Қостанайда өзге ұлт өкілдері қазақ тілінен сабақ береді

Қостанай облысында бүгінде қазақ тілін меңгеріп, тіпті осы пәннен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері бар деп хабарлайды timepress.kz желілік басылымы kaztrk.kz-ке сілтеме жасап.

Римма Афанасьева Жітіқара ауданында дүниеге келген. Өскен ортасында қазақша сөйлейтіндер мүлде болмапты. Орыс мектебінде оқыған. «Қазақ тілін меңгеруге өзімнің қызығушылығым мен осы пәннен сабақ берген ұстазым себеп болды» дейді ол.

«11-сыныпты бітірген кезде «Мен қандай пәнді жақсы білемін?» деп ойладым. Сол кезде қазақ тілінен бір байқауға қатысып, екінші орын алғанмын. Егер жарыста озсам, яғни, әрі қарай тырыса беруге болады деп шештім», – дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Римма Афанасьева.

Сөйтіп, Римма қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Қазір Федоров ауданындағы Воронеж ауылында орыс мектебіне қазақ тілінен сабақ береді.

Ал Дмитрий Ромашенко – Федоров кентіндегі орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Украин отбасында дүниеге келді, мектепті орысша оқыды. Әйтсе де, өзінің ерік-жігерінің арқасында қазақ тілін меңгеріп шықты. Жоғары білім алды. Бүгінде білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр. Әлі де болса, қазақ тілінің насихатталуы кем деп қынжылады.

«Тағы да насихаттау керек. Жақсы кітаптар шығару керек. Әлемдегі ең жақсы кітаптарды қазақ тіліне аудару керек. Сосын оқулықтардың сапасын көтеру қажет», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромашенко.

Римма да, Дмитрий де өмірдегі бар жетістіктерін осы тілді меңгергеннің арқасы деп есептейді. Сондықтан үнемі ізденіп, білімдерін жетілдіріп отырады. Ұстаздардың басты мұраты – тілмен бірге жас ұрпақтың санасына ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілікті сіңіру.

 

Мынаны да қараңыз

«Әділдік және өркендеу» қоры жұмысы қарқынды

«Әділдік және өркендеу» қоғамдың қорының Қостанай облысындағы өкілдігі жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. «Әділдік және өркендеу» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *