Қазақтың «кіші тыңы» қайда немесе Жаңаөзеннен сабақ алсақ игі


Кеше Жаңаөзендегі жастардың жергілікті билік органдарынан жұмыс сұрап жатқан видеосын көрдім.
Әрине, жергілікті билік органдары жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдем жасауы тиіс десек те, мұндағы жұмыссыздық проблемасын тереңнен қарастыру керек деп ойлаймын.
Қазақстанда жұмыссыздық проблемасы бар екені ақиқат (оған дәлел — жұмыс іздеп Ресейге кетуші Қазақстан азаматтарының саны Тәжікстаннан кейін екінші орын алып отыр екен). Бұл мәселе көбінесе еліміздің оңтүстік және батыс (оның ішінде, Маңғыстау облысында) өңірлерінде орын алған.
Сондықтан, мұндағы әлеуметтік мәселелерді кешенді шешу керек деп санаймын.
Мысалы, Жаңаөзен қаласы еліміз бойынша халқы тез өсіп отырған қалалардың бірі (айтқандай Қазақстандағы моноұлтты қалалардың бірі, 99 проценті қазақтар). Мәселен, 2013 жылғы ресми дерек бойынша (қала әкімдігінің сайты) қала мен оның төңірегінде 130 000 адам тұрады екен (кейбір деректер халық саны 137 000 асқанын көрсетіп отыр, ал қала инфрақұрылымы 120 000 адамға шақталған). Ал, Статистика комитетінің деректеріне сенсек 2018 жылы қала халқы 150 308 адамды құраған. Әрине, қазіргі күні халық саны одан да өсе түскен деп ойлаймын. Себебі, жыл сайын тағы қалаға 3-4 мың ішкі мигранттар келеді екен. Әрине, табиғи өсімді де ұмытпау керек. Тиісінше, қаланың тұрғындар үшін инфрақұрылымы тез өзгеріп дайын болуы тиіс. Ал, «екі қолға бір күрек» таба алмай жүрген ағайындар үшін не істеу керек?
Бұл жерде, меніңше мемлекет «екі қоянды бір оқпен атып алу» қажет. Яғни, артық жұмыс күшін (әсіресе жастарды) оқытып, олардың еліміздің шығысы мен солтүстігіне көшуіне, олардың орналасуына, жұмыспен қамтамасыз етілуіне жәрдем жасауы қажет.
Өткен жылы жаңылмасам, біздің Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Маңғыстау облысындағы ағайындарды өңірімізге шақырғаны бар еді. Қостанай облысы делегациясы Маңғыстауда жұмыс жәрмеңесін өткізгенін де білемін. Өкінішке орай көшіп келушілер аз. 2016 жылы Қостанай облысына (жалпы басқа өңірлерден) — 22, 2017 жылы — 30 ғана отбасы қоныс аударған. 2018 жылы бұл көрсеткіш 10 есеге ұлғаяды деп жоспарлаған еді, яғни 272 отбасын қабылдауға дайын болатұғын. Әрине, нәтижесін білмедім. Бірақ, бастысы Қостанай облысы Маңғыстау өңірінен бауырларымызды қабылдауға дайын. Мысалы, Қостанай облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова: «Біздің ведомство әрбір қала, аудандардағы жылжымайтын мүлік нарығына сараптама жүргізді. Мәселен, аудан орталықтарындағы баспана 500 мың теңгеден бастап, 6 млн теңгеге дейін бағаланды. Ал ауылдарда 300 мың теңге көлемінде үй табуға болады. Қалалық жерлерде пәтер бағасы 1,5-9 млн теңге аралығында» деп дерек келтіреді. Иә, бәлкім мемлекетке қарап отыруға да болмас, бастысы бағаның нарқы белгілі, әрине урбандалу заманында ешкімді ауылға бар деп тағы айта алмайсыз. Дегенмен, Қостанай мен Рудный сияқты жұмыс күші қажет қалалар шығыс пен солтүстіктің басқа да өңірлерінде бар.
Басқа өңірлерді білмеймін, біздің Қостанай облысында «Серпін» бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік аймақтарынан 2000 студент оқып жатыр, облыста, кадр жетіспеушілігі, әсіресе жас мамандар, атап айтқанда дәрігерлер жетіспейтіндігі туралы бұрын жазған едім. Олардың тұрақтауы мен тұрақтамауы бұл басқа әңгіме әрине. Жалпы, Қостанай облысы алдағы 5 жылда еліміздің өзге өңірлерінен 10 мың отбасына көшіріп алып келеміз деп жоспарлап отыр. Лайым солай болсын!
Жалпы, мұндай саясатты жүргізу жолында «жаңадан велосипедті ойлап табудың» қажеті жоқ? Кешегі күні келмеске кеткен Кеңес Одағын алайықшы, Қазақстанға Ресейден, Украинадан, Беларуссиядан миллиондаған тың игерушілерге даламызға қалай қаптады? Кейбір тың игерушілермен сөйлескенде оларға: «Қазақстанға барсаңдар аштан өлмейсіңдер, онда нан бар» деген екен. Әрине, кейбірі өз еркімен келді, кейбірі «комсомолдық жолдамамен» келсе, тағы бірін оларға жағдай жасаумен қызықтыра алды.
Әрине, «тың игеру» өткен ғасырдың 50-60 жылдары жүргенмен, біздің Торғай жерінде «Торғайдың кіші тыңы» деген атпен белгілі 70-80 жылдардағы саясат жалғасын тауып жатты. Алыстағы, егінге қолайсыздау жерлердің өзіне егін егіліп, 99 процент қазақ ауылдарында орыс тіліндегі мектептер ашылғанына өзіміз де куәміз. Ол туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бастысы бізге сабақ алып, екі мәселені шешу керек. Бірінші жұмыссыздық, екіншісі еліміздің шығысы мен солтүстігіндегі демография.
Тағы да Кеңес Одағы еске түсіп отып, Ақмола облысының аумағында құдаларымыз тұрады, сонда ол кісілердің айтуынша кезінде мынадай саясат орын алған екен. Ескі қазақ ауылының жанынан, шамамен 7 шақырым жерде тың игерушілер кенті пайда болады, әрине жаңа кентке бар жағдай жасалады, қазақ ауылы бөлімше орталығы болып қалады, оны айтсыз-ау жергілікті халыққа тіпті басшылық жұмыстарды бермей, олар зоотехник, веттехник, кейіннен барып совхоз активіне айнала бастаған ғой. Әрине, мұның бәрі өткеніміз, ал өткеннен сабақ алу қажет. Яғни, тың игеру кезінде қазақ даласы қалай игерілсе, сондай мысалда енді «қазақтың кіші тыңы» керек!
Екінші бір айтпағым, бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысынан Қостанай облысына бір үлкен отбасы көшіп келді, оған дейін ауыл жабылудың аз ақ алдында қалған еді. Қазір бір әулеттің арқасында бір ауыл тіріліп, жанданып отыр, мектебі де жұмыс істеп тұр. Жалпы, облыс орталығынан (Қостанайдан) 150 шақырымға дейінгі қашықтықта қаңырап қалуға шақ қалған қаншама қазақ ауылдары бар, Ресеймен іргедегі Қарабалық ауданы мысалы, сондай жағдайды бастан кешіруде. Бұл жерде шекаралас елдің іргесінің берік болуы мәселесі де көкейкесті ғой.
Айналып келгенде, көп балалы отбасыларға жағдай жасалмап еді, ол Үкіметтің қаңтарылуына алып келді, ал ертеңгі күні не жұмысы немесе үйі жоқ отандастарымыздың (қандастарымыздың) (бұл жерде Жаңаөзен жастары туралы) мәселесін бүгін шешпесек, опық жеп қалуымыз бек мүмкін.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Сурет Интернеттен алынды

Мынаны да қараңыз

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ. Баспасөзіміз не күйде?

1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің № 60 санында 7 бөлімнен тұратын «Баспасөзіміз не күйде?» мақаласы шыққан. Көлемді ...