Жауқашар, Тоқтамыс, Әйдерке-Бабас балалары: Қалыбек, Мерген, Телеу, Атымтай, Қожакөл, Торғай бойына қоныстана бастаған Қыпшақтың –Қитаба, Түйішкелері де ру-ру болып қалыптаса бастады. Бұл 1771 жылғы Абылайдың үлкен Хан тағына отыру жиынына Дәуітбай, Үмбетейде балалары: Аралбай, Баянды, Шәуікті ертіп апарған жылы болса керек.
ХVІІІ ғасырдың 50-жылдарынан бастап Қарсақбасы, Қаракөлдегі Қарабас ауылынан енші алып көшіп шыққан Ру атын иеленген Үмбетейлер: Жиенбай, Аралбай, Көлбай, Бөкенбай, Сәңкібай, Баянды, Шәуік, Дәме ауылдары еді.
Үмбетей, батыр баба, арысым-ай,
Мерейің үстем, артық ырысың-ай.
Мақтаныш сені тұтқан ұрпақтарың
Қазақта іргелі елдей ұлысың-ай, – деп жырға қосқан екен руы Дәуітбай, айтыс ақыны Құбаша Шалбайұлы (1880-1952 ж.ж).
Бұл көштен Жарасбай, Өлмес, Құрсабай, Дайрабай балалары Уақ. Бақайлармен ілік-жұрағат болып қалған бірлі-жарым Жиенбай балалары аз уақыт болса да Тосында қалып, кейін сол жақтан Сыпсыңға көшіп, орналасып қалады. Кейінгілері атты казактар, ақ-қызылдың, азамат соғысы, кәмпеске (тәркілеу), ашаршылық замандарында, Совет үкіметі толық орныққан кезеңдерде көшіп келіп кейінірек 1860 жылдары аталары Көбекпен бірге Төлебай, Бөлебай, Баянды баласы Мәтен де осы Сыпсыңды қыстап қалып жүрген. Оған олардың жайлап, қысқы мекеніне айналған Төлебайдың «Төбе құдығы», «Ақкөлі, «Мәтеннің Қарақұдығы» жерленген жерлері, Шолаққопа, Қазоты, Сейден кардоны (1954-70 ж) деген қоныстары куә.
Осы 1860-70 жылдардан Үмбетейдің біраз әулеттері Көбек баласы Төлебайдың ықпалында болған. Балаларын өзі бастап, кейбір жайлы жылдарды Сыпсыңда өткізгісі келген Үмбетей бабамыз, қайраты қайтпай тұрып ел арасын жалғастырумен болды. Бұл Қарпық ақынның: «арғы атам ер Үмбетей дара басты, жасында нақ 61 жау түсіріп, дұшпанның дүрілдеген даңқын басты» дегеніндей, Көктемір (Е.Пугачев) мен Қарасақал шайқастарын аяқтап, ат белін босата бастаған 1770 жылдар еді.
Малына емес, ақылына қоңсы болған Өтей, Сүгір ағайындарымен де барыс-келісі ажырамай қатынас орнап, Таңбай, Баянды балаларының жер иесі Сүгірлермен құдаласып арасы нығайған тұс. Көбекұлы Төлебайдың Науырзым болыстығының 4 аулынан Торғай облысы губернаторының 30.01.1869 бұйрығымен 31- дистанция (шекаралық бөлініс) құрылып, оларға бастықтар бекітілген. Сол бөліністің 131 шаңырақтан тұратын 2-ші, 3-ші аулының 37-ші (дистанциясына) бөлімшелеріне Төлебай Көбекұлы иелік еткен. Бұл Үмбетейлердің Науырзымның Сыпсыңын мекендегенінің негізгі дәлелі (Ы.Алтынсарин (тшж) 2т 56-61 -б.б. орысша).
«Ерлерді ұмытса да ел, Сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, Жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, Шөл ұмытпас.
Ел жауын іздеп өрт боп, тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, Бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, Жер ұмытпас.
Арқаның Селі, Желі, Шөлі, Белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас…» – деп Мағжан ақын жырлағандай, көне тарихтан белгі қалмай тұрмайды.
Қазақтың «жел естиді, жел естігенді ел естиді» дегеніндей бұл күнде ел көшіп, бұл жерлер 1930 жылдан бері орман шаруашылығына біржола қарап кеткен. Бірнеше шаршыға бөлінген жерлер, қоныстар мен тұрақтар, қыстау, қоралар түгіл, өлілер мекені қорымдар, белгітастар, мазарлар талай жылғы өрттерден кейін құм көшкініне көміліп, көзден таса болған.
Мұндай жағдайда біз: осы жазба иесі, мен — Ибраһим Ағытай, Дінмұхамбет Қазымбек, Сәтбай Қоскөлбай, Байғоныс Әлихан, Наушатай Ғилымхан, жиен Нұрлан Ахетов, сол Сыпсыңның 85 жастағы көзі тірі куәгері Ғылымхан Сейденұлының басшылығымен 2022 жылдың 18-19 қыркүйегінде жасаған танымдық сапарымызда төмендегідей көрініске куә болдық.
Жүрген аяққа жөргем ілігеді
Тоғай аралап екі күн жүрген іңкәр көңіліміз «жөргемсіз» болған жоқ. Оған: Жарасбай, Нысанбай көңі деген құм басып кеткен Мамажаптар қонысынан 15/4 см құм бетіне шығып қалған боялған кірпіштің сынығын таптық (Қолдан құйылып, сырты қалың етіп көк сырмен боялған. Сырлы там мен Домалақ төбе, Қыздың моласындағы кірпіштерден аумайды). Біріншісі – Баршын тамы деген жерден 1899 жылы 70 жасында дүние салған Баршын, Бапалақ Таңбайұлдарының бейіті (Бапалақ көктасы оқылды), екіншісі – руы, жылдары оқылмаған Асан Баянұлы, үшіншісі – 63 жасында қайтты деген, аты-жөні оқылмаған үш көктас табылды. Көбектің Қыдыр көрген қызыл ағашы: Көлбай жазығы, Балғынбай көңі өртеніп, ара-тұра болатын жазғытұрымғы тұщы су көздері тартылып, сорға айналған. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демеске лажың жоқ. Ендігісі ұрпақ жадында қалдыру үшін «Қасиетті Қазақстан» кітабының 3 томына енгізілген Үмбетей батыр кесенесінің ішіне осы жерлердің картасын жасатып қалдыру, осы Қорым ішіне әкесімен бірге жерленген рудың Қара шаңырағы иесі Баяндыға белгі қойып, қоршату! Алла қолдап, сәтті бастама болсын (Бұл тілектің алғашқысы БаяндыҰрпақтары күшімен 2023 қазанда, екіншісі 2024 жылы 25 тамызда орындалды)!
«Үмбетей» қоғамдық қоры:
Қор жетекшісі: И. Ағытай.
тамыз 2024 жыл.
Ибраһим АҒЫТАЙ,
журналист, этнограф
(жалғасы бар)
Фото: schools.nis.edu.kz