Бағаналы Барлыбай батыр туралы


Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қарайтын болсақ, біздің даламызда Сақ-ғұн, Түркі қағанаты, Дәшті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы сияқты талай мемлекеттер өмір сүрген екен. Әрине, олар бірін бірі алмастырғанмен халқы сол дала жұрты, атауы өзгеруі мүмкін, бастысы ұрпақ сабақтастығы болды деп ойлаймын.
Ал, Ұлы Даланың ежелгі мемлекеттерінің бірі – Найман хандығы болатын. Шыңғысхан әскерлерімен қиян-кескі ұрыс жүргізген Найман хандығы жұрты, кейін қазақ халқы құрамына кіріп, Орта жүздің белді тайпаларының біріне айналды, өзгелері өзбек, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, ноғай, қырым татар, поляк татарлары, алтай, монғол, тіпті бурят пен хазарей, тәжік жұртына кетіп, ол халықтардың да ұлт болып тұтасуына әсер етті.
Қазақ жерінде қалғандары ата-қонысы Алтайда және Орталық Қазақстанның Ұлытау аймағы мен Жетісу, Сырдария жерінде қазір де түтінін түтетіп отыр.
Бір қызығы, қоныстану картасын алатын болсақ, 13 ғасырдағы Найман мемлекеті жұртының орналасуымен сәйкес келеді.
Әрине, ежелгі Найман мемлекеті әлі де зерттеуді талап ететін тақырып, дегенмен біздің мақсатымыз, Ұлытаумен іргелес Торғай жеріндегі наймандар, атап айтқанда, Бағаналы Барлыбай батыр туралы болмақ.
1916 жылғы, яғни Торғай қазақтарының пашта үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Торғай үйезінде 6 қыпшақ, 6 арғын және 1 найман болысы болған екен.
Өкінішке орай, Торғай наймандарының тарихы туралы тіптен қозғалып жүрген жоқ, бір жағынан сол өңірде тұратын ағайындардың аздығы да әсер еткен шығар, дегенмен, Торғай тарихын наймандарсыз елестету мүмкін емес.
Торғай наймандарына қатысты тарихты қарастыратын болсақ, біріншіден, есіме түскені Торғай-Арқалық тас жолының бойындағы Құтан әулие кесенесі болмақ. Көнекөз қариялардан жеткен деректерге қарағанда Құтан әулиені Найман ішіндегі «Бағаналының төрт тағанының бірі» деп атайды екен. Халықта Құтан әулие Аталықұлын Тәуке ханның билік құрған заманында хан кеңесі мүшесі болған деседі. Кейін ұрпақтары Қарынсалды өзені бойында оның кешенін салған. Құтан әулие кесенесі — сәулет өнерінің ескерткіші. Қарынсалды өзенінің шығыс жақ қыратында орналасқан. Амантоғай ауылынан Арқалық қаласына қарай 10 шақырым жерде.
Менің өз басым бұрыннан білетін тағы бір тұлға – ол Амангелді батырдың аяулы жары, ержүрек Балымның да найманның қызы екендігі.
Жалпы, найман тайпасы туралы білгеніммен Торғай наймандарына қатысты деректерім аз.
Дегенмен, «бір жоқты бір жоқ табады» демекші, биылғы жылы Түркістан және Қызылорда облыстарына арнайы сапар жасап, талай тарихи жерлерді көріп, аталған саяхат барысында Жаңақорған ауданына да жеткен едім. Жаңақорған жеріндегі найманнан шыққан тарихи тұлғалардың ескерткіштері – Төлегетай-Қылыштыға ат басын бұрған болатынмын.
Наймандардың бір бөлігі міне, Қызылорда облысының Жаңақорған жерінде өмір сүреді.
Кейін жол сапар бойынша бір-екі мақала жаздым, сонымен бұл тақырыпты уақыттың тығыздығына байланысты жылы жауып қойған болатынмын. Соңыра маған Жаңақорған жерінің тумасы Оразхан Сейітов бауырымыз хабарласып, Торғай наймандарына қатысты деректер берген болатын.
Сөйтсем, Торғай жерінде, дәлірек айтсам, Ұлытаумен шектес Сарыторғай, Қараторғай, Ұлы Жыланшық бойында да найман тайпасының тарихына қатысты дүниелер, тарихи ескерткіштер мен даңқты бабаларымыздың іздері жатыр екен.
Міне, сондай тұлғалардың бірі, қазақ тарихында ерекше орын алатын — атақты батыр, ел басқарған көсем, қабырғалы қайраткер Найманның Бағаналы тармағының Жауғашты бұтағынан шыққан Барлыбай Тауасарұлы.
Ел жадында есімі ескірмей, келбеті көмескіленбей, айбыны аласармай келе жатқан «Бағаналы Барлыбай», «Барлыбай сардар» атанған».
Барлыбай Тауасарұлы Орталық Қазақстанның Ұлытау өңірінде шамамен 1690 жылы дүниеге келген. Әкесі Тауасар он кісіге әл бермейтін қара күштің иесі, қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім сөзге шешен, ел-жұртына қадірлі башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған.
Қасиетті ана Барлыбайға жүкті боларда түсінде: «бура-нар (үлек) қуып, қоярда-қоймай таптап-басып өлтірердей үстіме ентелеп төніп кеп қалды. Ауызынан ақ қөбік төгіліп, ойнақтап, екпінінен қара жер ойылардай болып, енді болмаса басып қалады-ау, өлдім-ау деп жан дауысым шығып айқай салдым. Сонда ауызымнан тілі сала құлаш қара шұбар жылан атып шығып, ысқырып, қас-қағымда алыптай денесі өсіп кеткен ол бураға тура ұмтылды. Әлгіде, енді болмаса төсіне басын жаншып өлтіргелі қалған үлек шөгіп жата қалды. Жылан оның мойынына оралып, қөз алдында буындырып өлтірді». Осы түсті енеме жорытқанымда: «балам, ғажап батыр перзент қөтереді екенсін. Жаудан беті қайтпас ер болады екен ол. Ауызыңан жылан шықса, ол ерліктін белгісі. Артынан бура қуса, ол жаулықтың белгісі. Жауыңды буындырып ішінен шыққан жыланды өлтірсе, ол перзентіне дұшпан шақ келмейді екен». Сол енемнің жорығаны дәл келді. Бойыма Барлыбайым біткенде әкесінің жалғыз тұлпарының жүрегіне жерік болдым. Ат сойылды, жерігім қанды. Енем айтқандай: «Барлыбайым қатарынан кем болмады. Жауынан беті қайтқан емес», — деп отырады екен.
Зерттеушілердің анықтауынша Барлыбай Түркістан түбіндегі атақты Қарнақ медресесін және Үргеніш медресесін бітіріп, араб, парсы, көне түркі тілдерін меңгерген.
Барлыбайдың батырлығы 17 жасында (кейбір деректерде 18 жасында) мойындалынады.
Мәселен, ХVIII ғасырдың басында Ұранқой қалмақтарының қарақшылары Сыр бойына дейін жетіп, бейбіт жатқан Кіші жүз руларын, Найман, Қоңырат елдерін шауып, жылқыларын айдап әкетеді. Қоңырат, Найман, Кіші жүзден Әлімұлы руларының жігіттері бірлесе атқа қонып, Шу бойында оларды қуып жетеді.
Қалмақтар арасынан Жоржы деген алпамсадай батыр ойқастай шығып, жекпе-жекке щақырады. Оның сыртқы бітімінен–ақ тайсалыңқырап қалған қазақ жігіттерінің арасынан ешкім жекпе-жекке шыға қоймайды. Сол мезетте, Сыр бойындағы Кіші жүз руларының биі, төртқара руынан шыққан Көбек би: «мына қалмақты кім өлтірсе, соған билік орнымды беремін»,- деп жігерлендіреді.
Бағаналының Сарыаталық нәсілінен шыққан он жеті жастағы бозбала Барлыбай алға ұмтыла шығып, Көбек пен басқа ақсақалдардан бата сұрайды. Көбек би бастаған үлкендер Барлыбайға баталарын беріп, ақ жол тілеп, жекпе-жекке шығуға рұқсат етеді.
Жекпе-жек үстінде Жоржыны найзамен шаншып өлтірген Барлыбай жауының басын кесіп, қара арғымағын жетегіне алған күйі «Қаптағайлап» ұрандата, жауға қарсы шабады. Сенген батырларының басын қолына ұстап, өздеріне қарай ұмтылған қазақ батырынан сескенген қалмақтар қаша жөнеледі. Қазақ жасағы соңдарынан түре қуып, талайын жер жастандырады. Қуалай жүріп, бірде-біреуін қалдырмастан тұтқындап, мінген ат, асынған қару-жарақтарын олжалап, өз малдарын қайтарып, елге оралады.
Елге келген соң Көбек би той жасап, Барлыбайдың қарсылығына қарамастан, той үстінде жас батырға ақ батасын беріп, қалың елдің алдында өз орнына би етіп сайлаған екен» дейді аңыз сөзі.
Иә, Барлыбай батыр туралы ел арасында тараған әңгімелер жеткілікті. Солардың ішінен оның өмір жолынан тұжырымды мағлұмат беретін, Абылай хан заманынан көл-көсір деректер қалдырған ақын Шәді – төре Жәңгірұлы «Тарихат» дастанында:
«Шапырашты Наурызбай дүр бірісі,
Найманнан Барлыбай бар екіншісі.
Елшіге кіші жүзден қосылды кеп,
Тамадан Есет батыр деген кісі…» — деп,
Барлыбай батыр есімін, Абылайдың Қытайға үш жүзден жасақтап жіберген елшілерінің қатарында айтады.
Бұл оқиға 1749 жылға дейін болған. Шәді – төре дастанындағы мәлімет, Барлыбай батырдың ел ішіндегі биік беделі мен айрықша парасатынан хабардар етеді. Ал, халық ақыны Иманжан Жылқыайдаровтың «Шақшақұлы ер Жәнібек» атты ел аузындағы деректерден құралған дастанында, Барлыбайдың басқыншыларға қарсы аттанған айтулы батырлардың сапында болғандығы айтылады. Бұл дастанға 1726 – 1731 жылдардағы жоңғарға тегеуірінді тойтарыс берілген, жаудың бетін түбегейлі қайтарған шайқастардың оқиғалары арқау болған.
Бұл — Барлыбайдың жігіт ағасы жасына жетіп, қолбасшылық дәрежеге көтерілген шағы. Сонда оның осы тұста 35-40 жастағы кезі деп болжауға болады.
Барлыбай батыр Тауасарұлы туралы Сегіз сері Шақшақұлы, Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927) шежірелерінде айтылады. Сегіз сері «Барлыбай хан» атты тарихи дастан шығарған.
Барлыбайдың ерліктерін Жанкісі (Жанқиса) Басыбайұлы (1772-1849), Әбутәліп (1788-1857), Балтекей Қорғанұлы (1830-1917), Қожабай Тоқсанбайұлы (1841-1919), Мұқан Балтекейұлы (1873-1918), Тайжан Қалмағанбетов (1877-1937), Шеген, Қанафия сынды ақындар жырлаған.
Осылайша, қолымызға түскен деректер арқылы Барлыбайдың тұлға болып қалыптасып, елге жариялы беделді қолбасшы батырлар қатарынан нық орын алғанына көзімізді жеткіздік.
Сонымен, ел басқару билігін меңгерген Барлыбай Балталы, Бағаналы елінің өзіне қарасты бір бөлігіне, Кіші жүздің Әлімұлы тайпасының Шөмекей, Төртқара руларының, Қоңыраттың Ащыкөл, Айнакөл, Телікөл және Сыр бойын қоныстанып отырған біраз руларына билік құрады.
1749 жылы 8-ші шілдеде Орынборға генерал-губернатор И.И.Неплюевпен кездесіп, келіссөздер жүргізуге Нұралы хан, Бөкенбай батыр, Жәнібек тархандар бастаған көптеген қазақтың игі жақсылары келген. Бұл делегацияның құрамында Кіші жүзден мыңнан астам, Орта жүзден екі жүздей адам болған.
Келіссөздер барысында И. Неплюев Жәнібек тарханмен өте жиі және ұзақ сөйлесіп, одан Орта жүзге кіретін, бұрын ақ патшаға адалдыққа ант берген рулар ішіндегі жағдайдан хабардар болып, Әбілхайыр өлгенге дейін Барақ сұлтан басқарған Бағаналы наймандарға байланысты сұрақтар қойған.
Жәнібек тархан генерал-губернаторға Барақтың кетуіне байланысты наймандар басқа басқарушы (правитель) сайлайтындығын хабарлаған.
Барақтан кейін Бағаналы тайпасын төре текті сұлтан емес, өз ішінен суырылып шыққан Барлыбай батыр басқарған. Барлыбай батырдың жас мөлшері де, сол кездегі қазақ қауымы ішіндегі беделі де, жолы да осындай тұжырым жасауға негіз бола алады.
Оны бұл мәртебеге жеткізуге, бүкіл Орта жүз бен Кіші жүзге салмақ сала алатындай дәреже-деңгейі бар, ханға да, қараға да сөзі өтіп, ел бірлігі жолында салиқалы саясат ұстанып отырған ауылдас-бауырлас, қоныстас-өрістес Жәнібек тарханның толыққанды ықпалы болғаны айтпасақ та түсінікті.
Бағаналы Барлыбай батырдың жасы сексеннен асып қайтыс болғандығын Жанкісі ақынның, оның әйелі Таңшолпанға көңіл айтуынан білгілі. Бұл 1770 жылдардын жобасына келеді. Көңіл айту өлеңінің авторы Жанкісі Көшекұлы Орта жүздің Ашамайлы-керей руынан. Артында мол мұра қалдырған жырау 1716-1792 жылдары өмір сүрген, жоңғар жойқыны кезінде талай жорыққа қатысып, жалынды жырымен сарбаздардың рухын көтеріп, насихат жүргізген. Барлыбаймен жасақ ішінде бозбала кезінде танысқан.
Осылайша, Барлыбай Тауасарұлының өнегелі өмірі, іргелі істері мен ерен ерліктері ХIХ ғасырдағы ауыз әдебиетінде біршама бейнеленген. Бағаналы Барлыбай батырға қатысты ел аузында айтылып жүрген әңгімелер мен аңыздар өте мол.
Солардың бірі, Бұланты шайқасы болған жерде, 2015 жылдың 20 тамызында ұрпақтары бабасына қойған ескерткіш тасқа қашалған Жауғашты Барлыбай батырдың сөздерін келтіре кетсек:

Ел билегің келсе ойда жүр,
Бай болғың келсе қойда жүр.

Мәңгілік тасыйтын сай жоқ,
Дәулеті таусылмайтын бай жоқ.

Биіктен тәкаппар қарасаң көзің талады,
Билікте адал бол, атың қалады.
Жауға шапсаң ұрандап шап, арқаң қозады.
Ұрансыз ел бордай тозады.

Ел құдіреті бірлікте ,
Тәуелсіздік керек тірлікте.

Ал, батыр бабамыз Торғай өңіріндегі Сарыторғай өзенінің Терісбұтақ деген жерінде жерленген екен. Батырдың басына кезінде орнатылған, күйдірілген кірпіштен қаланған күмбезді тамның қазір күмбезсіз қабырғалары ғана сақталған. Төрт қабырғасының жермен ұштасатын іргелерінің кірпішттері үгітіліп, мүжіле бастаған, қалпына келтірілмесе, құлау қаупі бар.
Өлке тарихын зерттеуші ретінде ендігі кезек, батыр баба туралы кейінгі ұрпаққа жеткізіп, оның Торғай жеріндегі ескерткіші өңірдің Киелі жерлер картасына енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынуы тиіс деп санаймын.
Суретте Бағаналы Барлыбай батырдың Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сарыторғай өзенінің Терісбұтақ жеріндегі кесенесі
Мақалада Оразхан Сеитовтың, Азиз Жұмаділдаұлының және т.б. авторлардың материалдары пайдаланылды.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

ТАРИХҚА ҚИЯНАТ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ

1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІНІҢ БАС САРДАРЫ, ҰЛТ БАТЫРЫ АМАНГЕЛДІ ИМАНОВТЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА. ҚОРҒАН ӘМІРХАМЗИН ТАРИХҚА ...