Қостанай облысында 5 цифрлық, 6 смарт-ферма құрылады

Қостанай облысының әкімдігі ауыл шаруашылығын цифрландыру бағыты бойынша жұмыс жоспарын бекітті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов цифрландыру бағдарламасының орындалуы туралы мәлімет берді.

«Облыс әкімдігі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірігіп, нақты егіншілік технологияларын енгізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұған қоса, цифрлық технологияларды енгізудің 5 негізгі бағыты іріктеліп алынды, негізгі міндеттер анықталды. Бұл міндеттерді агробизнес өкілдерімен кездесуде талқыладық. Жалпы, 2018 жылдың қорытындысында жол картасы бойынша 33 «Жылдам жеңістің» барлық іс-шарасы толық орындалды», — деді Жанұлтан Тәукенов.

Биыл негізгі екпін нақты егіншілік элементтерін қолдануға және ең жоғары экономикалық тиімділік күтілетін мал шаруашылығы смарт-фермаларын құруға бағытталып отыр. Бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген «QQoldau.kz» геопорталы негізгі жұмыс бағыты ретінде таңдалды. Атап айтқанда, жайылым жерлердің электронды карталары, ауа райы мониторингі, топырақ сапасын бағалау сандық жүйеге енгізілді.

«6 млн гектар егістік жер 100% цифрландырылды. Ал 4,2 млн гектар жайылымның 3,5 млн гектары сандық жүйеге ауысты. Мұндай жұмыстардың 94 пайызы шабындық алқаптарында жүргізілді. Нәтижесінде, басқармаға түскен өтінімдерді қарау мерзімін 2,5 есеге қысқартуға, құжат айналымын азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және онлайн режимде мониторинг жүргізуге мүмкіндік алдық», — дейді ол.

Айта кетейік, өткен жылы А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ базасында фермерлерді оқытумен айналысатын цифрлық «Парасат» хабы іске қосылды. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен облыста 2022 жылға дейін нақты егіншілік бойынша 5 цифрлық және 6 смарт-ферма құрылады.

Мынаны да қараңыз

Бокстан Әлем чемпионы Қостанайда адам өлтірді деген күдікке ілінді

Бокстан әлем чемпионы Аслан Мұқановқа кісі өлтірді деген айып тағылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *