Сын түзелмей, мін түзелмейді

Көпшілігіміз медицина мекемелеріне жоламауға тырысатынымыз шын ғой, өйткені нағыз қағазбастылық, көп жағдайда науқастардың денсаулығына жүрдім-бардым қарау да орын алады. Әрине, «ақ халатты абзал жандардың» басым көпшілігін әрқашан адам жанының арашасы деп білеміз.

Негізі бір нәрсе екінші нәрсеге сеп болатыны түсінікті, өткен жылы Тобыл-Торғай.кз сайтына Ләззат Жармақ атты жерлесіміздің жанайқайын жеткізіп едік. Іле-шала Қостанай облыстық ауруханасының Баспасөз хатшысы Ксения Барабанова-Жылқыбаева (Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметін қоса атқаратын сияқты) хабарласып, олардан ресми жауап алдық.

Негізі, сол жазбамыз біраз қозғау болғаны белгілі, бастысы, Жылқыбаева екеуміз алғашқыда «шекісіп қалып», бірақ бір-бірімізді түсінген сияқты болдық.

Бірақ біздің мақсат облыстың денсаулық сақтау саласын сынау емес, халыққа қызмет көрсетуін жақсартса және халықтың ана тілінде ақпарат алуына мән берілсе деген тілек еді.

Сол өткен жылы Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы В.Дудник өз баяндамасында өңірдегі денсаулық саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жолында бірталай істің қолға алынып жатқандығын алға тартты. Айтуынша, қазір өңірдегі емдеу мекемелерінде барлығы 15 450 адам қызмет атқаруда. Соның 1816-сы жоғары білімді дәрігерлер, ал 6462-сі орта буын медицина қызметкерлері. Дегенмен, бүгінде облысқа 350 дәрігер жетіспесе, оның 74-і ауылды жерлерге ауадай қажет екен. Яғни, бұл жолда көп жұмыс атқарылуы керек, жас мамандарды тарту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мән беру, дәрігерлерді тұрақтандыру, әсіресе, облыстың оңтүстік аудандарында мамандар үшін жағдай жасау көкейкесті мәселе деп ойлаймын. Мәселен, шалғайдағы Жанкелдин ауданында акушер-гинеколог, офтальмолог, невропатолог, инфекционист, фтизиатор тәрізді білікті мамандар жетіспейді екен.

Тағы толықтыра кететінім, әсіресе, «Серпін» бағдарламасымен оқитын еліміздің батысы мен оңтүстігінен келетін жастарды облыс аумағында қалдыру үшін не істеліп жатыр? Олар үшін тіл проблемасы бар ма екен?

Енді Дудник мырзаның өзіне сөз берейік: «Биыл жас мамандарға көтерме жәрдемақы төлеу үшін 100 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 85-тен 87 пайызға жетті. Сондай-ақ облыс әкімдігінің шешімі бойынша 100 грант бөлінді, яғни медициналық оқу орындарында білім алған түлектер түбі облысқа келіп жұмыс істейтін болады.
Мысалы, Ресейдің Челябі қаласында және Санкт-Петербор, сондай-ақ Балтық елдерінде еуропалық стандарттарға сәйкес оқытылады, ал оқыту — қолжетімді, — дейді В.Дудник.

Дұрыс-ақ, бірақ Қарағанды мен Алматы және Астана қаласы тұрғанда Ресейдің медицина саласындағы оқу орындары қаншалықты қажет? Озық Еуропа мен АҚШ не Корея мен Жапония болса бір сәрі.

Маман демекші, өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 34 пайызы, яғни 600-і зейнеткерлікке шыққан және зейнет жасындағы дәрігерлер, сондықтан олардың жас мамандар келгенше қызмет ету жағын қарастыру керек. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр?

Әрине, бұл мәселелерді құр сөзбен емес, көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сияқты нақты істермен ғана шешу керек. Бұл ретте әрбір аудан әкімдері қажетті жас мамандарды тартып, оларды тиісті көмекпен қамтамасыз етулері қажет. Оң істер де баршылық. Жоғарыда айтқан Жанкелдин ауданы өткен жылы сырттан екі тәжірибелі дәрігерді жұмысқа орналастырды. Сондай-ақ аудан әкімінің гранты арқылы үш студент жоғары оқу орындарында оқып жатыр.
Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласы туралы айтсақ, әрине, мысалы, биылғы жылы облыс орталығында дәрігерлер үшін 108 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Айдар Құсайыновтың айтуынша, тұрғын үйді Қобыланды батыр-Көбеев көшелерінің қиылысында салу көзделіп отыр. Құрылыстың құны инженерлік желілердің құрылысын есептемегенде, 700 млн теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін сараптама дайын болмақ, ал тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталады.

Тамаша жаңалық!

Бірақ облыс аумағындағы 40 медициналық стационарлық ұйымды оңтайландыру нәтижесінде тек 23-і ғана қалады.

Мысалы, Арқалық ауруханасына жергілікті перзентхана қосылады екен. Бұл қаншалықты дұрыс? Қаражатты үнемдейміз деп, ертеңгі күні 50 000 халықтың обалына қалмаймыз ба? Облыс орталығынан 700-500 шақырым қашықтықтағы Торғай жерінің халқы Арқалыққа келуші еді, енді ыңғайлы бола қояр ма екен?

Жалпы, оңтайландыру мұнымен бітпейтін сияқты. Тағы да дәлел келтіре кетейік. Рудный қалалық ауруханасына Балалар емханасы мен Перинатальдық орталық та қосылады екен, ал облыстық аурухана Қостанай перинатальдық орталығымен және облыстың тері- венерологиялық  диспансерімен бірігетін көрінеді. Сәйкесінше, жоспар бойынша облыстық балалар ауруханасы Қостанай қалалық балалар ауруханасына қосылатын болды. Басқа да бірігулер болады. Облыстың денсаулық сақтау саласы шенеуіктерінің мәлімдеуінше, «Медицина ұйымдарын біріктірудің нәтижесінде бюджеттік қаражатты үнемдеу сомасы шамамен 75 млн теңгені құрайды екен.

Айтқандай, аталған ауруханалар мен емханалар туралы ақпарат іздеген кезде олардың сайттарын қотаратының түсінікті ғой, бірақ облыстық денсаулық сақтау саласына қатысты сайттардың оңып тұрғаны шамалы, мысалы, Рудный мен Лисаковск сияқты қалалардың сайттарының қазақша нұсқасы жоқ!

Сонда бұл не қылған құқық бұзу?!

«Көш жүре түзеледі» дейміз ғой, айтылған жайттарды сын емес, тілек деп қабылдайды деп ойлаймыз. Ал, денсаулық саласының жағдайы әрқашан бақылауымызда болады. Ол өйткені Сіз бен біздің денсаулығымыз, амандығымыз.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

 

Фотода — Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы В.Дудник, сурет Интернеттен алынды

Мынаны да қараңыз

«Әділдік және өркендеу» ҚҚ кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі жөніндегі әлеуметтік мониторингке қатысуға шақырады

«Қарметтегі» проблемалар, «Қазақмыс» пен «Майқайың алтындағы» оқиғалар отандық кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін күшейту керектігін көрсетіп отыр. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *