Тірі адамға ескерткіш

Биыл біздің мектеп бітіргенімізге бес жыл. Көктүйнек орта мектебін енді көрместей, есігін қайтып ашпастай болып қоштасқанымыз кеше ғана сияқты еді. Әупірімдеп «Әліппе» ашып, бірінші сыныпқа барған кезімнің өзі тұп-тура бүгінгідей көз алдымда. Кішігірім шөмеледей шашын желкесіне түйген, түйе арбаның доңғалағындай көзілдірігінен шүңірек көзі жылтыраған мұғалима (есімі Шәрипа екен) біздерді жетектеп кабинетке кіргізіп, бой-бойымызбен орналастырды. Бәкенелер бірінші қатарға жайғасты, сидам сирақты мен сияқтыларға соңғы қатардан «сыбаға» тиді. Астаубай атты бала көршім болып шықты. Астаубай десе – Астаубай, басы кішігірім астау сияқты. Алайда, соншалықты ірі бастың ішінде «іліп алар» ештеңе жоғы бірінші сабақта-ақ білініп қалған.

Апайымыз тақтаға күлімсіреп тұрған кісінің суретін іліп қойыпты. Бірінші сыныптағы бірінші сұрақ сол – «Бірінші кісінің» кім екенін сұраудан басталды.

«Ал, балалар, кәнекей, мына кісіні кім таниды?» деп шәниіп тұр Шәрипа апайымыз. Ойбай-ау, ол кісіні кім танымайды?! «Мен айтам» деп қолымды көтергенше, Астаубай орнынан атып тұрды.

– Ал, Астаубай, келесі жолы қолыңды көтеруді ұмытпа, айта ғой?

– Апай, ол кісіні танимын. Бірақ аты есіме түспей тұр. І…і… ол, ол – дөкей, нән кісі ғой. Теледидардан күнде көрсетеді. Папам көрген сайын балағаттайды…

Шәрипа апайымыз «шар» етті де, шашалып қалды. Шүңірек көзі табан астында шапыраштанып бара жатты. «Отыр, оңбаған!» деп оқыс айғай салғанда, сыныптың іші селк еттік. Апайдың даусының қатты шыққаны сонша, қабырғада ілініп тұрған сақалы бар кісілердің өзі сескеніп, көздері жыпылық-жыпылық етіп, қорқып кеткендей әсер берді маған. Сүйтіп, Астаубай тақыр жерде сүрініп, бірінші сабақта-ақ «екілік» алып еді.
Екінші сыныпта апайымыз біздің саяси сауатымызды ашып, ашық сабақ өткізетінін айтты. Мектеп директоры өзі бақылайтын сабаққа жан-жақты дайындалдық. Шәрипа апай тақтаға 20 және 30 деген жазуларды жазып, «кәне, балалар, кім айтады? Осы жылы біздің еліміз қандай елге айналады?» деп жауабын кеше үйреткен сұрағын қайталады. Тап осы сәтте тағы да Астаубай бүлдірді. Аңқасбай неме, аяқ астынан атып тұрып «анау суреттегі дәу мысыққа айналамыз» деп айғай салсын. Әй, Астаубай-ай!!!

Не керек, бастауышты бітіргенше Шәрипа апай Астаубайдың басына бор атумен болды. Бірақ оған қыңған Астаубай жоқ. Керісінше, Шәрипа апайдың өзінің шашы төрт жылдың ішінде борға малғандай бозарып кетті.

Сүйткен Астаубай қазір әйдік азамат. Бір фирманың білдей күзетшісі. Оқу оқып қатырмаса да, атамандық тізгінді қолынан шығармаған ол, әлі күнге «билік айтқыш». Көнбесең бір-ақ ұрып сылқитып, «сындыра» салады. Бес жылдықты ауқымды түрде атап өту бастамасы да «атаманның» аузынан шыққан идея.

–Тіпа, тіпа, бір есепті бөліп көшіріп, бір нанды бөліп жеген 20 бала, әлі күнге сол тату қалпымыздамыз. Ендеше, «жасампаздықтың жарқын жылдары» деп, бесжылдықты неге жарқыратып тойламаймыз, ә?! Көрсін басқалар, біздің қандай жетістікке жеткенімізді. Сол үшін, аштан қатсаңдар да ауыздарыңнан жырып, жиырма мың теңгеден ақша жинайсыңдар, — деп бұйрық берген ол биылғы Жаңа жыл кешінде. Бұйрық бұлжытпай орындалды. 400 мың теңге «кассада» жатыр. Кеше соны қалай игеру жайын талқылаған болатынбыз.
– Қадірлі сыныптастар! — деп салмақты сөз бастады Астаубай, — міне, біздер өстік, өркендедік. Оған бүкіл ауыл куә. Мысалы, өзім – күзетшімін. Сен шопырсың, оған да шүкір. Ал, мына суайт – құрылысшы. Ауылдан бес үй бұзып, Астанадан бес бөлмелі үй салып алды. Сол сияқты бәрің де бір-бір дәрежеге жеттіңдер. Қыздарда жаман емес, біз атшы болсақ, олар хатшы. Осының бәрі ұстаздардың арқасы. Ендеше, бормен ұрған ұстаздарға хормен рахмет айтып, естен кетпес сыйлық жасайық!!!

Атаман аузын жияр-жимастан ду қол шапалақтанып, ұл-қызымыз ұлардай шуластық.

– Шара-табақ апарып, шанышқы-қасығын қосып берейік!

– Алтынмен аптап, күміспен күптейік!!!

– Ат мінгізіп, шапан жабайық!

Атаман басын шайқады.

– Ат мінгізіп, шапан жабатын ол ақын-жазушы емес. Ат берсең өліп қалады, шапан берсең тозып қалады, – деді ол мақалдап. – Одан да өткен бір сыяпат қажет!

Шақшадай бас шарадай болды.

– Сыныптың бұрышына бюстін орнатайық, – деп бөсті бір сыныптас.

– Олай ету этикаға жат, тірі адамға ескерткіш қоюға болмайды!

– Таптым! – деді Астаубай жымың қағып. – Ауылға апайдың ескерткішін орнаталық!!!

– Айттым ғой, тірі адамға ескерткіш қоюға болмайды, – деп қарсылық танытқысы келген бір құрдасымызды Астаубай түтіп жей жаздады:

–  Этикаңның енесін ұрайын, сен-ақ осы білгішсіне бересің, неге болмайды, ә?! Көрдім ғой мен Астанада тірі адамға орнатылған ескерткішті.

– Кімнің ескерткіші екен ол? Тағы да танымай қалған жоқсың ба? – деген қыздардың қағытпасын атаманымыз қаперіне де алған жоқ.

– Айттым, бітті! Есектің артын жусаңдар да, ескерткішке ақша табыңдар! – деді Астаубай.

Атаманға қарсы тұрар «құйрық» қайда?! Бәріміз басымызды қасып, көнген сыңай таныттық. Егер Көктүйнек ауылында тағы бір тірі адамға ескерткіш ашылып жатса, таңырқамаңыздар. Несі бар, талай Астаубайды адам қылған ұстаздардың әрқайсысына ескерткіш қойсаң да артық емес-ау…

Абылай МАУДАНОВ

фото: ашық дереккөз

Мынаны да қараңыз

ПОЭЗИЯ «ПЫРАҚТАРЫ»

Әлем-жәлем киінген жас ақын әлдеқандай болып, редакцияның әдебиет бөліміне келіп түскен хаттарға шұқшиып отырған-тын. Кенеттен ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *