АРЛАН арман

img460

Әміржан көпшілікке Аркадий атты есімімен жақсы таныс. Ол туғанда әуелі Әміржан атаған әкесі кейін құжатына орыс досының атын жаздырады. Кейбіреулер оның негізгі атын әлі күнге дейін білмейді.

Күрестің бес түрін меңгерген

Аркадий Ахметов Қостанай облысы Қарасу ауданының тумасы. Спорт шебері. Алғашқы жаттықтырушысы – Борис Данияров. Кейіннен Айдарбек Әкелбеков, Олжабай Сәрсенбаевтар тәлім берді. Ол – қазақ күресінен, дзюдодан, еркін күрестен, самбодан және белбеу күресінен облыстың сан мәрте жеңімпазы. Халықаралық додалардың да жүлдегері. 1992 жылы Павлодарда түркі тілдес халықтар арасында ұйымдастырылған жарыста үшінші жүлдені қанжығаласа, 1995 жылы Челябіде әлем мықтыларымен күш сынасып, қоладан алқа тағынды. Ал 1997 жылы республикалық ауыл спортшылары ойындарында екінші орын алғаны бар.

Алғашқы жетістіктерден арманға дейін

Ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. 1983 жылы оқуын бітіргеннен кейін, осы білім ордасында алты жыл жұмыс істеген. Артынан облыстық балалар спорт мектебіне ауысады. Ширек ғасырдан астам бапкерлік қызметте. Осы кезеңге дейін дзюдо күресінен бірнеше республика чемпионын тәрбиелеп шығарды.

Алғашқы нәтижелі шәкірті – Владимир Нейман. Ауылдан оқуға келген балаң жігітке дзюдоның қыр-сырын үйретіп, екі жылда-ақ спорт шебері атағын әперді. Владимир оған дейін жеңіл атлетикамен айналысқан екен. Екі жыл шұғылданып, ел чемпионатының қоласын жеңіп алу деген кез келген спортшыға бұйыра бермейтін бақ.

Одан соң дүниежүзілік жарыстарға жол ашыла бастады. Инна Розумович Анталияда (Түркия) өткен әлем кубогында қоладан алқа тағынды. Динара Искакова ҚР чемпионатының бірнеше рет жүлдегері болды.

Сондай-ақ Гүлшат Сыздықова, Алёна Кирпичёва, Александра Карагодина… Бұл қыздардың барлығы дзюдодан республиканың үш дүркін чемпиондары.

Бақыт, Ермек Магамбетовтер, Қазтай Исмагулов, Виталий Галич, Данияр Ақсақалов сынды облысқа белгілі спортшыларға да тәлім берді. Азамат Аитов пен Денис Усов самбодан ел мерейін үстем еткен оқушылары. Әділ Ермағамбетов белбеу күресінен спорт шебері. Мирас Жакубов есімді шәкірті талай дәрежелі жарыстарда жүлде алды. Бұл «Юность», «Факель» клубтарында істеп жүрген 90-жылдар мен 2000-жылдардың басында және арманына қолы жеткен уақытта бағындырған жетістіктері болатын.

Көгерген клуб

Жоғарыда арман деп қалдық. Өзі клуб ашуды көптен көксеп жүрген. Спортқа деген адалдығын, еңбегінің нәтижесін көрген шәкірттерінің ата-аналары оны қолдады. Кәсіпкер Валерий Иванович Розумович бір қолайлы орынды жаттықтырушыға сыйға тартып, иелігіне өткізіп берді.

Сөйтіп, 2002 жылы 23 ақпанда «Арлан» дзюдо клубы ашылды. Қостанайдағы «КСК» шағын ауданындағы бес қабат үйдің астында орналасқан клубтың салтанатты ашылуына бірқатар спорт майталманы қатысты. Олардың арасында өзінің бапкері Олжабай Сәрсенбаев та болды…

Ашылғаннан-ақ «Арланның» атағы шыға бастады. Бұрыннан дайындап жүрген шәкірттерінің бәрі осы залға келетін. Клубтың алғашқы түлектерінің бірі Андрей Зайцев ел чемпионатында жарқырай көрініп, ұлттық құрамаға ілікті. 2003-2008 жылдары әлем кубогының кезеңдерінде күресті. Оған ел чемпионатының алтыны бұйырмады, тұғырда тұрып күміс тістеп көрді бірақ. Андрей қазір Петерборда (Ресей) тұрады. Алдыңғы жылы үйленгенде бапкерін тойына шақырыпты. Челябі қаласында әлем чемпионатында жүргендіктен, Аркадийдің жолы түспеді.

Нұрлан Мінайдаровты да облыстағы дзюдошылардың біразы біліп қалды. Ол Теміртау қаласында жыл сайын өтетін «Магнитка оттары» атты жарыстың екі дүркін чемпионы.

Жаттықтырушы дзюдо жарыстары сирей бастаған кездерде шәкірттерін қазақ күресі мен самбоға дайындайды. Еңбегі еш кеткен емес. Қазақ күресінен Марат Біржановты ел чемпионатының күміс жүлдегері етіп шығарса, самбодан Нияз Қараев Қазақстан біріншілігін ұтты.

Бүгінде халықаралық жарыстарда қуантып жүрген екі шәкірті бар. Бірі – Жанат Усабаев, самбодан ҚР чемпионы, 2010 жылы Қазан қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен Еуразия ойындарының жеңімпазы. Бұл жеңісті келер жылы Семей қаласында Никита Токарев қайталады. Осы шәкіртіне қазір ел мамандары да көп үміт артып жүр. Жастар арасында ұлттық құрама сапында өнер көрсететін он тоғыз жасар балуан ауыр салмақта Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Жақында ҚР спорт шебері атағын алды. Айтпақшы, санаулы күн бұрын Никита Германияның Бремень қаласында байрағын көтерген Еуропа кубогында күміс медаль иеленіп, ұстазын тағы бір қуантып тастады. Финалда әлем чемпионы жапониялық балуанға жол беріп қойды.

Айта берсек, клуб дзюдошыларының жетістіктері жетерлік. Саят Оңайбек, Әлішер Бакиров, Алмас Жұмағали (қазақ күресінен жастар арасында ҚР күміс жүлдегері), Темірлан Таспаев, Мұхтар Әбішев, Ерсұлтан Игнес, Берік Көшербай – облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаз, жүлдегерлері, спорт шеберлігіне үміткерлер.

Қазір «Арлан» дзюдо клубына жүз шақты спортшы келіп жаттығады. Келушілердің жасы алтыдан жоғары. Келіп жаттығам дегендердің бетінен қақпайды Әбекең. Тіпті, бүгінде бір-бір әке атанған клуб түлектері балаларын осы залға әкеліп, өздері де дайындап жүр.

Алғыр болсын деп…

Өңірдегі спорт мамандары Әміржан Қайыржанұлын мықты спортшы, білікті бапкер ретінде ғана емес, әділетсүйгіш, достыққа берік жан деп те таниды. Мұнысы әкесінен жалғасқан өнегелі қасиеті болар, бәлкім. Өзінің спорт клубына өмірден ерте озған жан досы Арланның атын қойды.

– Арлан Құрманғалиев – грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы, алғыр спортшы болатын, – деп еске алады досы. – Спортфакта бірге оқыдық. Адал досым еді. 1995 жылдың күзінде, 28 жасында өмірден озды. Балық аулауға барғанда қайығы ауып кеткен екен… Ол Арлан деген атына сай алғыр жігіт болатын. Шәкірттерім сондай жігерлі спортшы болсын деген ниетпен спорт клубтың атын солай атадым. Әрі досымның есімі ескерусіз қалмасын дедім.

Шәкірттері сенімді ақтап, барған жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Бұл Әміржанның адал еңбегінің, азаматтығының қарымтасы да шығар. Спортқа берілгендігі сондай, таңнан кешке дейін клубтан шықпайды. Шәкірттерін қай жарыстан да қалдырғысы келмейді. Өз қаражатымен болса да апарады. Оның қазіргі уақыттағы бар табысы – өзі айтқандай, жеткіншектерінің жеңісі.

img461

P.S. Негізі бұл туралы айтуымды кейіпкерім қаламаған. Оқталдым ғой, айтайын. Клуб ашылғалы бері жөндеу көрген жоқ. Он төрт жыл өтті… Әміржан Қайыржанұлы Қостанай қалалық спорт мектебінің жаттықтырушысы. Ешкімнен артық қаражат сұрамай, абажадай орынның коммуналдық төлемдерін өзі төлеп отыр. «Төлеп отыр» деймін-ау, қиналып қалады көбіне. Жалғыз жалақысы қайда жетсін?! Сондықтан, көмек беремін деген меценаттар болса, құба-құп, жөн сілтеуге әзірмін…

 Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ, суреттер түсірген автор және

кейіпкердің жеке альбомынан алынды

Мынаны да қараңыз

Қазақстан чемпионы атанды

Жуырда Екібастұз қаласында қазақ күресінен 2001-2003 жылы дүниеге келгендер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. ...

2 пікір

  1. Даурен

    Мықты екен. Бұл кісіні сырттай білуші едім

  2. Саят Оңайбек жақсы өсіп келе жатыр. Енді бір екі жылда Қазақстан чемпионатынан көрсем деймін

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *