Арманға бай ғұмыр

Мылтыкбай

(Мейрамбек Төлепберген мен Мылтықбай Ысмағұл)

Эссе

«Торғайдан хабарласып тұрмын!» деген таныс дауыс естілгенде, қуанып қалатын едік…

Әсте, Алматыға алғаш барған адамның бойында арманшыл қасиет оянып, бір тылсым күштің әсері ме екен, бұдан былай тек жақсы өмір сүргісі келетін құдірет пайда болады. Табиғаты ерекше әсем, келбеті ғажайып қаланың құшағы бар қазақ баласы үшін ашық әрі ыстық болуы да бозбалалар мен бойжеткендерді өзіне магниттей тартып тұратыны да бар.

Сол қалаға сонау 1975 жылы мұрты енді-енді тебіндеп шыққан, қайратты, тікірейген мол шашын ортасынан қақ жарып екіге бөліп тараған, көзінде оты бар, ерні ептеп дүрдиген, орта бойлы қазақтың бір баласы да арман қуып келген еді. Үстіне киген киім бағасы удай қымбат шетелдікі секілді көрінеді. Жұрыс-тұрысы ширақ, мына біз секілді сарыауыз балапандарды қойшы, он жылға жуық қара жұмыс жасап, қара терін төгіп келгендер мен жұрттың балаларына ұқсап екі жыл әскер қатарында болып, өмірдің ащы-тұщы дәмін татып үлгерген жігіттердің өзіне иығын беріп, анадай жерден көз қиығын алып қараған оны көріп «Ей, мынауың кім-ей?» дегізетіндей әсер әкелген-ді.

Қазақ елінің бас университетінің есігін алғаш ашқалы тұрған абитуриент емес, бар болғаны дайындық курстың тыңдаушысы деген мәртебесі бар оқуға түскендер қатарында есімі аталған әлгі «блатной» жігітіміз одан кейін де жалын ұстатпайтын асау жүйріктің нағыз өзі болып шықпасы бар ма…

Өзі қызық жігіт. Бір күні болашақ журналист және филолог болғысы келетін 20-шақты ұл-қыздар сабақтың соңында қалып, бір-бірімен танысу сағаты болды.

Әркім журналдағы тізім бойынша өзі жайлы айтып жатыр.

– Мен Жайлаубай Қазиевпін. Жасым 40-та. Өлдім-талдым дегенде, оқуға түскеніме өз басым шексіз ризамын. – Орта бойлы, қызыл шырайлы, кексе жігіт көңілденіп, жымиып күліп шыға келді.

– Сіз менен сәл ғана үлкен екенсіз, – деп он жыл тракторшы болған Әшірбай Еркебаев сөздің түбін түсіре айта білетін жағын аз-маз аңғартып қойды.

– Мен – Қалдыбай Бердаливпін. Әйелім, бала-шағам бар. Өзбекстанда өстім. Нағыз қазақпын.

Мәссаған, мына көкелерді мейлінше құрметтеу қажет, сыпайы амандасып қоямыз. Біразымыздың мектеп партасынан кеше ғана шыққан ішкі түрімізді іштері сезетін шығар, сендер әлі баласыңдар ғой дегенді біз де сезіп тұрмыз.

Мына жігіт қыздай сызылып, майысып тұрғаны. Әркім сөзін бітірген кезде «қане, балалар, ағаларымызға, інімізге, қарындастарымызға қошемет көрсетейік» деп құшарлана қол соғады. Бастамашыл іске бейілдей ме. Коммунист екенін мақтан ететін, елпілдек қаққан Ғаппар Жаппаров деген ағамыз осы.

– Кілең игі жақсылар келген екен, ә! – деген дембелше бойлы, тығыршық денелі, дудыраған шашы желкесіне жауып кеткен, қараторы жігіттің жарқын даусы бір түрлі естілді. Әлденеге қымсынғандай кенет жымиып қайта сөйледі. – Жігіттер мен билікке таласпаймын, үкімет портфелін жас-жасымен шалдарға бөліп берейік.

Сөйте тұра бұл айтқан сөзге иландық па, артқы жақта отырған оған жамырай бұрылып қарадық. Тым-тырысты өзі бұзды.

– Менің аты-жөнім Абдолла Сүлейменов. Мектеп бітіргеніме үш жыл болды. Еңбегіміз ескерусіз қалған жоқ, еленді, – деп тағы бір юмордың жұрнағын «ортаға» лақтырып жіберді.

– Сіз ше?

– Мен бе? – деп ең артқы партадан мызғымас орын тапқан жас жігіт тамағын кенеп қойды. Бұл әлгі жұмбақ жігіттің нақ өзі.

– Қуырдақ желініп, шай ішіліп болған шығар. Сөзге қонақ берсеңдер айтайын. Мен Торғайдың қазағымын. Жангелдин ауданы, ХХІ партсъезд атындағы ұжымшардан келдім. Екі жыл елде еңбек еттік. – Сөзін үзіп барып қайта жалғады:

– Жігіттер, Алматыға жақсы өмір сүру үшін келдік қой. Мен ақын Кеңшілік Мырзабековпен ауылдаспын. Кеше ғана Мұқағали Мақатаевпен кафеде таныстым. Әйдік ақын ғой. Міржақып Дулатовты, Ахмет Байтұрсыновты білетін шығарсыңдар. Олар алашордашылар болған.

Пәлі, сөз саптауы да, ой тастауы да басқалай, тым тереңде. Сөйтті де «Балабақшаға баруым керек еді, студент ағамның баласын аламын» деп асығыс жиналып шығып кетті.

Бұл – біздің студенттік алғашқы танысуымыз еді.

Сол мезеттен бері Мылтықбай Исмағұловпен жастықтың романтикаға толы қызықты жылдарын бірге өткіздік, үлкен өмірге қадам басқанда да қарым-қатынасымызды үзбедік.

Егер оның өмірі кенеттен қиылып кетпеген де осы эссе-мақаланы жазбас едік-ау, алда әлі талай ғұмыр бар. Кейін бір естелікті қағазға түсіре жатармыз деп жүретініміз өтірік емес.

                             * * *

Мылтықбай досым қызықты өмір сүруді барынша ұнатты. Көңілі ауып, жүрегі діттеген жерге жету үшін жұрт құсап арман-қиялға берілді, он ойланып, жүз толғанып та жүрді. Үлкен шаһардың қайнаған өмірінде албырт жігітке жарасатын қандай қызық бар, нендей нәрсеге әуестенуге болады, соның бірінен де құр қалғысы келмеді. Бірақ, асығыс…Әйтеуір асығатын.

Мен оның сабаққа уағында келіп, лекция тыңдаған кезін жиі елестете алмаймын. Ол соны әдет қылып алған. Сырттай қарағанда сабаққа кешігу шәкірт үшін сыныққа сылтау іздеген жалқаулық болып көрінеді. Ал кейбір жағдайда студенттің бұлай етуі өзіне деген сенімділік те болуы мүмкін. Бөгде кісіге сыр ашпайтын, тым-тырыс жүретін, анда-санда жымиып қана күлетін оны университет оқытушыларының алғашқы кездестіру сәті есімізде ұзақ сақталып келеді.

Әне, есікті жұлқи ашып, ентігін баса алмай, алқынып тұрған тыңдаушыға сабақ беруші кісі шошына қарады.

Ал, сіз неге сабаққа кешігіп келесіз, демей ме? Дейді, әрине. Жас жігіт оны жауабын табу қиынға соғатын сұрақ деп тұрған жоқ.

– Ағай, дұрыс түсініңіз, мен үйде бала бағамын. Орыс кемпірдің үйін жалдап тұрамыз. Аға-жеңгем әлі студент, солардың келуін күтіп отыруға мәжбүрмін, – деп өзінің иығына артылған жүктің ауыр екендігін сездіре қояды. Оқытушының бұған қайта қояр сұрағы да ауыр болғалы тұр-ау деп дегбіріміз қашады. «Оу, сен не деп тұрсың? Дайындық курсында оқитын Исмағұлов деген сен бе, басқа ма? Аға-жеңгең бала тапқан екен, ендеше неге өздері бақпайды?» – деп дүрсе қоя берсе, не уәж айтар еді. Жоқ, мұғалім ақылды кісі екен. Қазақ тілінен сабақ беретін профессор Мырзатай Серғалиев ағаның бұған бойы да, көзі де үйренгені соншалықты, тыңдаушылардың арасынан кімдердің бар-жоғын тексеру үстінде Исмағұловтың тегі аталса болды, «Ә, ол кешігіп келетін шығар, жақсы оқитын бала ғой», – деп жеңілдік жасай беретін. Бірде сабақты өте қызықты әрі мағыналы өткізетін әдебиетші-ғалым Алма Қыраубаева апай: «Исмағұлов, айта қойшы, сен осы Міржақып Дулатовтың суретін көрдің бе? Өзің аздап сол адамға ұқсайсың ба?», – деп айтып қалды да, жауабын күтпестен сөздің аяғын жұтып қойды.

– Апай, біздің елде Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілістің төңірегінде айтылатын әңгіме көп. Міржақып Дулатов та елім деп еңіреген азамат болыпты, – деп сартылдап жауап бере бастаған жас жігітті оқытушы апай «Жарайды», – деп ақырын ғана айтып сөзін тоқтатты. Дәл сол кезде Алаш қайраткерлері туралы айтуға ресми рұқсат та жоқ-тұғын. Біз оларды партия саясатының қадағалауымен жазылған әдебиеттерден оқып-білуімізше, олар алашордашылар, яғни, ұлтшылдар. Жарытып ештеңе айта алмаймыз. Әруақты кісілердің заты түгілі, атын да білмейтіндер жетіп артылатын. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясынан ғана хабарымыз болмаса, ұлт көсемі болған ол кісілер туралы айтарымыз жоқтың қасы. Ал мына Торғайдан келген жігіт ол тарихтың шындығын білетін тәрізді.

Саяси әңгімеге біртабан жақын біздің досымыз СОКП тарихы сабағында да қамшы салдырмады. Ұстазымыз К.Ғабдушева апаймен жарыса сөз таластыратын. Құдды бір Ленин, Троцкий, Зиновьев, Каменев секілді большевик-меньшевиктермен дастархандас болып күн сайын араласып жүргендей сайрайды кеп. Суда жүзген балықтай еседі. Білгеннен соң айтады ғой. Күн көсемнің 55 томдық шығармасын түгел тауыспаса да атақты еңбектерін жатқа айтады. Сөйткен баланың апайға ұнамсыз қыры бар. Ол – сабаққа жиі-жиі қатыспауы. Ол дегеніңіз – сыйламаудың белгісі. Не керек, сынақ пен емтихан кезінде апай шәкіртінің ол қырын тез ұмытады. Ұмыттыратыны – өткен сабақтарды ұқтырып, мінсіз қайталап қоймай, сұрақ біткенге мүдірмей жауап беруі. Айызы қанады, содан кейін «5» деген дәу бағаны сынақ кітапшасына бадырайтып қояды.

Сабақты оқысаң Исмағұлов секілді оқу керек. Бұл өзі қызықтау үлгі болды. Аудиторияға ат басын сирек бұрады. Конспект жазуға да ықыласты емес. Қоғамдық жұмысқа да жегілуден ат-тонын ала қашады. Сөйткен Исмағұловты үлгі қылатынын қайтерсің. Оған себеп бұл студенттің жақсы үлгерімі, білмейтіні жоқ. Үйге берілген тапсырманы достарынан сұрап алады да, оқулық кітапты тез-тез парақтап оқиды да, жауабын тастай қылады. Ойлау қисыны мен зеректігі, шешен сөйлей білетіндігі ұштасып, мәселенің тігісін сипаттауға өте жүйрік екені сезілетін. Апырай, үнемі асығып, үнемі кешігіп, үнемі уақыты жетпей жататын бұл студенттің сондағы артықшылығы жұмбақ болғаны ма?

Біз онымен бірінші курста журфактың №5 жатақханасында бір бөлмеде тұрдық, Бауырғали Әкімбеков үшеуміз. Сабаққа салғырттау Бауырғали әр нәрсені сұрап Мылтықбайдың басын ауыртып жататын. Соның мұғалімі болды. Көрші екі адамдық бөлмеге Ғаппар Жаппаров пен Сапар Мүтәлиев орналасты. Үшінші қабаттағы қарсы бөлмеде жоғары курстың әйгілі студенттері – Лениндік стипендиат Жүнісбек Сұлтанмұратов, со кездің өзінде-ақ ақындығымен танылған Қонысбай Әбілов пен Ұлықбек Есдәулетов тұрды. Сол жігіттермен де тез жақындасып, жолдас болып кетті. Оның достары әр түрлі еді. Күндердің күнінде жастар газетінде бұрқыратып мақала жазып жүретін Әуез Бейсебаевпен ағалы-інілі сыйлас болдық. Думанды өмір ағысында ол бір кездестірген адамының өзін дос санайтын әдеті бар еді. Бұл дұрыс болды ма, әлде теріс болды ма, оны өзі ғана білетін. Жалпы жаратылысында көлгірсіген, алыстан орғытқан ұзақ сөзді ұнатпайтын досымыз өзін сері демесе де, сырттай қараған жігіттер оны сері деп еркелетті. Киім киісі де, шаш қойысы да жаңа заманның үлгісімен жарасып жүретін ол сол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін джинси шалбарды және өкшесі биік қымбат туфлиді де алғашқылардың қатарында киіп үлгерді. Жан дүниесі сырттай еліктеуге емес, өзіндік табиғи болмысымен оқшауланып көрінуге тырысатын ол өз достарының артықшылықтарын да бағалай білетін. Жақсыны жақсы дейтін. Қатарластарының арасынан өзіне ұнайтын жақтарын ұдайы айтып жүретін. Барлық іске тап-тұйнақтай, ең үлгілі студент, Лениндік стипендиат Жұмабек Кенжалин, сол кезде-ақ тарихи-әдеби тақырыптар жайындағы пікірталаста өз көзқарасын қорғау үшін небір ғұламалардан үзінді келтіріп, ағып тұратын Дос Көшімов, тек сән үлгілерімен ғана киім киюге құмар Мәкен Бақтыбаев, бүкіл қазақи болмысты бойына жинап алған Абдолла Сүлейменов, тырнақалды туындысымен талатты жазушы бола ала алатынын байқатқан Сәбит Дүйсенбиев және басқаларымен жақын жүруі және сырлас болуы, әзілдесуі өз алдына тұнып тұрған бір әңгіме.

Абитуриент – 76. Дайындық бөлімінен журналистика факультетіне оннан астам жастар келдік. Барлығы 50 шақты студент. Студенттік өмір енді-енді қыза бастаған сәт. Қазақ даласының әр түкпірінен келген ұл-қыздар бір үйдің баласындай болып, тату-тәтті өмір кешті.

Алғашқы сынақ үйлену тойын өткізуден басталатын болды. Жас шағынан ересек ағамыз Әшірбай Еркебаев пен Сәтен Ауқанова көңіл қосты. Біздер үшін №1 той. Мұны естіген профессор Тауман Амандосов ағамыз «Ғашық жүрекке әмір жүрмейді. Махаббат отына күйген екенсіңдер, шырақтарым» деп ақ тілек тіледі де, жігіттерге журналист қызға үйленбеңдер, оның көп қиындығы болады деп ұдайы айтып келе жатқан өз пікірін біздің де миымызға құйды. Оны тыңдаған құлақ та болды, ғашық жүректеріне әмірі жетпегендер де болды.

Асыға күткен той қаладағы ең мықты мейрамхананың бірі «Алатауда» дүрілдеп өтті. Филология факультетінің 1-курс студенті, артистік өнері бүршік атқан Өмірхан Әбдіманов тамада болды. Қазақ тойының дәстүрі бұл жолы да сақталды. Той төбелессіз аяқталса, қызық емес дегендей. Текетірес «рабфак» (дайындық курсында тарих, филология және журналистика факультеті студенттері бірігіп оқитын болған) пен 1-курсқа жаңа түскен студенттердің арасында басталды. Түн. Қараңғы. Ленин даңғылының бойында «ұрыс алаңы». Әуелі ересектер жағы жас балаларды тықсырып жіберді. Мұны көріп шыдамады-ау деймін, сол кезде 101-топтың кураторы, күні кеше ғана факультетті үздік бітіріп, Лениндік стипендиаты болған Ержұман Смайыл құшағына қысып ұстаған ұлын Ғабдулғазиз Есенбаевқа ұстатты да «Ал жігіттер, журналистер қай майданда да жеңілмеу керек» деп қолына іліккен жігіттерді шетінен тәртіпке сала бастады. Қарулы күштер қатарында үш жыл әскери-теңізші болған ұстазымыздың темірдей қарулы қолына іліккендер тырп ете алмай қалды. Ертесінде не болады екен деп үрей қаумалаған жігіттер аудиторияға ілбіп зорға жетті. Жоқ, сол кезде Мылтықбай деканат жақтан алқына жүгіре келіп, өзінің кураторға әлгінде ғана жолыққанын, бұл мәселе ешқандай жиналыста талқыланбайтынын айтты. «Спортпен айналысыңдар, сонда таяқ жемейсіңдер ендігәрі» депті. Сол заматта Еркін Жаппасов, Шархан Қазығұлов, Коммунар Табеев және Өтеген Нәукеев секілді жүректі жігіттердің жүзіне қан жүгірді. Көпшіліктің ісіне үнемі қамқоршы Мылтықбай бұл жігіттерді кешкілік саялы баққа демалуға шақырды. Ержұман ағай көп ұзамай «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысып кетті. Бұл күндері ол кісі елімізге белгілі қарымды қаламгер, білікті редактор.

Бұдан кейін журфакта болған тойда мұндай тосын оқиға болған емес.

Студенттер де біліп айтады. Еститінің…

Бізге Мылтықбай тамақ әперді! – деп шу-шу еткен қыздар.

Бізге Мақаң қарыз ақша берді! – деп разы көңілдерін білдірген жігіттер.

Бізді Мылтықбай драма театрға жаңа спекталь көруге шақырды! – деп жоғары курстың студенттері таңқалып жатады.

Біздің досымыз қалталы студент болды. Жақсы оқығаны үшін жоғары стипендия алады. Аудан орталығынан жүздеген шақырым шалғайда жатқан Түйемойнақ елді мекенінде тұратын әке-шешесінен ай сайын ақша келіп тұрады. Әйтеуір ол кісілер бұл баласынан ешнәрсесін аямады. Алматы поштасы арқылы ақшалай сәлемдемесі үнемі келіп тұратын. КазГУ-дің оқу ғимараты Бас поштамптың дәл іргесінде болғандықтан, оған кімнің қашан кіргенін көру оп-оңай. Сырттай бақылап тұратындар да бар. Досымыздың ақша алатын күндері белгілі. Қолы ашық жомарт жігіт қиыла өтінген сөзді қиып тастап кете алмайды. Кейбірде осы бір дағдысына өзімізше түзету енгіміз келіп, ақыл қосатынымыз бар. Оны ол жақсы түсінеді, дей тұрғанмен дос адамның қиындығымен өмір сүруге даяр тұратын ол өмірлік кредосы – адамгершілікке ғана сенетінін жасырмайтын. Әркім сыйлағанның құлы. Оны сыйлаған жігіттердің көп болғанын студенттік шақта жақсы білетінбіз.

Бірде «Кім қандай өмірді жақсы көреді?» деген тақырыпта диспут өткізгеніміз бар. Мезгіл қоңыр күз еді. Біразымыз жылдың төрт мезгілінің табиғи ерекшеліктерін ұнататынымызды, Алматыдан бір пәтеріміз болып, санаулы газеттің біріне қызметке тұрғанды қалайтынымызды, адал жар сүйіп, бала-шағалы болуды әдеттегідей айтып жатырмыз ғой. Орта тұстан килігіп сөз алған жас ақын Самат Асқаров: «Шіркін, қысыр емген тайдың қазы-қартасын тоя жеп, суыққа тоңдырмайтын сусынды сіміре ішіп, сосын қос атты шанаға жегіп, қырық градус Торғайдың аязында зырғып кетіп бара жатқаннан артық не бар?» деп шабыт шақырады. Торғай өңірінде өскен жерлесінің сөзіне мәз болып күлген Мылтықбай: «Адам бұл өмірде сен айтқандай емес, күймеге мініп, серуенге шыққандай болу керек» деп өзінің бекзат болмысқа, жұпар иісі аңқыған көктем көңілге аңсары ауып тұрушы еді. Сұлу өмірдің шәрбатын ішкен сал-серілер ортасынан жоғын іздеп жүргендей.

Сол қалпынан өзі де тайған жоқ. КазГУ-де өзіндік бір өлшем бар. Журналистика факультетінде оқыдың ба, онда атақты декан Темірбек Қожакеевтің қаһарына ілікпесең де, тоқпағын көруің керек. Сонда ғана сен мықты адам боласың. Орайы келгенде Мылтықбай ауыз айға білеген Қожакеевтің қаһарына емес, назарына ілікті. Ол қалай болды?

Шыбынның ызыңы естілетін сабақ үстінде мұртты жігіттің лекцияны құр тыңдап, алдында жатқан дәптеріне ешнәрсе сызбай отырғанын аңғарымпаз ұстаз байқап қалған. Әп, бәлем, бәрін миыңа құйып алатын сен кімсің дегендей… Тыныштықта «Сен, қане, орныңнан тұршы?» деп саңқ еткен деканның даусы зәремізді алды. Кім екен деп, әркім жан-жағына қарай бастады. Көзәйнегінің үстінен Темкең Мылтықбайға тіке қадалып тұр екен. Ол орнынан тұрды.

– Фамилияң?

– Исмағұлов.

– Жарайды. Ал атың кім?

– Мылтықбай!

– Паһ, шіркін. Атыңды қойған-ақ екен. Байқа бала, бізде Зеңбірекбайлар да оқиды.

Үнсіздік. Профессор іштей түйіліп барып, тына қалды. Сосын…

– Сен неге жазбай отырсың. Осыны білуге бола ма? – деп өзіне ғана жарасатын шалқақ кейіппен суыртпақпай бастады. Көзәйнегінің үстінен және үңіле қарап тұр. – Ағай, мен бас салып жазғаннан гөрі, мұқият тыңдағанды ұнатамын, – деп Мылтықбай айды аспанға шығарды.

– Солай ма? – Темкең одан әрі шалқақ қалпында. – Біз оны әлі көрерміз, – деді де лекциясын одан әрі жалғастырып әкетті. Алда үлкен сын, соймай ірейтін сағаттар күтіп тұрғаны жас шәкіртке белгілі болды.

Мылтықбай сөзінде тұрды. Батыр екен. Қожакеевтің сабағына да қамшы салдырмады. Темкеңнің қазақ сатирасы, жалпы журналистика тақырыбына байланысты таңдаулы еңбектерімен түгел танысып шыққан, тіпті жатқа соғатын дәрежеге жетті.

Адам баласына жіби бермейтін, бірақ жарғабақта құлағалы тұрған кісіні итеріп жібермей, қайта өзіне тартып алатын ұстаз бес жыл бойы осы шәкіртіне бір ауыз артық сөз айтқан жоқ. Жеке басына қатысты әлдекімдердің арыз-шағымына қарамастан, қиын жағдайда да оны аман-есен құтқарып қалды. Жақсы шәкіртін жамандыққа қимады.

Жүзі жылы профессор Ханғали Сүйіншәлиев басқа-басқа, сабағына қатыспаған студентті аямайды. Емтихан кезінде есінен тандырады. Көктемгі емтихан кезінде Ханғали ағамыз билеттің сұрағын алып, алдына келген шәкірті Мылтықбайды әрең шырамытып таныды. Сен менің сабағыма көп қатыспайсың-ау, жүзің соншалықты таныс емес, деп барып профессор ағамыз одан зарлы-заман поэзиясының өкілдері деп келген Шортанбай, Дулат, Шал ақын, Бұқар, Ақтамберді сияқты жыр жампоздарының өлеңдерінің тарихи-тәрбиелік мәнісін талдап бер, деп қатаң талап қойды. Мылтықбай іркілген жоқ. Ақындарың өлеңін бірінен соң бірін шұбырта оқып, әрқайсысына сипаттама беріп, сынаптай сырғыды. Ханғали аға аң-таң. Осыншама тақырыпты игерген шәкіртіне сенер емес. Бір уақытта ол «Иә, Нұрым ақын да былай деп жырлаған:

Ақсұңқар құстың баласы,

Тұғырда тұрар талпынып.

Ағаның ұлы бар еді,

Жауға шапқан алқынып.» – деп ала жөнелді.

– Тоқта, тоқта! Оу, мен сенен Нұрым ақынды сұраған жоқпын ғой.

– Сіз сұраған ақындарды түгел айтып болдым ғой. Мен оның бәрін Мағауиннің «Алдаспан» кітабынан жаттап алғам. Онда бәрі бар.

– Нұрым ақын да бар ма?

– Оны сіздің зерттеу кітабыңыздан оқыдым. Нұрым, Абыл, Қашаған секілді ақсұңқар сынды төкпе жыраулардың мұрасы әлі ел игілігіне берілмей келе жатқанын дабыл қағып жазыпсыз.

Профессор кілт тоқтады. Байқаймыз, оған тәнті болып отыр.

– Сен бала мені таңдандыра бастадың. Осы бағытыңнан таймасаң, жақсы ғалым болатын шығарсың, – деп батасын бергендей болғанына біз куә.

Әдебиеттен де «5» деген баға алған біздің досымыз үлкен ғалымның айтқанындай болмады. Ғылым жолына түсуді кейінге қалдырды. Кейде ойлаймыз, егер осынау алғыр шәкірт, ұстазының айтқанын қағып алатын студент ерінбей-жалықпай ғылыми-зерттеу институттарының бірінде еңбек етіп, ізденсе, ең кем дегенде өзінің үзеңгілес достары Өмірхан Әбдіманов немесе Болат Тілеубердиев секілді филология ғылымының докторы деген ғылыми атаққа ие болар еді. Қырағы көзі қиядағыны шалатын тарихшы-профессор С.Абдулпаттаевтың өзі партия тарихы пәнінен өте үздік оқыған Мылтықбайдың келешегінен көп үміт күтетінін ашып айтпаса да, қойған сұрағына мірдің оғындай дәл және саяси тілмен жұптап жауап берген кезінде әрі таңырқай, әрі мейірлене қарайтынын сезетінбіз. Жақсы оқитын студенттер көп болғанымен, үздіктер өзінен өзі алға шығатыны белгілі. Жұмабек Кенжалин, Әмір Оралбаев, Шолпан Алқанова, Уәлихан Тоқпатаев, Света Муньянова, Әндіржан Мұқанғалиев, Дүрәлі Дүйсебаев, Шархан Қазығұлов, Кәрібай Мұсырманов, Гүлмира Тойболдина, Мұрат Әбуов, Ержан Исаев, Дәуітәлі Медеев және басқа да қыз-жігіттермен Мылтықбайдың өзі құрметтеп, білім таластыратын сағаттары кешқұрым жатақханада қыза түсетін шақты сағынышпен еске алудың өзі жүректі тебірентеді.

Әркімнің қабілетін өзінше топшылайтын ол әрқайсымызды әрбір мәдени шараларға лайықты көріп, жетелей түсетін. 1977 жылы Самат Асқаров екеуміз көрнекті ақын Қадыр Мырзалиевтің шығармашылық кешінде өлең оқып, «Қазақстан» телевизиясының арнайы хабарына түскеніміз бар. Бізді телевизияның жастар редакциясының бас редакторы Құсман Игісіновке таныстырып жүрген Мықаң еді. Жатақханаға мәнерлі дауысы бар жастарды іздеп келген аға журналистерді біздің бөлмеге ертіп әкеліп, мақтауымызды жеткізіп, Райымбек Сейітметов, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты талантты актерлармен бірге ақын өлеңдерін бірге оқу бұйыртқан, анығында дәнекер болған жанашыр досымыз болды.

Туған өңірі Торғайдың кішкентай бір жақсылығы болса балаша қуанып, мәз болатын досымыз Торғайдың «Шертер» ұлттық аспаптар ансамблі Алматыға есепті концерт беруге келген кезінде достарының бәрін осы өнер кешіне өзі билет сатып алып, оншақты қыз-жігітті ертіп апарды. Сол кездері Үндістанның ірі қалаларын түгел аралап оралған бұл ансамбль Алаштың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің «баласындай» болғанын досымыз ерекше бір шабытпен қайта-қайта айтып отырды. Сол концерттік кешті ауылдан келген Мәжит Ағыбаев деген бауырым көпке дейін ерекше әсермен еске алып жүрді. Елі үшін жаратылған Мылтықбайдың ақ жүрегіне бір көргенде-ақ риза еді. Атақты ансамбльдің мүшесі, бүкіл Торғайдың топ жарғаны деп танылған әнші Ғазиза Жұмекенова туралы жастар газетіне үлкен мақаланы мөлдіретіп жазғаны да менің есімде.

Қызықтың көкесі мемлекеттік емтихан тапсыру қарсаңында болды. М.Исмағұловтың ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері шығарған, солақай саясаттың салдарынан пышаққа түскен қазақ басылымдарының тарихы туралы жазып, түптеп даярлап қойған дипломдық жұмысын бұлыңғыр жағдайда біреулер пәршек-пәршегін шығарып, жыртып тастапты. Жыртылған қағаздарды жинастырып алып Мылтықбай біздің үйге асығыс-үсігіс келді. Түрі өрт сөндіргендей. Жылап жібере жаздады. Жағдайды тез түсіндік. Бір шара көру керек. Не керек, жабылып жүріп, жыртылған қағаздарды желімдеп, қайтадан мәшенкеге басып үлгердік. Мұны ешкімге тіс жарып айтпай, құпия ғып сақтап жүрдік. Кейін ертегідей ғып айтқанымыз бар.

Қилы тағдыры бар әлгі диплом жұмысының тақырыбы да, оны ғылыми тұрғыдан сипаттаудың мәнісі мемлекеттік комиссияның төрағасы, белгілі сыншы, айтқан сөзі жерде қалмайтын Шериаздан Елеукенов ағамызға қатты ұнады. Өте жақсы бағаланды. Кілең ығай-сығай отырған мәжілісте М.Исмағұловтың бұл зерттеу еңбегі осы қалпында «Жұлдыз» журналына ұсынылсын деген қарар қабылданды. Мұндай құрметке ие болған студент жоқтың қасы. Бар болса, бірлі-жарым.

Ғұламалылардың өзін шәкірттік алғырлығымен мойындатқан еді-ау.

Тағдырдың дауылына, от пен суына төтеп берген қасиетті өңірдің төл баласы мұндай мақтауды ести тұра, бәрін аяқсыз қалдырып, ауылға тартып тұрды. Сол кеткеннен үлкен қалаға қарай қайта оралған жоқ. Жасанды ғалымдар қаптап кетіп, ғылыми құндылықтары төмендеп кеткен тұста Мылтықбай досымыздың студенттік шақтардағы сол зерттеу еңбегінің бағы ашылмағанына шынында да өкінесің. Барын бағалай білмеу ме, әлде ол үшін талантқа тән дүние жасау түкке тұрмайтын қалыпты жағдай секілді ме, түсінбеймін.

Мылтықбай арманға бай ғұмыр кешті. Ол кішігірім және үлкен нәрселерді армандады. Ауылға барамын, әке-шешеме көмектесемін, нағыз сүйікті жарды елден табамын, Алла қолдаса, үбірлі-шүбірлі бала-шаға сүйемін деп армандады. Ол арманы орындалды. Торғайдың мықты бір зиялысы боламын деген ойы бар еді. Ол тілегіне көпшілік сүйіспеншілігімен жетті білем. Аудандық газетте қызмет етіп жүріп-ақ, журналистиканың жергілікті жердегі мектебін қалыптастыруға болады деп айтушы еді. Ол мақсатына да жетті. Жангелдин аудандық газеттің және аудандық баспахананың директоры бола жүріп, жергілікті басылымның беделін көтерді. Бүкіл ауданның саяси-мәдени, рухани шарасына бел шешіп кіріскен Мылтықбай соңғы жылдары облыстық, республикалық газеттерге де бұрқыратып мақалалар жазды. Ел ішіндегі абыройлы кісілер мен таланттар туралы. «Егемен Қазақстанға» да мақала жолдап тұратын. Маржандай әріппен жазылған оның тұщымды мақалаларын оқып отырып, басылымның бас редакторы, таланттарды жазбай тани білетін Жанболат Аупбаев: «Мынандай үлкен қабілетпен аудандық газетте жүрген жігітке обал. Бір жағынан азаматтық позициясында тұрған, алыста жүрсе де сөз өнерінің құдіретін қастерлеген журналист екен» деп айтқанын талай естігенбіз. Таланты ашылмай кетер ме екен, өз мүмкіндігін танытатын кеңістік тарлық етер ме деген жанашырлық болса керек. Шынында да оның таланты толық ашылған жоқ. Арманда кетті. 52 жас деген не тәйірі!

Адам кейде өз үйіне де сыймайды.

Бір жыл болды. «Торғайдан хабарласып тұрмын» деген таныс дауыстың естілмегеніне…

 Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

 anatili.kazgazeta.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *