Болшы бекем, Торғайым!


Құт мекенім айықпастай қайғы алды.
көрді қауым басынан бақ тайғанды.
Бөкендердің жайылымы болған жер,
Бөтендердің қоқысына айналды.
Ұлыларым ұлықтаған бұрынғы,
Қарт Торғайдың халі нашар бүгінгі.
Баға жетпес анамдай ең ардақты,
Нақ цифрмен белгілепті құныңды.
Алған қаржы қай жыртықты жамасын,
Жан жарасын қай дәкемен таңарсың.
Жер-ана деп жар салуда адамзат,
Жалға берген жан бар ма екен анасын.
Халық кетсе дала боздар аңырап,
Шайқалады шаңқай түсте шаңырақ.
Тегістеліп бабалардың бейіті,
Малсыз, жансыз қалар ма екен қаңырап.
Бергеніңнен көп қой сенің берерің,
Бәз біреулер соны елемей ақ келеді.
«Малым-жанның садағасы»-десең де,
Арын жаннан биік қойған ел едің.
О, туған жер, лайланды ғой тұнығың,
Бей хабармыз жасап жатыр мұны кім.
Аздық етіп Семейдегі сергелдең,
Қас күнемдер салды саған құрығын.
Қайран елім арылар ма сорынан,
Ерлер қайда жерін сүйген, қорыған.
Қарғаға ұқсап қарқылдайды біреулер,
Ташеновтей тұлғалардың жоғынан.
Жүрек-қобыз мұңды күйін шертеді,
Қашан бітер олар соққан ертегі.
Саф ауаны у жайласа, не болар,
Құрсақтағы сәбилердің ертеңі.
Ел басына қауіпті күн төнуде,
Зиян сөзге зиялылар сенуде.
Ахмет пен Міржақыптың ұясын,
Зымыранның қалдығымен көмуде.
Қолдан келер қайран бар ма, қорғайын,
Жаратқанға жалбарынам әр дайым.
Ертеңгі күн бұлыңғырлау болып тұр,
Атамекен, болшы бекем, Торғайым!!!

Еркебұлан КӘРІМҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Рудныйдың мәслихат депутаты жеңгетайлықпен айналысқан ба?!

Рудныйда жас қыздарға қалталы азаматтар мен қомақты табыс табатын жұмыс тауып беріп, жеңгетайлықпен айналысқан қалалық ...