Алаш қозғалысының идеялары мен мұраларын насихаттау ұсынылды

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Алаш партиясының 100 жылдығына арналған «Алаш Орда –Тәуелсіздік символы» атты дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Оны педагогика институтындағы Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы мен облыстық Архив және құжаттама басқармасы және Қостанай облысының мемлекеттік архиві ұйымдастырды.
Тарихшы ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, этномәдени орталықтар өкілдерінің, оқытушылар мен студенттердің басын қосқан отырыстың мақсаты Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет және ұлттық құрылыс ретінде қалыптасуының басында тұрған алаш қозғалысының атқарған роліне баға беру болатын. Алаш қозғалысын, оның идеялары мен мәдени мұраларын зерттеу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында айтылған мәселелермен сәйкес келеді.
«Алаш қозғалысы бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалады. Қазақ халқының болашағын ойлаған Алаш азаматтарының білімі мен еңбектері арқасында Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы қалыптасты, ол бүгін дүниежүзі танып отырған Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізі болатын» деді дөңгелек үстел мәжілісінің модераторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл.
Мұнан кейін сөз алғандар Алаш қозғалысының зерттелуіне, насихатталуына жан-жақты келді. Облыстық Архив және құжаттама басқармасының қызметкері Салтанат Тасжанова Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарымен жұмыс істеудің ерекшелігі және Қазақстан мен Ресей архивтерінен табылған жаңа құжаттар туралы әңгімелесе, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Серікжан Ысмайылов қазақ халқының этникалық аумағының сақталуында «Алаш» көшбасшыларының үлесі туралы айтты. Ал Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты қашықтан оқыту факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Зәмзәгүл Шахаман Алаш қозғалысы лидерлерінің жаңашыл идеяларына тоқталды. Сонымен қатар дөңгелек үстел басқосуына қатысушылар алаштықтардың қоғамның рухани жаңғыру үдерісіндегі рөлі, оған қосқан өлшеусіз үлесі туралы әңгімеледі. Мәжіліс соңында Алаш ардақтыларының еңбектері мен өмірін зерттеуді жалғастыру, жастардың патриоттық сезімін қалыптастыру үшін оларды барынша насихаттау, ол үшін көптеген іс-шараның тақырыбы ету туралы мәселелерді міндеттеген қарар қабылданды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *