Торғай жерін зымыран қалдықтарымен толтырмақ немесе Мұхамбетовтің мұнысы несі?..

Күні кеше Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, ғарышкер Айдын Айымбетов Жанкелдин ауданының орталығы Торғай селосына келіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «СОЮЗ-2» ғарыштық мақсаттағы зымыранды ұшырудың еліміздің қоршаған ортасына әсерін бағалауға арнап жиын өткізгенінен көзіқарақты оқырман хабардар. 

Өкінішке қарай, сол жиында Жанкелдин ауданы аумағынан, нақтырақ айтсақ, Шөптікөл мекенінен зымыран қалдықтарын құлату үшін 76 мың гектар жер 3 жылға берілетін болып шешілген. Енді Торғай жерін зымыран қалдықтарымен толтыратын болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, торғайлық ақсақалдармен кездесуге уәде беріп, ақыры сол «уәдесінде тұрған» министр Атамқұлов құлайтын зымыран қалдықтары белгіленген жылдар ішінде 8 рет құлайтынын жеткізген. Сондай-ақ аудан бюджетіне жыл сайын 152 млн теңге (?) қаржы аударылып отырмақшы. Ал іргесіне қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына «жедел жәрдем» көліктері бөлініп, ауызсу тартылатын көрінеді. Оның үстіне сол жердегі көпірді жөндеуге де уәде беріліп отыр екен.

Күлесіз бе, жылайсыз ба?!

«Аудан бюджетіне 151 млн теңге бөлеміз» деп ауыз толтырып айтыпты. Бұл қаражат қай жыртығымызға жамау болатынын бір құдайдың өзі білсін. Десек те, бұл қаржының «шашылмай, төгілмей» аудан бюджетіне құйылатынына тағы да күмән бар… Егер де 152 млн теңгемен торғайлықтардың еңсесі көтеріліп, жағдайлары дұрысталып кетер болса, оны да көрерміз кезінде…

«Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, бұл мәселе көтерілгенде алғаш болып Тобыл-Торғай сайты дабыл қаққан еді. Торғайлық бір топ ақсақалдың Үкімет басшысына, министр Бейбіт Атамқұловқа жазған Наразылық хатын жариялады. Бұл хат көпшілік оқырманды бейжай қалдырған жоқ. Олар да өз қарсылықтарын әлеуметтік желілер арқылы білдіріп жатты. Бір қызығы…

Иә, ең бір қызығы, кешегі жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Тобыл-Торғай сайтына «арандатушы» деп «баға» беріпті. Арандатып отырғанымыз жоқ, дәл солай депті. Сол жиынға қатысқандар куә. Әйтпесе, біз бар болғаны полигонға наразы болған Торғай тұрғындарының хатын жарияладық. Сондай-ақ оқырманымыз, ҚР Журналистер одағының мүшесі Асқарбек Бектемісовтің «Торғай еліндегі толқу…» мақаласымен бөлістік. Жерлесіміз – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының осы мәселеге орай ашына жазған «Қара тақта» өлеңін жарияладық. Біз тек халықтың үнін дер кезінде жеткізуді мақсат еттік.

Білдей бір облыстың тізгінін ұстап отырған әкімнің сайт ұжымына бұлайша жала жабуы көңілімізге кірбің ұялатты. Егер біз, Архимед мырза айтпақшы, нағыз «арандатушы» болсақ, астықты өңірдің жылт еткен жаңалығын – әкімнің облыс тұрғындарының игілігі үшін атқарып жатқан оң жұмыстары туралы сайтымызға сүйіншілеп жазбас едік. Егер біздің Мұхамбетовтен ала алмай жүрген қандай да бір «өшіміз» болса, «тырнақ астынан кір іздеп», әкімдік жұмысының кемшін тұстарын баяғыда-ақ жіпке тізіп тұрып жазар едік. Алайда, біз сайтты ашарда алдымызға Тобыл-Торғай өңірінің тарихи һәм мәдени өмірінен сыр шертіп, осы өлкеден шыққан атақты тұлғаларымызды кейінгі жастарға таныстырып, оқырмандарымызбен бөлісіп отырамыз деп мақсат қойған болатынбыз.

Ендеше, Мұхамбетовтің мұнысына жол болсын…

Хош, Үкімет Торғай халқына жыл сайын 152 млн теңге беріледі депті. Әлеуметтік жағдайын дұрыстаймыз депті. Сонда дейміз-ау, егер Торғайға ракета қалдықтары құламағанда, халық биліктің бұл «шарапатынан» да қағыс қалады екен… Егер Ресей қазақ жерін уламағанда, Торғай халқы әдеттегідей ауызсуға жарымай, өлместің күнін кешіп жүре береді екен…

Не дейміз? Қазақ халқына у жұтқызуға кіріскен ресейліктерге рахмет айтамыз ба?!

Бастапқыда Торғай жерінің полигонға айналуына қарсы өре түрегелген ақсақалдар, осылайша, «райларынан қайтыпты». Сірә, билік те ол кісілердің «жанды жерлерін» дөп басқан секілді… Амал қанша?..

Ендігі біздің міндет: биліктің үйіп-төгіп берген уәделерінің дұрыс жолға қойылып, жіті орындалуын қадағалау. Әйтпесе, жер тепкілегеннен ештеңе өнбесі анық.

Ұзын сөздің қысқасы: Торғай халқы бүгін үндемесе, бұл – «билікке қарап бас шұлғи береді» деген сөз емес!

Ал Архимед мырзаға келетін болсақ, «сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, министрдің алдында бұлайша «ақталуы» «Менің атым Қожа» туындысының басты кейіпкерін көз алдымызға әкелгендей болды…

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

Тобыл-Торғай сайтының Бас редакторы

 

 

Мынаны да қараңыз

Қайран, Қарабалық

Байтұрсын Ілиясовтың «Көкеңнің көзі еді» мақаласын оқыған соң. Бұл мақала менің ми түкпірімде қашаннан бері ...

12 пікір

  1. Қостанайлық

    «Сонда дейміз-ау, егер Торғайға ракета қалдықтары құламағанда, халық биліктің бұл «шарапатынан» да қағыс қалады екен… Егер Ресей қазақ жерін уламағанда, Торғай халқы әдеттегідей ауызсуға жарымай, өлместің күнін кешіп жүре береді екен…»
    Дәл осы жері күшті кеткен екен. Мұхамбетовтің мұнысы жарамаған екен

  2. Азамат Карипбаев

    Бул негизинен еки елдин арасындагы келисим шарт буган типти Нурсултан Назарбаев та келискен казакстандык АО»Байтерек» Пен Роскосмос тын келисими буган Архимед Мухамбетулынын катысшы жок

  3. Архимед тек орындаушы ғана ғой

  4. Автор, сіз неге бұл мәселеге біржақты қарайсыз? Жангелдин ауданында ешқандай ірі өндірістер жоқ, осыған тиісті салық түсімдері де жоқ. Жангелдин ауданы басқа аудандарға қарағанда, мысалы Денисов, Амангелді аудандарын алғанда, 80% Қостанай облысының бюджетінен дотация алып отыр. Сіз ауданның экономикасын арттыру жолдарының мәселесін неге көтермейсіз? Осындай мүмкіндік туып отырғанда, халқымыздың жағдайын жақсартпаймыз ба?

    • Ақымақ, жер деген ана! Ақша табамын деп анаңды өткізсеңші саунаға! Көтіғ шыдайды ма?!

  5. Ағайындар! Сол аталған зымыран кұлау аумағаның тускен қаражат сол жергілікті ауыл бюджетіне түссе ол жақсы емес па, егерде жергілікті тұрмыска пайдаланса керемет емеспа? Мәселен, Байконырдан түскен каражат республикалык бюджетке туседі екен олда Ресейден акшалай емес, кару жарак болып келеді екен Жергілікті халыкка еш пайдасы жок№ Оган караганда элде кайда жаксы емеспа
    Осылай ақша таппасак мидалаға ким каражат куяды

    • бір қазақ қой

      Айналайын! 26 жыл бойы бір тиын бөлмей, жағдайларын жасамай, аяқ астынан «жарылқағыштарға» жол болсын, итке сүйек тастағанай-ақ және Сіз айтқандай мидалада бұрын 150 000 халық тұрған, қазір көшіп кеткеннің өзінде әлі 75 000 халық тұрып жатыр.

  6. Ақтәбе қонағы

    Зымыранның қалдықтары түскен бойдан арнайы топтармен жина алады екен. Сонымен қатар экология қызметкерлері ауадан, судан, топырақтан сынау алынып, зерттеу бақылауда қадағаланады екен. Сондықтан егерде штаттан тыс жағдай болған кезде экология қызметкерлрі тыйм салады екен.

    • Кешіріңіз, сонда сіздің ойыңызша еш қаупі , зияны жоқ демексіз бе? Мен сізбен келісе алмаймын. Зияны жоқ болса неге былтыр ақбөкендер жаппай қырылды және биыл малшы қой бағып , найзағайдан қаза тапты дейді(мыс) . Ауылда өстім, бірақ найзағай жағалап , бір отар қойды малшымен, жапан далада жағалап өртеді дегенді естімедім. Мұның себебі Торғай даласына сынақ қалдықтарын түсіруге ерте рұқсат берілген. Ал халыққа енді береміз деп хабарлауға.

  7. Балғатай

    Кеңес одағы кезинде бүндай коғамдық тындаусызда талай маңызды шаруалардыда откізген емеспа? Ресейді бөлек айтқанда?

  8. Жайберген

    Торғайды полигонға айналдыру туралы мәселеден бұрын облыс әкімінің сайт қызметкерлеріне «арандатушы» дегені қызық болған екен. Қайдағы арандатушы? Мен білсем, бұл сайттан әкімнің жұмысын көрсеткен жап-жақсы мақалаларды да көзім шалып қалады.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *