Қостанайлықтар қоныс тойын тойлады

Өткен Астана күні мерекесінде Ғазиза Шолпан­ба­е­ва­ның қуанышы еселеніп кетті десе болады. Облыс әкі­мі Архимед Мұхамбетовтің қолынан пәтер кілтін ал­ғанда жүрегі алып-ұшып, ерекше толқыды. Баспана қи­ындығы өздерін шаршатқандай еді. Ұлы мен қызы өсіп қалды, әлі күнге дейін отбасы жоғары оқу орнының жа­тақханасындағы аядай бір бөлмеде күн көріп келді. Үлкен қызы 13 жасқа толды, ұлы 10 жаста. Балалардың сабаққа дайындалуына бөлмесі тарлық ететін. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет істейтін өзінің кітаптары мен көрпе-төсегі қатар жиылып тұрады. Отбасы болған соң мерекелерде, отбасылық қуаныштарында туған-туыс, дос-жаранға үйден дәм таттырып, дастарқан жаюдың өзі жұбайы Ерұлан екеуіне қиын болатын. Әйтеуір, «көңіл сыйса – бәрі сыяды» деп қонағын атқарғанмен де, өздері қысылып-қымтырылатын. Әу баста қаладан үй сатып ала қо­я­р­­лық жас отбасының жинап қойған қар­­­жысы да болмады. 2012 жылы олар Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінен депозит ашып, мақ­сат­ты түрде баспанаға ақша жинай бас­тады.
– Жұбайымыз екеуміз айлық жала­қы­мыздан артылған ақшаны депозитке жинадық. Бала-шағаның тамағы, киімі бар дегендей, ақша үнемдеу оңай да емес. Біз алдымызға мақсат қойдық. Жаңа пәтер біздің арманымыз болатын. Енді, міне, өз баспанамыз болатынына сене алмай тұрмын. Бір бөлме болса да, іші кең, бөлмесінің өзі – 42 шаршы метр. Бізге әзірге жетеді. Енді достарымызбен, туыстарымызбен қоныс тойымызды тойлайтын күн де алыс емес, қазір үйді жасауға, жиһаз қарауға кірістік, – дей­ді Ғ.Шолпанбаева қуанышын жасы­ра алмай.
Сол күні 70 отбасы дәл осындай жаңа қоныс қуанышына кенелді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 5 қабатты үй Қостанай қаласының Совхоз көшесінде бой түзеген болатын. Одан 50 отбасы екі бөлмелі, 10 отбасы үш бөлмелі, 10 отбасы бір бөлмелі пәтердің кілтін алды. Оның салынуына 557 миллион теңге жұмсалды.
– Бүгінде облыс орталығында 1 692 пәтерлі 25 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылыста да «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» акционерлік қоғамы белсенділік танытады деп білеміз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын, үйлеріңіз берекеге толсын! – деді баспаналы болған қалалықтарды құт­тықтаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Жаңа үйден қоныс тепкен тұр­ғын­дар­дың барлығы да қа­ла әкімдігінде бас­пана кезе­гінде тұр­ғандар мен «Тұрғынүйқұ­ры­лыс­жинақбанкінің» салымшылары еді. Оларға пәтерінің бір шаршы метрі 117,6 мың теңгеден түсті. «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, өз баспанасын сарыла күткендер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық-әлеу­мет­тік кемел сая­сатының арқасында осындай жеңіл­дік­терді де сезінді. Қуанышқа қуаныш үстеме болғандай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
egemen.kz
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *