Торғай жері Ресейдің сынақ алаңына айналатын болды

Ресей зымырандары «қазақ жеріне құлауға» кезекті мәрте рұқсат алды. Ресейлік зымырандарды сынақтан өткізу үшін Қостанай облысы Жангелдин ауданында алты мың гектар жер бөлінеді. Жақында Қазақстан Үкіметі осы мақсаттағы келісімнің жобасын мақұлдады.

23 мамырда Үкімет қаулысымен мақұлданған келісімде Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылған. Келісім жобасында: «Байқоңыр» ғарыш айлағынан солтүстік бағыттағы жаңа трассамен «Союз-2» типті зымыран тасығыштарды ұшыру, осы сынды ғарыш аппараттарын поляр маңындағы орбиталарға ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде тараптар мен құқық қатынастарына басқа да қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін реттеу үшін ұйымдастыру, құқықтық негізді белгілеу – осы келісімнің мәні болып саналады», – делінген.

Құжат жобасына сәйкес, Қазақстан Ресейге Қостанай облысының Жангелдин ауданында эллипс нысанды, ауданы 5,8 мың га болатын (N120а) жер телімін бөледі. Бұл ретте аймақты үш рет пайдаланғаны үшін жылына $460 мың төлем Жангелдин ауданының әкімдігіне жіберілетін болады. Қосымша іске қосу жүзеге асырылған жағдайда төлем әрқайсысы үшін $50 мың мөлшерінде келісілген.

Мәліметтер бойынша, бөлінген аймақты пайдаланатын ұйым мен («Бәйтерек» Қазақстан – Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ) іске қосуды жүргізетін ұйымның («жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану орталығы» ФМБК) қаражаты есебінен халықтың және аумақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда, дала өртінің алдын алу; зымыран-тасығыш бөліктерінің фрагменттерінен уақтылы тазарту; ластанған жер телімдерін детоксикациялау; бөлінген жер мен шектес аумақтардағы флора, фауна жағдайының жыл сайынғы мониторингі және т.б.

2014 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен Ресей «Солтүстік траектория» деп аталатын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымыран бөліктерінің құлау ауданы ретінде жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы үкіметаралық келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес Қазақстан Ресейге жалпы ауданы 63,2 мың га болатын N120 ауданын бөлді (оның ішінде 22,52 мың га Ақтөбе облысында және 40,68 мың га Қостанай облысында). Аталған аудандарды пайдаланғаны үшін төлем жылына $460 мың мөлшерінде. «Союз» үлгісіндегі тасымалдағыш зымырандар санына байланысты Ақтөбе мен Қостанай облыстары арасындағы төлем тиісінше $103 мың және $357 мың мөлшерінде. «Солтүстік» траекториясы бойынша белгіленген қажетті аудан 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу шартында көзделмеген. Сондықтан да Қазақстан арнайы тәртіппен жыл сайын бірнеше осындай сынақтардың жүргізілуіне рұқсат берген.

Сәуірде Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақстан тарапы «Байқоңыр» кешенін жалға беру бойынша Ресей Федерациясымен жасалған халықаралық келісімдерді сақтайтынын мәлімдеген болатын. Ведомство 2004 жылдың 9 қаңтарында жүзеге асқан «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану туралы мемлекетаралық келісімге кешенді Ресейге жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылғанын ескертті. Сонымен қатар министрлік сенаторлар көтерген Байқоңыр қаласын дамыту мәселесі Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссия отырысында қаралатынын атап өтті.

Айта кетер бір жайт, Ресейдің Байқоңырдан ұшырылатын «Протон М» зымыраны Кеңестер одағы кезін есептемегенде Қазақстан аумағына 1999 жылдан бері құлап келеді. Соңғы рет «Протон М» зымыраны ел аумағына 2015 жылы 16 мамыр күні құлаған болатын. Ал 2018 жылы 11 қазанда сағат 14:40-та Байқоңыр ғарыш айлағынан бортында «Союз МС-10» кемесі бар «Союз ФГ» зымыраны ұшырылған болатын. Бірақ зымыран әуеге көтерілген бетте апатқа ұшырап, экипаж мүшелері жерге қонуға мәжбүр болған. Ресей тарапы Қазақстан халқының қарсылығына қарамастан апатқа жиі ұшырайтын «Протон» зымырандарын ұшыруды тоқтатқан жоқ.

 

Арай ЖҰМАТАЙ,

The Qazaq Times

Түпнұсқадағы тақырып: «Қостанай облысы Ресейдің сынақ алаңына айналмақ»

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында мектеп оқушыларының 27,3%-ы қазақша оқиды

Қостанай облысы — түрлі салаларды дамытуда әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Сондықтан ел экономикасына елеулі әсер ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *