Ақылбек ШАЯХМЕТ. Кесенеден басталған кеп

Қыпшақ даласының бір пұшпағында орналасқан Әмір Темір мұнарасы сонадайдан «мен мұндалап» көзге түседі. Бұл тарихи ескерткіш – атақты  әміршінің қызына арнап салдырған кесенесі. Аңыздың айтуына қарағанда, Темір Тоқтамыс ханға қарсы жорық жасап келе жатқан сапарында осы маңайдағы қыпшақтар бейітінің жанындағы көлдің қамысында әміршінің қызын жолбарыс жарып өлтіреді. Ақсақ Темір қызына кесене орнатып, оның кірпіштерін осы арадан қырық шақырымдай жерде орналасқан Троицк қаласынан алдырады. Сол кезде әміршінің сарбаздары ұзын сапқа тұрып, кірпіштерді біріне-бірі әперіп отырған екен.

Қостанайлық қарт ақын Өтеміс Қалабаев ақсақал қыпшақтың атақты байы Жаманшалға тосыннан біткен дәулеттің осы қасиетті кесенеден басталғанын жыр қылып айтады. «Зерделі қарияң бар болса – жазып қойған хатпен тең» деген сөз рас.

Кесенеден басталған кеп менің ойдан шығарғаным емес, ақсақалдың айтқан әңгімесі. Өйткені, Жаманшалдың жанашыр жақын туыстары да білмеген, ерлі-зайыпты екеуі ақырғы күндерге дейін құпия сақтаған жағдайды Өтеміс ақсақал байдың балаларында малай болып жүрген кезінде естіп, көкірегіне тоқыған. Сонымен, әңгімемізге көшейік.

Жаманшал ертеде бай дейтін бай да емес, кедей дейтін кедей де емес, еті тірі, пысық жігіт екен. Мініске жегетін екі аты, бір сауын сиыры, он шақты қой-ешкісі бар екен. Жазда жайлауға шықса тігетін бес қанат қараша үйі, қыста қыстайтын жертөлесі болыпты. Жаз шығып, жер кебісімен қойдың жүнін қырқып, ешкінің түбітін тарау маусымы басталарда әйелін қасына алып Бестөбе, Орқашты жайлаған Жаппас ауылдарына барып, түбіт, жүн, тері жинап алып, оны қазіргі Варна маңайындағы саудагер татарларға сатып, айырбас жасайды екен.

Осындай сапарының бірінде күн кешкіріп кетіп, семіз аттарым қолды болып кетер деп қауіп ойлаған Жаманшал Темір салдырған кесене маңайындағы көл жағасына келіп түнеп, аттарын доғарып, әйелі екеуі кезектесіп күзетіп отырса керек. Кенет, құлағына тарантас арбаның сықыры естіледі. Таң қараңғысында пар ат жеккен белгісіз біреулер кесене жанына келіп тоқтап, қабір маңайын қазып, көтеріп әкелген әлдебір заттарын тығып жатқанын көріп отырады. Олар көл табанындағы қалың шық басқан шөптің астында жатқан бұларды байқамайды.

Сонымен, таң атысымен Жаманшал зират басына келіп, қазылған жерді тез-ақ тауып алады. Сүйтсе, қазылған жер қабірге ұқсамайды. Ақыры шұқырды бос топырақтан тазалап, үш бірдей брезенттен жасалған қанарды алып шығады. Аулағырақ шығып, ішін ашып қараса, шұғадан бастап сиса, мауыты, берен, жібекке дейін бума-бума мата, тағы басқа неше түрлі көздің жауын алатын асыл заттар салынған екен. Ең ғажабы, бір буманың ішінен тайтұяқ алтын шығады. Мұны көргенде ерлі-зайыптылардың естері кетеді.

Аман-есен елдеріне оралғаннан кейін Жаманшал төрт бірдей қойын жайратып сойып тастап, ағайын-туған, көрші-көлемдерін құдайыға шақырады. Оның мұндай мырзалығына ел аң-таң болып отырғанда, ас желініп болғаннан кейін Жаманшал: «Сәрсенбі күні түнде түсімде ақ сақалды, аса таяқты бір ақсақал аян берді. Ол ана от басындағы қара құманыңның ішіне қара, сонда көргеніңді адам баласының аяғы тимейтін жерге апарып көм. Он күн өткеннен кейін қайтадан қазып аласың, сонда үрім-бұтағыңа дейін жететін дәулетке ие боласың! Бірақ қай жерден алғаныңды ешкімге де айтпа!» – деп ғайып болды. Тұра сала қақпағын ашып қарасам, қара су ұйып тұр екен. Оны апарып жан баласы баспайтын жерге көмдім. Бүгінгі құдайы ас беріп жатқан себебім сол еді», – депті. Мұны естіген жұртшылық: «Саған Қыдыр қонған екен! Байлығың елден ассын, бақытың тасысын!» – деп ақ баталарын беріп тарқасады. Кейін ел Жаманшалдың құманында ұйыған су алтын болып қалыпты деген әңгіме таратады.

Іле-шала Жаманшал сол кездегі Жаманқыз, Көнтек, Жамақай секілді байлардан бірер жылдың ішінде-ақ дәулетін асырып, Қоңырөзектің басындағы Қарасу мен Қысырақтың қырқа жалының етегіне ағаштан қиғызып үй салдырып, сегіз қанатты отауларын тігіп, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой бағады. Бұл кісінің дастарханы да кең, өзі кедей-кепшікке рақымды болып, аталас туыстарының бәрі дерлік: бірі жылқышы, бірі қойшы, бірі күзетші болып жұмысқа да қарық болып қалады. Жаманшалдың үлкен ұлы Иманқұл момын екен де, екінші баласы Смайыл ұрлық пен зорлықты да жасаған, атқа мінген   алпауыттармен ауыз жаласқан, бетіне жан баласын  қаратпаған, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған. Маңайындағы шұрайлы деген жердің бәрін қарауына алған. Қырда жылқы бақтырса, жақындағы орыс қалаларында сауда жасаған. Сүйтіп, әкеден қалған дәулетке дәулет қосып, байлықтың буына әбден бөккен адам болған.

Смайылдың өзінің сөзін сөйлейтін  адамдар да керек, сондықтан тумалас ағайыны Қарпық байдың Тағылы деген  інісінің баласы Жүсіпті болыс қылып сайлаттырады.  Көп ұзамай олардың арасына жік түседі.

Келер жылы жайлауға көшіп келіп, қонып жатқан Смайылға малшыларының үстінен қарайтын Сағымбай келіп: «Қарпық түнде біздің шабындыққа жылқыларын түсіріпті.  Малымызды суаруға Жанбай көліне апарсақ, адамдарын жұмсап, қуып тастапты. «Смайылдың арамдықпен жиған малы ауыз суды арамдамасын депті», – депті.  Мұны естіген Смайыл: «Баласы болыс болғаннан кейін Қарпық қыршаңқы қышымаға айналайын деген екен. Олай болса бүгіннен бастап емдеу керек», – деп қарауында жүрген жырық Досмағамбет пен жуас Зорды шақыртып алады.

«Қазір екеуің тұңғиық қара суға барып, суға шомылған болып жүріңдер. Түс кезінде Жүсіп болыс күнде сонда суға түседі. Ұстап алып, мойнына тас байлап, суға батырып жіберіндер! Жауабын өзім беремін! – дейді.

Екі жігіт межелі жерге барып: «Мұнымыз қалай болар екен?» – деп кеңесіп отырса, жорға мінген Жүсіп келіп: «Жігіттер, аттарыңа мініңдер, жеңгелеріңнің қолынан қымыз ішіп, бір тоқтының етін жейсіңдер. Суға содан кейін де түсіп үлгересіңдер», – деп ертіп кетеді. Оның дәм-тұзын татқан екі жігіт дастарханнан аттай алмай, ауылдарына оралады.  Мән-жайды қожайындарына жасырмай айтады.

Сонда Смайыл: «Жарайды! Сендер Жүсіпке қолдарыңды тигізгілерің келмеген екен. Ендеше мына буманы алып Жүсіптің ағаш үйінің астына қойыңдар, оның шетінде бауы бар, соған от салып, өздерің жылысып кетіп қалындар, бір шырпыны тұтатқанның еш күнәсі жоқ», – депті.

Жүсіп үйінен қонақ арылмайтын кісі екен. Тапсырма алушылар үйге жақындап барса, іші  толған адам, сыртында бірнеше ат-шана. Екеуі тағы ақылдасып: «Бұл пәле жарылып кетсе, ішіндегі адамдардың ажалына жауапты болармыз. Онан да басқа амалын қарастырайық!» – деп тұрса алдарынан сыртқа дәрет алуға шыққан Жүсіп тағы жолығады.

Олар: «Жол-жөнекей келе жатып, шамның жарығын көргеннен кейін сізге сәлем бере кетейік деп бұрылып едік», – деп сылтауратады.

Жүсіп алғысын айтып: «Ендеше, сыбағаларыңды жемей  кетпейсіңдер», – деп үйіне түсіріп, қонақ қылып жібереді.

Сол кездегі Қоңырөзек бойындағы Радут деп аталатын татар ауылы мен оның күншығысындағы Липсенск поселкесінің орталығына көшіп келіп, қоңыстанған украиндар хуторында Смайыл дүкен ұстаған. Енді басқа амал тапқан Смайыл осы хуторға келіп, старостасынан бастап дүкеншісіне дейін ішкізіп-жегізіп алып: «Сендерге бір өтініш болып тұр. Осы дүкеннің ішіндегі бар нәрсені сырт жұртқа сездірмей таратып алындар. Бірақ өте тақырламай, аздаған бұйымдарды қалдырыңдар. Ал алдағы сенбіге қараған түні дүкеннің есігін бұзып,  терезелерін қиратып, «дүкенді  біреулер тонап кетіпті»,  – деп  маған шапқыншы жіберіңдер. Мен полицейді ала келермін, сонда оның  сауалына: «Кеше бір-екі рет Жүсіп болыс бір жігітімен кіріп-шыққан, басқа ешкімді көрген жоқпын», – деп жауап беріңдер. Сіздерді тағы да ырза қыламын», – деп ақыл үйретіп кетеді.

Смайылдың дегені болып, Жүсіпке жала жабылып, арада бірер күн өткенде Жүсіпті Смайылдың ауылына әкеледі екен деген хабар естіледі. Смайыл өзінің қарауындағы Зорды шақыртып алып: «Кешке полицейлер Жүсіпті біздің үйдің қақпасының алдына жаяу айдап әкеледі, соны тосып тұрып, ертіп апарып бұзау қораға малайлар жататын жерге апарып қондырасың», – дейді. Зор тұрып: «Жоқ, ол кісіні үйіме апар десеңіз, апарайын,айтқаңыңызды жасай алмаймын, басқа адамды жұмсаңыз», – деп бас тартады. Жырық Досмағамбет пен молда Бәлкені жұмсаса, олар да Зордың айтқанын қайталапты. Сол тұста Жұмақұл деген жігіт қылмысты болып, Смайылды паналап жүрсе керек. Бай соны жұмсайды. Жұмақұл сөзге келмей байдың айтқанын орындайды.

Ол кезде қораның шетінде малайлар жататын сәкі болатын, онда төселген сабаннан басқа төсеніш те болмайтын. Мұндай күйге тап келген болыс намысқа шыдамай, сәкіге отыра қалып, өкіріп жылап жібереді. Смайылды арқа тұтқан Жұмақұл болса: «Әй, болыс! Көзің аққыр, неге жылайсың?  Осында жатып жүрген малайлар да сен секілді анадан туған. «Бұлардың жағдайын бір түн жаныңда түнеп, көзіңмен көргенің дұрыс», – деп  одан әрі табалайды.

Жүсіп те қаражаяу кісі емес: «Олай болса, мен саған қағаз жазып берейін. Соны Досмайылға апарып бер!» – деп Жұмақұлды жұмсайды. Ол қағазды оқып, әліпті таяқ деп танымайтын Жұмақұлды қайыра Смайылға жібереді. Смайыл қағазды оқып көріп: «Мұны маған несіне жіберген. Өзіне жазылғанды өзі шешсін», – дейді. Олар Жүсіпті үйіне алдыртып, анасы екеуі құшақтасып көрісіп, ертеңіне Жүсіпке ат мінгізіп, шапан жауып, сый-сияпатпен үйіне қайтарады. Соның артынша Смайыл Тағылының  Жүсібін болыстықтан босаттырып, ағасы Досмайылдың баласы Жүсіпті болыс сайлаттырады.

Смайылдың бір зорлығы мен бір қорлығы осындай болғанда, жасаған қулық-сұмдығы да аз емес. Өзіне қарасты жердің біраз бөлігіне егін еккізіп, одан да көп пайда тапқан. Біразын қол астындағы елге беріп, қалғанын сатқан. Сол жылы егін бітік шығып, Смайылдың қоймалары түгел толады. Оның бәрін Смайыл патша үкіметіне сатып, мемлекет өкілдеріне есіктерін бекіттіріп, мөрлерін қойғызады. Араға бірнеше күн салып қоймаларды ашқызып, ауыл қазақтарына бір сатылған астықты арзандау бағамен тағы сатады. Содан кейін бос қалған қоймаға өрт жіберіп, үкімет орындарына қоймаға найзағай түсіп, өрт шықты деген хабар береді. Қанша жырынды болса да, Смайылдың жіберген қатесі – өртенген астық жағдайын білуге келген комиссия өрт орнында бір түйір де астық қалмағанын айғақтайды. Өртенді деген бидай орнында оның күйген қабығы да қалмапты.  Оның үстіне Қарпық әулеті: «Смайыл барлық астығын сатып жіберіп, бос қойманы өртеді» деген арыз-шағымдарын қардай жаудырады. Смайылға сот өтетін болады. Мәселе насырға шапқаннан кейін Смайыл өзінің жан аямас құрдасы Жанқожа Ерменбайұлын қасына алып, сот болардан үш күн бүрын Троицкіге келіп, сотқа таныстары арқылы аямай пара береді. Сот болса: «Істің беті жаман. Басы бүтін ақтап алуға шама келмейді. Кемінде бір жыл абақтыға отыруға үкім шығуы мүмкін. Бірақ қашан сот біткенше Смайылды бақылауға адам қоймаймын, ар жағын өзі білсін», – деп хабар береді.

Бұлар Текенің Құсайыны дейтін қара күштің алыбын пайдаланып, оның су таситын бөшкесінің ішіне қашқынды жасырып, аттарын дайындап қойған межелі жерге келіп, Торғай асып, қашып кетеді. Торғай жағында екеуі бір жылдай жүріп, күндердің күнінде бір бақсыға келіп бал аштырса, бақсы тұрып: «Өздеріңе қарасам, екеуің екі елді билегендей жігіт екенсіңдер, құмалағымды сөйлетсем, екеуіңді де қашақ деп тұр, қайсысыңа нанайын?!» – депті.

Бұл сөзді естіген соң: «Енді бір жағына шығайық, қашқанымызды қояйық!» – деп Петерборға сапарға қамданады. Онда патша сарайына кіруге ниет қылғанмен, қолдары жетпейді. Енді сонда тұрады деп естіген Кенесары баласы Сыздық төрені іздейді. Миллион тұрғынды зәулім қаладан сұрай-сұрай оның да мекенін тауып, бірақ үйге тура кіріп баруға бата алмай, бекер қарап жата алмай, сол аулада ойнап жүрген бір қаракөз баламен тілдесіп, оның Сыздық сұлтанның баласы екенін біліп, қолына үш сом ақша беріп, кетіп қалады. Осы әдетін ертеңіне тағы жасайды. Баланың шешесі орыс қызы, сол іздеген сұлтандарының келіншегі екен. Ол кезде бір қойдың құны небәрі отыз тиын. «Мұнша көп қаржыны кім берді?» – деп баладан сұрап, анығын біліп, сыртқа шығып, меймандарды үйіне шақырады.

Сыздық төре қонақтардың Сарыарқадан келгенін естіп: «Сонда Смайыл дегеннің аты шығып жатыр, оны білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Сонда Смайыл тұрып: «Сол Смайылдың не көзімін, не өзімін», – деп оқиғасын баян қылады. Ақыры олардың сапары баянды болып, жолаушылар Сыздықтың көмегімен атақты адвокат Плевакомен танысады. Плевако бәрін тыңдап алып, өзінің дербес вагонын пойызға тіркетіп, Троицкіге жетпей тұрып Смайылға: «Үкіметтің қолына өзің барып беріл, ар жағын өзім білемін», – дейді.

Смайылды ұстаған жерден Троицкіге дейін жаяу айдайтын болады. Досжан арқылы бұл хабардан ерте құлақтанған татар көпесі Молдағали Яушев інілерін шақыртып алып: «Сендер екі тройка ат жегіп, олардың алдынан шығыңдар, полицейін де, Смайылды да күймелі тарантасқа мінгізіп әкеліңдер», – дейді. Інілері қарсылық білдіріп: «Біз оны не деп қарсы аламыз? Біздің жетпіс өгізді де кезінде жеп кетіп, теңдік бермеген», – десе керек.

Сонда Молдағали тұрып: «Смайыл жесе бөрі болғандықтан жеді. Әйтпесе, қай қаймана қазақ бізге тырнағын батырушы еді. «Ит ашағанша бөрі ашашын»! Көп сөзді қойып, айтқанымды жасаңдар!» – деп інілерін көндіреді.

Қостанайлық Алма есімді қазақ қызынан туған, қазаққа жиен болып есептелетін адвокат Плевако Смайылды сүттен ақ, судан таза қылып, құтқарып алады. Плевако Смайылды төңірегіндегі халыққа жақсылық жасаған, қоймасындағы астығын аштан қырылуға жақындаған кедейлерге бөліп берген игі жан етіп көрсетеді. Бұл оқиғадан кейін Смайылмен жағаласып жүрген Қарпық әулеті шұғыл қоныс аударып, осы күнгі Аршалы, Әйет бойынан қоныс тебеді. Бірақ Смайылдың дәурені де ұзаққа бармайды. Қара шекпенділер көші ұлғайып, бұрынғы атақонысына Степнинск, Стрелец, Чернореченск, Бородиновка, Чесменский секілді орыс поселкелері орнығып, малдың өрісі, қазақтың тынысы тарылған заман туады. Смайыл қазіргі Қарабалық өңіріне — Бозкөл мекеніне қарай ығысады.

Смайыл Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына қатысқан. Меккеге қажылыққа барған. Өзі аман-сау оралғаннан кейін шешесі де қажылыққа баруға ниет етіп, әйел адамды жалғыз жіберуге шариғат қоспағандықтан Смайыл сол кезде Троицк жәрмеңкесіне өнер көрсетуге келіп жатқан Мұқаң палуанды қонақ қылып, өтініш айтып, онымен шешесінің некесін қидырып, екеуінің  жол қаражатын дайындап, қажылыққа жіберген. Осы сапардан келгеннен кейін қазақтың атақты палуаны Қажымұқан, ал Смайылдың шешесі қажы ана атанған.

Осы әңгімені жалықпай айтып берген ақсақалдың сөзінен кейін екі түрлі ойда қалдым. Әңгіменің оқиғасы тартымды, шиеленісті, ал кейіпкерлерінің атын өзгертіп, естігеніне ойымнан қосып, жазып шықсам, одан қызық хикая болмайды. Бірақ, ел мен жер аттары олай жазуыңа жол бермейтін секілді. Өйткені, осы оқиғаның өзі қазақ халқының бір бөлігінің басынан өткен тарихы емес пе?! Өзіміздің Би-ағаның көп әңгімелерінде жер атын да, кісі атын да сол қалпында алған себебі де осы болуы керек. Сол үшін кезінде Би-ағаңа ренжігендер де болған көрінеді. Бірақ «болғанды болды деп айтқан» кісінің не жазығы бар?!

Смайыл да өзінің жанында ұры-қарысын да, ақынын да, молдасын да ұстаған, біреуін мейман қылып, сыйлап, біреуін қорқытып, қинап дегендей, әйтеуір, бәрімен тіл табысқан, алысқанымен шабысқан, құшақ жайғанымен табысқан, өз заманының намысын жыртқан жырынды болғаны дау туғызбайды.

Смайылдың жанында көп жүрген халыққа қадірлі кісілердің бірі — атақты Сүйірқұл молда. Бұл кісінің «Қара дәптеріне» түскен Серәлі Еруәліұлының «Сұлуағаш», «Жаманқара Жантілес балаларының ата қонысын жоқтауы» өткен күндерді көз алдымызға айнытпай алып келсе, оның Жаманшал баласы Смайылға өлеңмен жазған хаты да тарихтың бізге қалдырған аманаты.

Осынау тарихи жәдігерді осы күнге жеткізіп, ет желінген жерде жыртылып, қолға сүртіліп кете жаздағанда аман алып қалып, аман алып қана қоймай, араб әрпінен қазіргі әліпбиімізге түсірген Өтеміс ақсақалға алғысымызды айта отырып, осы хатты оқырмандар назарына ұсынайық. Сүйірқұл молданың Жаманшалов Смайылға жазғаны:

Дүйсенбі күні түстеніп,

Мұсадан шықтым ертерек,

Айдынға ұшқан аққудай,

Қонбақ болдым ентелеп.

Күнде келген кісідей,

Түрлі ойға қалдырып,

Қарттық, шіркін, тоқтатар

Алды-артыңды кертелеп.

Жүрмеймін деп ойласаң,

Мұқтаждық, шіркін, қоя ма,

Еріксіз айдап, желкелеп.

Кешегі жүрген жас шақта,

Бал ішкендей мас шақта,

Түнде келсек күндіздей,

Әдепсіздік білгізбей,

Бәйбіше, байдың алдына

Келуші едік еркелеп.

Қонақ үйге келдім де,

Түсе қалдым айналып,

Астыма көрпе салдым да,

Отырдым біраз жайланып.

Пар ат пенен қосшым жоқ,

Алдыма салған басшым жоқ,

Қызмет үшін пақырға

Кім келуші еді сайланып?

Әуелгі жүрген түрменен,

Ескіден қалған нұрменен,

Қажы анама барам деп,

Сағымбайды жібердім,

Ақырында ойланып,

Қасыма қайтып келмеді.

Хабарды жылдам бермеді.

Айтқан сөзім желге ұшып,

Отыра бердім шарасыз.

Қайғыланды көңілім,

Кешеден бері, қажы ана,

Отырмын сізге бара алмай,

Сағымбайды жіберіп,

Нақты хабар ала алмай,

Бөтен елдей көрінер

Ақ отаулар арандай,

Көзіме салқын көрінді

Қайыры жоқ сараңдай.

Жат көрініп жастарға,

Сізге айтайын назымды,

Іште сақтап қала алмай.

Ұмытып-ақ кеттің бе?

Емес пе едім балаңдай!

Көру мақсат сіздерді,

Қажы болған анамыз,

Қысылшаң кезең кездессе,

Қорғанатын панамыз.

Дидарыңды көргенде,

Зәмзәм суын ішкендей,

Мейіріңе қанамыз,

Көре қалған жақсыны,

Ақылы асқан данамыз.

Отырғанда қасыңда,

Сөзіңнен үлгі аламыз.

Көре алмасақ жүзіңді,

Мақұрым болып қаламыз.

Жас елуден асқан соң,

Алпысқа таман басқан соң,

Үлкен кісі именшек,

Үлкеннен жастар жиреншек,

Жылдан жылға ажырап,

Барады суып арамыз.

Топқа түсіп тайсалмай,

Айтып жүрдік өлеңді,

Жал-құйрығын тарақтап,

Әсемдеп міндік дөненді.

Қойға салып қор етпе

Жұрттан асқан өренді.

Тасқа салып мұқалтпа,

Тас кесетін беренді.

Сөйлер сөзге келгенде

Ағаң зейіні терең-ді.

Жылдар жылжып ілгері,

Сайрандатқан жігіттік,

Біздерден өтіп жөнелді.

Заманымыз өтті енді,

Кәрілік басқа жетті енді,

Бұрынғыдай шаттылық

Көңілден ұшып кетті енді.

Соғыссаң да қайырып

Ала алмайсың өткенді.

Қойдың жүні көрпеге

Ескі де болса шұғадай,

Тоқып киген шекпенді.

Арыған асыл жүйрікті

Сыншы бар ма білетін,

Иығын қамытқа ездіріп,

Күні-түні жеккен-ді.

Неше түрлі кезеңдер

Өтті менің басымнан,

Ойын менен күлкіге

Әуес едім жасымнан.

Болмасам да қайратты ер,

Белге садақ асынған,

Алыстап аулақ жүрмедім,

Жақсылардың қасынан.

Жақсы атақты ала алмас

Залымдарға қосылған,

Өсекшіге бас қоссаң,

Айырады досыңнан.

Адалдықтан таймасаң,

Сүйкімсіз жұртқа болмайсың,

Айырмасын осыдан!

Сөз сөйлесең жарасар

Қалың топтың ішінде,

Ақбөкендей жосыған.

Дарындылық айтқызар

Көкейде көніп жата алмай.

Болмаған соң тосылған,

Айтпасына қоймайды

Таралған елге дабысың,

Сөзіңді қоссаң бәйгеге,

Кетпейді жұртқа намысың.

Қас жүйріктер елей ме

Жердің  жақын, алысын,

Сыртыңнан дұшпан көздейді,

Аяқта болса шалысың,

Дәулет кетсе басыңнан,

Алыстап  кетер танысың,

Фәни дүния жылжиды

Өтетінін білдірмей,

Ғайып болады зым-зия,

Көз назарын ілдірмей.

Арды сақта, азамат,

Дұшпаныңа таба боп,

Досыңды да күлдірмей.

Бәрекелді, Сейітжан!

Мейман дедің, сыйладың,

Әкемнен үлкен бабам деп,

Кемшілікке қимадың.

Қайтсем көңілін табам деп,

Ойын менен күлкіден

Ауызыңды жимадың.

Замандасын жоқтар деп,

Күндізгі ішкен қымызға

Ақсақалын ауылдың

Бірсыпыра жинадың.

Құрметіне бөленген,

Риза саған мейманың,

Үлкенге қылсаң жақсылық,

Нәпсіңді мықтап тыйғаның.

Атаның ізгі жолымен,

Қабылдап оның мирасын,

Қайырлы болсын жиғаның,

Тоқтыңды сойып, бас бердің,

Ішіне салып қазыңды,

Екі күн жатып көрмедім

Жастықпен қылған жазымды.

Көп сауапқа жолығар,

Қайырлы етсін өзіңді.

Бізге еткен құрметке

Сізді де Алла сыйласын,

Көрген көзбен үлгіні

Қолданбай қалай тұрасың?

Өтірік деп нанбаған,

Көргендерден сұрасын.

Біздің бата қабыл боп,

Бақытыңды шалқытып,

Мал мен басың құралсын!

Мақсатыңа жеткізіп,

Беріктеліп тұра алсын.

Несие берген пұлындай

Мейманға берген асыңыз.

Қолда дәулет тұрғанда,

Орны келсе, шашыңыз!

Бақ пен дәулет кернесін,

Алға қарай өрлесін,

Ғайып-ерен қолдасын,

Дұшпанға теңдік бермесін,

Бұл қалыпқа тоқтамай,

Ілгерілеп басыңыз,

Биік тауға домалап,

Өрлей берсін тасыңыз!

Ендігі заман сенікі,

Көзіңізді ашыңыз,

Осы күні биліктің

Қолға ұстауға тізгінін.

Бар күшіңді аямай,

Жұмсайтұғын мезгілің.

Зерделігің жетеді,

Талабың таудай екенін

Болжағанмын, сезгенмін,

Қияны қия өтетін,

Жалындаған жасыңыз,

Туысыңнан болмасын

Шалатын іштен қасыңыз,

Ынтымақпен бәріңнің

Қосылсын бірге басыңыз,

Жақсылыққа бөленіп,

Жамандықтан қашыңыз.

Кекті дерттер кездеспей,

Қария болып сар тісті,

Ұзақ өмір сүріңіз,

Ағарғанша шашыңыз,

Осы кезде, шырағым,

Топтан озған жүйріксің,

Мақтанарлық әр тұлғаң,

Суға біткен сүйріксің.

Басына жәндік шықпаған,

Өрістеген биіксің.

Болжатпайтын алды-артын,

Томағадай тұйғынсың,

Екі күндей қасыңда

Отырғанда сынадым,

Атадан артық туыпсың,

Ізгі жолды қуыпсың,

Қайыспайтын теректей,

Тар жолда көпке керектей,

Беліңді бекем буыпсың.

Сырыңды берме, шырағым,

Күлімдеген күндеске,

Алдына келіп иіліп,

Есіне түссе ұялар,

Қайсысына тілдессе.

Жамандықты ойлайды

Ағайынды күндеген,

Жылтырайды көзіне

Келіспеген түрменен.

Өзгеге жәрдем бере алмас,

Жақсылық жолда жүрмеген.

Кісіні сөзге қандырмас,

Атасы топқа кірмеген,

Ақыл тауып бере алмас

Өзінің жөнін білмеген.

Жапалақтың баласы

Көлден үйрек ілмеген.

Ақсұңқардың баласы

Қиқусыз жерге кірмеген.

Досың  жақын болмайды

Көңілдегі кірменен.

Көңілі қара дос болмас

Ішінде жүрген зілменен.

Жылмаңдаған жылпостар

Қосылып ауыз жаласқан,

Толып жатыр бұл күнде

Бақытыңа таласқан.

Тосамын деп алдыңды,

Бәрі де жолдан адасқан.

Атаңыз өткен Жаманшал,

Жетіспеген пақырға

Ықыласпен қарасқан.

Бірі де босқа қалған жоқ,

Маңайыңа жанасқан.

Жәрдем алып елеулі,

Риза болып тарасқан,

Атаның жолын тастама,

Залымдарды қоштама,

Ғаріп пенен міскінді

Көре тұра қыстама.

Шапағатты болсаңыз,

Жаман қалып ұстама.

Жоқ-жітікке қарасқан,

Қыдыр дарып, бағы асқан.

Үш рудан оздырып,

Бақытың ассын Алаштан!

Әрине, мұндай өлең-жырлардың тыңдаушыға ғана емес, тіфу десе түкірігі жерге түспеген Смайыл секілді болыстарды тәрбиелеуге де ықпалы тигеніне күмән келтіруге болмайды. Жаманшалдың Смайылы маңайына ақын мен әнші жинаған, сауық-сайран құрған, қонақжай адам болған. Сарыарқаға атағы жайылған Қара болыс Смайылдың туған жездесі екен. Бірде елдің игі жақсылары бас қосқан үлкен жиынға Қара көп кешігіп келеді. Смайыл өзінің жанында бір керауыз, ұрдажық жігітті ұстайды екен. Соны шақырып алып: «Қазір Қара келісімен ал да боқта, жауабын мен беремін», –  дейді. Ол басынан бастап аяғынан бір-ақ шығады. Қара үндемей тыңдап алып, жайғасып отырғаннан кейін: «Апырмай, құлақ естігенді көз көреді деген рас екен. Смайылдың көрінген адамға абалайтын бір төбеті бар деп еді, оны да көрдік», – депті. Бұл ұтымды сөзге ешкім де уәж қайтара алмаған.

Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында (С.Мұқанов. 15 том.70 бет) «Кейбір бай қазақтар егіншілікпен де шұғылданып, жүздеген десятина егін еккен. Мысалы, Қостанай уезінде Смайыл Жаманшалов деген помещик болды. Патша үкіметіне жаққан кей қазақ байларына дворян атағы, кең және құнарлы егістік жерлер берілген» – деп жазады. Смайылдың ірі жер иеленуші болғаны осы мысалдан да айқын көрінеді.

tobyl-torgai.kz

Мынаны да қараңыз

МАҒЖАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ 20-ЖЫЛДАРДАҒЫ САЯСИ-ИДЕЯЛЫҚ ТАРТЫС

1917 жылы Қазан төңкерісі нәтижесінде билікке келген Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі білім беру жүйесін, ...

Бір пікір

  1. Атасы біреудің тыққан дүниесін пайдаланып байыған, ал ұрпағының басқаларға зорлық зомбылығы көп болған екен. Ондай адамды үлгі етіп, насихаттаудың қандай жөні бар? Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *