Шалғай ауылдар жоғары сапалы интернетке қосылады

Биыл Қостанай облысында мемлекеттік-жекеншелік әріптестік аясында 53 ауылға жылдамдығы жоғары байланыс желісі жеткізіледі деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, биыл шалғай ауылдарды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінеді.

«Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 53 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізіледі. Атап айтқанда, Жангелдин, Амангелді, Қостанай, Қарасу, Әулиекөл аудандарында және Арқалық қаласындағы ауылдарда жоғары жылдамдықты интернет орнатылады. Біздің пайымдауымызша, бұл ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда облыс бойынша кеңжолақты интернетке қосылу 83 пайызды құрайды. Облыстағы 504 мектептің 446-ы және 500 медициналық мекеменің 476-ы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған», — деді басқарма басшысы.

Қостанай облысы басқа өңірлермен қатар сандық технологияларды белсенді енгізуде. Өткен жылы цифрландыру бағдарламасы аясында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, ТКШ, көлік, ауыл шаруашылығы салалары бойынша 11 бағыт қамтылды. Нәтижесінде, SmartQostanay коммуникативті жүйесі жоғары қарқында жұмыс істей бастады. Осы жылы «Smart Ақкөл» жобасының тәжірибесі бойынша жеке инвестициялар есебінен «Smart Рудный» жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұған қомақты қаржы бөлінеді. Дегенмен, өңірдегі интернетпен қамтылмаған 99 ауыл және интернет жылдамдығы төмен 322 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Қазір облыстың кейбір мектептері мен медициналық мекемелері тарифтердің қымбаттауына байланысты жоғары жылдамдықты интернеттің толық мүмкіншіліктерін пайдалана алмауда. Еркебұлан Әбдікәрімов айтуынша, бұл мәселе кешенді түрде шешімін табады.

Мынаны да қараңыз

Қостанайлық студенттер емтиханды қанша теңгеге тапсырады

Қостанайлық студенттер ЖОО-да кездесетін жемқорлық фактілері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мемлекеттік қызмет істері ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *