Бойжеткеннің өліміне «бір жапырақ қағаз» себеп болды ма?!

%d0%b0%d0%b9%d0%b3%d1%83%d0%bb

Осыдан біршама уақыт бұрын Қостанай облысы Константиновка ауылының 22 жасар тұрғыны — Айгүл Құсайынова есімді мұғалім қыздың дәрігерлердің немқұрайлылығынан қайтыс болғаны туралы хабар тарап, тіпті, оның өлер алдындағы хаты әлеуметтік желіде пайда болған еді.

Айгүлдің  ата-анасы оның өмірден ерте кетіп қалуына «медициналық көмек тіркелген жерде ғана көрсетіледі» деген ереженің себеп болғанын алға тартады. Бұл туралы NUR.KZ порталы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Осылайша, айықпас дертке шалдыққан жас ұстаз жақындарының қабырғасын қайыстырып, келместің кемесіне мініп кете барды.

Марқұмның ата-анасы Қостанай облысындағы Константиновка ауылында тұрады. Айгүл алғаш ауырғанда ауыл іргесіндегі Рудныйға апарған. Бірақ қалалық емхана дәрігерлері «тіркеуде жоқ» деген желеумен науқасты қабылдамай қояды.

«Рудныйда жатқанда тексеріп, емдемей ме?! «Бізде тіркелмеген» деп қалай ауру адамды шығарады?! Сол қынжылтады бізді! Министрліктің бәрімізді бір жерге тіркеп қойғанына қарсымын. Сонда адам өле берсін бе, егер тіркелмеген болса?» деп налиды Айгүлдің анасы.

Амалы таусылған ата-ана Айгүлді 250 шақырым жердегі Жітіқара қаласына апаруға мәжбүр болады. Ондағы ағайынының үйіне жедел жәрдем шақыртады. Реаниматолог Сергей Акимов Айгүлдің өмірін сақтап қалады. Дәрігерлер оған «Миастения», яғни, «бұлшықеттің әлсіреуі» деген диагноз қояды. Алайда, асқынған дерт ақыры ажал құштырды. Айгүл Құсайынова биыл маусым айында дүние салды.

Қайғыдан қан жұтып отырған Айгүлдің туыстары селолық және аудандық дәрігерлердің селсоқ қызметінен көңілдері қалғанын айтады.

«Аудандық аурухананың жедел жәрдем көлігі сол кездерде сынып тұрды. Қызым ауырып, шақырғанда келмеді. Оның үстіне Астана жаққа жіберетін квота да кеш белгіленді» дейді әкесі Таңатар Құсайынов.

Айгүлдің анасы Әлия Құсайынова қызының туған-туыстарының қамын ойлайтын қамқор болғанын айтып, көзіне жас алды.

Жоғарыда жазғанымыздай, әлеуметтік желідегі парақшасында 22 жастағы бойжеткен өз сырқатымен қалай күрескенін баяндап, емхана дәрігерлеріне алғыс білдірген еді.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген бойжеткен орта мектептердің біріне орыс тілі және әдебиеті пәнінен мұғалім болып орналасқан. Айгүлдің үшінші курстан бастап денсаулығы нашарлайды, алайда, оқуға қатты берілген ол бастапқыда денсаулығына мән бермеген.

«Диплом ұсынғаннан кейін сырқатым сыр бере бастады. Өзімді нашар сезініп, көз алдым бұлдырап, әлсірейтін болдым. Даусым өзгеретін. Алайда, окулиске жүгінгенімде, дәрігер компьютерден көзіңе зақым келген деп көзге тамызатын дәрі жазып берді» деп жазады бойжеткен.

Айгүл Құсайынова 2015 жылдан бастап денсаулығы нашарлап кеткесін талай дәрігердің табалдырығын тоздырған. Алайда, ақ халаттылар оған нақты диагноз қоя алмай,  біраз сабылтқан көрінеді.

«Орталық аудандық емханада бізді кабинеттен кабинетке сабылтып қойды. Өзім зорға жүріп жүрмін, арықтап, әлсіреп кеткенмін, сөйлеуге де мұршам жоқ. Ал олар болса диагноз қоя алмай, қабаттан қабатқа жүгіртті. Ақыры дәрігер дәрі жазып берді де, бізді үйге жіберді. Бұл ақылға қонымсыз еді, мен, тіпті, бір қасық су да іше алмайтын күйде болдым, ал олар болса дәрі іш дейді» деп күйінген еді Айгүл.

Бойжеткен өлім мен өмір арасында арпалысумен болған. Көп ұзамай Айгүлдің тыныс алуы да қиындап кетеді.

«Жедел жәрдем шақырттық, көп ұзамай ол келді, менің құтқарушым, дәрігер-реаниматолог Акимов С.П. Ол тәуекелге бара отырып, мені емдеуге шындап кірісті» деп жазған Айгүл.

«Мен жансақтау бөлімінде екі күн жаттым, бастапқыда жақсарғандай болдым, алайда, кейін соңғы күшіммен тыныстайтындай күйге жеттім… Мен тек амалсыз қабырғаға тесіліп жаттым, ауырғаным соншалық, медбикелерге маған өлім уколын салуын өтініп, хат жазумен болдым. Олар болса, ата-анаңды ойла, шыда деумен болды. Еңсем түсіп, үмітім үзілер шақта соңғы күшімді жинап, Жаратушыдан көмек сұрадым, ол мені естіді» деп жазған бойжеткен.

«Екі апта бойы емханада жаттым. Кейін біртіндеп оңалып, басқа бөлімге ауысқанымда өте бақытты болдым. Тек сол кезде тыныстап, тамақ, су іше алуың нағыз бақыт екенін түсіндім. Анаң, әкең, жақындарың ең қиын сәтіңде қасыңнан табылғаны — бақыт. Алғаш рет күріш ботқасын жей алғанымда, ол мен үшін ең дәмді ас болып көрінді. Енді ғана барымды бағалап, өмірді сүю керек екенімді түсіндім. Тек жақсылық жасап, бәрі жақсы боларына сене білу керек» деп жалғастырды Айгүл.

Бойжеткен бұдан әрі аяғынан тұруға көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдіреді.

«Мен Құдайға сенемін, маған оңалуға қол ұшын созғандарға алғысым шексіз. Денсаулықты сатып ала алмайсың, ешбір ақшаға. Бұл — өмірдің шындығы. Ата-анамды, достарым мен жақындарымды, әпкемді сүйемін. Алда әлі ұзақ ем күтіп тұр. Алайда, мен тек жақсылыққа сенемін» деп жазған болатын Айгүл.

Өкінішке қарай, дәрігерлердің және Айгүлдің емге бар күшін салғанына қарамастан, бойжеткен төрт ай бұрын қайтыс болды. 22 желтоқсан күні Айгүл 23 жасқа толар еді…

www.nur.kz

фото: kstnews.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында мектеп оқушыларының 27,3%-ы қазақша оқиды

Қостанай облысы — түрлі салаларды дамытуда әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Сондықтан ел экономикасына елеулі әсер ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *