Қостанай облысында жем-шөп бағасы қымбат

Қостанай облысында бір тонна шөптің бағасы 30 мың теңгеге дейін барады. Мұның себебін облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов түсіндіріп берді деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Өткен жылдармен салыстырғанда биыл облыста шөптің шығымы тым төмен. Көктегендерінің өзі аптап ыстықта сарғайып, күйіп кеткен. Тиісінше жем-шөптің бағасы шарықтап кеткен. Кейбір аудандарда оның тоннасы 30 мың теңгеге дейін барады.

«Өңірлерде шөп бағасы әрқилы. Мысалы, Науырзым ауданында 1 тонна шөп 15 мың теңгеге бағаланып отыр. Ал Федоров, Сарыкөл аудандарында 16-18 мың теңге көлемінде. Бір сөзбен айтқанда, облыс бойынша шөп бағасы жиырма мың теңгенің айналасында тұрақтамақ. Шабындық жері мол, шөбі шүйгін Амангелді, Жанкелдин аудандарында бір тонна шөп 7,5 мың теңге. Ал мал азығынан таршылық көріп отырған Жітіқара мен Қамысты аудандарында баға 30 мың теңгеге дейін барады. Бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. 2018 жылы тұрғындар шөптің 1 тоннасы үшін 15-16 мың теңге төлеген. Бұған, әрине, биылғы құрғақшылық басты себеп. Екіншіден, бағаның бұлай құбылуына дизельдік отынның қымбаттауы әсер етіп отыр. Өткен жылы дизель отынының 1 литрі 172 теңге болса, үстіміздегі жылы ол 187 теңгеге жетті. Оның үстіне техниканың, қосалқы бөлшектердің бағасы қымбаттады», — дейді Жансұлтан Тәукенов.

Жалпы, бүгінде облыс бойынша 980 мың тонна шөп дайындалды. Ал шабындықтағы шөптің шығымы әр ауданда әртүрлі. Бірқатар ауданда гектарына 1,5-3,5 центнерден айналады. Мәселен, Қамысты, Жітіқара, Қарабалық, Денисов, Науырзым, Әулиекөл, Бейімбет Майлин аудандарындағы көрсеткіш жалпы облыстық нәтижеге саяды. Қостанай, Арқалық қаласы, Сарыкөл, Федоров, Алтынсарин, Меңдіқара аудандарында бір гектардың түсімі – 4,4-6,4 центнер. Жансұлтан Тәукеновтің айтуынша, Амангелді, Жанкелдин, Қарасу аудандарында мал азығы жиналып, қыстақ бастарына тасымалданған.

Басқарма басшысы аудан әкімдіктеріне қажетті мал азығын дайындау барысында барлық қажетті шараларды қарастыру туралы ұсыныс айтты.

«Шөп бағасының артуы, мал басының төмендеуі тәрізді әлеуметтік шиеленіске жол бермеу, жеке шаруа қожалықтарына, ірі ауылтшаруашылық тауар өндірушілеріне тұрғындарды шөпті арзан бағамен сатуды ерекше назар аудару міндеттелді», — деді Ж.Тәукенов.

Бұған дейін өңірдегі құрғақшылық салдарынан дәнді-дақылдардың шығымы төмендеп кеткені хабарланған болатын. Әсіресе, облыстың оңтүстік аудандарындағы егіннің түсіміне әсер еткен.

 

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *