Жантық пен Тантық

Жантық пен Тантықтың жатарға төсегі бөлек демесең, айтарға өсегі де, киетін киім-кешегі де, қыртқаны мен құртқаны, жұтқаны мен ұққаны да ұқсас. Мінез-құлқы есектің екі құлағындай егіз, екеуі де тоқ қаздың бөтегесіндей бұлтиған семіз. Бар айырмасы беттерінде: бірінің жүзі бөдененің жұмыртқасындай безеу-безеу болса, екіншінің әлпеті сарымай салынған қарындай сазара жылтырып тұрады. Сосын бір «сәл-пәл» өзгерек жері, Жантық — сақаулау, Тантық — мақаулау. Әрқайсысы — әлденеше парақша ашып алған әлеуметтік желінің «әйдігі». Жұртқа көрсететін сықпыты болмаса да, ұлтқа тигізер бықпырты көпбұқпаның ішіндегі ең «белсенділері». Тасадан тұрып тас атуға келгенде жауды жайратқан Төлеген Тоқтаровтан бетер. Адамды айыптаудан алдына жан салмайды.

Жантық — өзінің шұбар болып туғанын әкесі мен шешесінен емес, Басқадан көреді.  Тантық шалбары сыймай шартиып, бетінің іреп алынған ісектің бітеу құйрығындай жалпиып, салпиып қалғанын Қасқадан көреді.

Жантық — жұмысынан қате кетсе, сөгіс алып, жұбайынан жапа шексе «гендерлік саясаттан» деп боқтайды.

Тантық — жемсауы толмай қалса, тамаққа тоймай қалса«тендерлік саясаттан» деп оттайды.

Жантық — жел оңнан соқпаған күні Құдайды, солдан соқпаған күні Ығайды жазғырады.

Тантық – асқазаны ауырған күні Бас Дәрігерді сықпыртады, басқа жағы ауырған күні Жас Дәрігерді «ықтыртады».

Жантық — жақсылардың атағы бар деп қырын қабақ.

Тантық- «бақсылардың» сақалы бар деп ырылдамақ.

Жантық — жылт-жылт «нетіп…» «тесіктен тесікке» сыймай жүр.

Тантық — ырқ-ырқ етіп, есіктен есікке сыймай жүр.

Жантық — кейде көріп үреді, кейде еріп үреді.

Тантық – екі бұтын керіп жүреді, елдің теріс мінін теріп жүреді.

Жантық —  «алтын арқалап, жантақ шайнаған нармын» деп «ойнайды».

Тантық — «халқым алқалап, ортақ «сайлаған» «ханмын» деп ойлайды.

Жантық — жұртты «ақымақ» көреді, «ақымақтарға» ақыл айтып«аһылап» сөгеді.

Тантық — ұлтты «батырақ» көреді, «батырақтарға» «батыра айтып» «бақылап» көреді.

Жантық — «сауатты, жауапты» көрінуден үмітті.

Тантық — «сауапты, қауақты» көрінем деп діңкесін құртты.

Жантық — біреудің ақшасын есептеп ермек етеді.

Тантық — біреудің бақшасын өсектеп ермек етеді.

P.S

«Бүкірді көр түзейді» дейді қазақ.

Бұл екеуі осылай көрге кетеді.

 

Абылай МАУДАНОВ, Қостанай

Фото Интернеттен алынды

Мынаны да қараңыз

«Демократия дерті»

Арғы атамыз Ебелек батыр батырлығымен қоса аңқаулау кісі болыпты. Марқұмның сөзге ергіштігі жанда жоқ екен. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *