Бүгіннен бастап зейнетақы, жәрдемақы және әскери қызметшілердің жалақысы өседі

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемі 20, әскери қызметшілердің жалақысы 25 пайызға өседі деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, мамыр айында бірқатар әскери қызметшіні мемлекеттік наградамен марапаттау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығының және Қарулы Күштердің 25 жылдығының құрметіне 1 шілдеден бастап Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Ұлттық гвардияның және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын 25 пайызға көтеру туралы шешімін мәлімдеген еді.
«Кез келген Тәуелсіз мемлекеттің Қарулы Күшінің, құқық қорғау органдарының болуы қажет екендігін білеміз. Сондықтан мемлекет қиындықтарға қарамастан әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасын күшейту және жағдайларын жасау үшін барлық шараны қабылдап отырады», — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ мамыр айында ҚР Парламенті Мәжілісі зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру бойынша заң жобасын мақұлдады. Заң жобасында зейнетақы заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізу көзделген. Ең алдымен, Елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері үш кезеңде арттырылатын болады. Бірінші кезеңде, яғни, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Ал екінші кезеңде, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап: ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайызға; базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтіледі. Нәтижесінде, бүгіннен бастап ең төменгі зейнетақы 45 711 теңгені, орташа зейнетақы 66 676 теңгені құрайды. 2016 жылы ең төменгі зейнетақы көлемі 37 789 теңге болған еді, сәйкесінше, бүгінгі көрсеткіш 2016 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға көбірек. Тағы бір атап өтерлігі, бұл арттыру еліміздегі барлық 2 миллионнан астам зейнеткерді қамтитын болады және ол үшін қосымша құжаттар қажет емес. Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізілетін болады. Ол базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалады. Жаңа әдістемеге сәйкес, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады, бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылған зейнетақы жинақтарының мерзімі ескеріледі. Үстіміздегі жылы зейнетақы мөлшерінің 20 пайызға дейін артуын ескере отырып, заң жобасында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінен 50-ден 54 пайызға дейін ұлғайту ұсынылған. Осылайша, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері, азаматтардың еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударымдар кезеңі: 10 жылдан аспаса, онда ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын; 20 жыл болса — 74 пайызын; 33 жылдан асқанда — 100 пайызын құрайды. Нәтижесінде, еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болады. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 2 млн зейнеткердің: 44,7 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызынан жоғары алатын болады; 45,2 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алады немесе базалық зейнетақысы бүгінгіге қарағанда 2 есе көп болады деп күтілуде. Бұдан басқа, заң жобасында балалы отбасыларды мемлекеттік қолдауға бағытталған нормалар қарастырылған. Біріншіден, бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 20 пайызға арттыру көзделген. Жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 31,41 айлық есептік көрсеткіштен 38 айлық есептік көрсеткішке дейін (71 270 теңгеден 86 222 теңгеге дейін), төртінші және одан көп балаға 52,35 айлық есептік көрсеткіштен 63 айлық есептік көрсеткішке дейін (118 783 теңгеден 142 947 теңгеге дейін) артатын болады.
inform.kz

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *