Қостанай облысында қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылды

Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол кентінде облыстағы алғашқы қоқыс өңдейтін заманауи зауыт пайдалануға берілді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Жылына 40 мың тонна қоқысты іріктеп, өңдейтін зауыт үш ауысымдық жұмыс күніне көшкенде, жылына 120 мың тонна қоқыс өңдеп, игере алатын көрінеді. «EKO SITI KZ» ЖШС директоры Жандос Жақсыбаевтың айтуына қарағанда, зауыт толық қуатына үш сатылап қосылатын болады. Әзірге кәсіпорынның алғашқы желісі іске қосылып отыр.
Келесі жылдың басында зауыттың екінші сатысы —  тазарту желісі іске қосылатын болса, үшінші сатысында шикізат ретінде пайдаланылатын пластик түйіршіктерін өндіретін болады.
«Бұл – біздің облыс үшін бірегей жоба, — деді зауыттың іске қосылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. — «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасының әлеуеті үлкен, олар бізден инфрақұрылым жасауға көмек сұрап отыр. Бұл — бізді қуантады, демек, компанияның жоспары ауқымды деген сөз. Біз оған барлық жағдайда көмек беретін боламыз. Сонымен қатар қоқыстың өңделуі қоршаған ортаның экологиясын жақсартады, бұл да жақсы нышан».
Жобаның алғашқы желісінің құны 300 миллион теңгені. Қоқыс өңдейтін зауыт құрылтайшысы — «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасын шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Қайта өңделген қоқыстан фабрика 80 түрлі зат өндіретін көрінеді. Оның ішінде газға, суға, тағы басқа да қажетке пайдаланылатын құбырлар, тас жолға төсеніші секілді жаңа технологиямен өндіріске пайдаланылатын материалдар да бар.
Тобыл-Торғай-ақпарат
фото: egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта өзіне-өзі қол салмақ болған ер адам құтқарылды

Учаскелік полиция инспекторы Арқалық қаласында өзіне-өзі қол салмақ болған ер адамды құтқарды. Оның зайыбы А.Әлмағамбетова ...