Көнеден күмбірлеген Қорқыт Ата

Қорқыт ата – бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға. Оның есімі исі түркі халықтарының жадында, рухани  танымында үлкен құрметпен сақталып жеткен. Түркі рухани кеңестігінде ол бақсылық өнердің пірі, күйші, қобыз аспабын жасаушы, сәуегей ойшыл жырау, даналық сөз үлгісін қалдырған тұлға болып танылады.

Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі – Х ғасырдың басында Сырдария бойында бой көтерген Оғыз мемлекеті. Астанасы Сырдарияның Аралға құяр сағасындағы – Жаңакент (Янгикент) қаласы. Ол қаланың қираған орны қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы елді мекенінің маңында.

Х ғасырдың соңында шығыстан келген қыпшақ тайпалары Сырдария бойындағы оғыздарды ығыстырып шығарады. Оғыздардың бір бөлігі Каспий теңізі бойын жағалап батысқа қарай ығысып, Таяу Шығыс, Жерорта теңізі маңындағы елдерді жаулап алып, Осман мемлекетін құрады. Осы тарихи оқиғаның саяси салдарынан қазіргі түркі халықтарында Қорқыттың екі үлкен образы сақталған. Бірі – қазіргі Орта Азиялық түркі халықтарының мұрасындағы бақсылық, жыраулық, күйшілік өнердің атасы ретіндегі бейнесі, екіншісі – мұсылмандық дүниетанымдағы дана Қорқыт. Осыған орай түркі халықтарындағы Қорқыт бейнесін шартты түрде «Қыпшақтық Қорқыт», «Оғыздық Қорқыт» деп екіге бөлуге болады. Біріншісі — қазақ, башқұрт, қарақалпақтарға, ішінара түркімендерге, екіншісі — азербайжан, осман түріктеріне тән. Бұл тұста оғыздар Қорқыт атаға мұсылмандық сенім, даналық. данышпандық бейне орнықтырды.

Қорқыттың ата қонысы Сырдарияда қазақ жұрты әулие тұтатын абыз тұлғаның бейіті бар. Ол қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының «Қорқыт» станциясының маңында. Бейіт ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып келген, кейін Сырдарияның кезекті бір тасыған кезінде дарияға құлап кеткен. Дарияның жарқабағында суға құлауға жақындаған Қорқыттың бейітін 1898 жылы атақты фольклоршы Ә.Диваев фотоға түсіріген.

Қорқыттың Сырдария бойындағы бейіті жалғыз емес. Ұлы тұлғаның жерленген жері ретінде азербайжан түріктері Дербент қаласын атаса, Анадолыдағы осман түріктері Түркияның Байбурт ауданындағы Масат деген жерді атайды. Аталмыш бейіттер турасында зерттеушілердің арасында бірыңғай пікірлер қалыптасқан емес. Мұның басты себебі бүгінгі таңда жеке ұлт, дербес мемлекет құрып отырған түркі халықтарының Қорқытты аса қатты құрметтеп, өзіне қарай тартуынан туындағаны анық.

Қазақ арасындағы Қорқыт туралы аңыздарды бірнеше топқа топтастыруға болады. Бірінші топқа Қорқыттың дүниеге келгені, екінші бір топқа Қорқыттың ажалдан қашуы, үшінші топқа Қорқыттың күй аңыздарын жатқызуға болады. Бұлардың қай-қайсы болмасын мифтік таным, көне сарындармен өрілген.

Қорқыттың дүниеге келу аңызы оның есімінің не себептен «Қорқыт» аталғанын түсіндіру мақсатындағы халықтық этимологияны жеткізу мақсатынан туындаған. «Қорқыттың дүниеге келген жері, кіндік қаны төгілген жерді «Қараспан тауы» дейді. Қорқыт дүниеге келерде анасы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл осы күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астаң-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді. Бұл жөнінде есте сақталған мынадай сөз бар:

Қорқыт туған кезінде

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған

Ол туарда ел қорқып,

Туғаннан соң қуанған.

«Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген философиялық мазмұндағы тәмсіл сөз туындауына себеп болған екінші бір әпсана Қорқыттың түс көруіне байланысты оқиғадан өрбиді. Оның қысқаша мазмұны мынадай: «Қорқыт бірде ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бейтаныс кісілер көп қазып жатады. Қорқыт: -«Бұл кім үшін қазылып жатқан көр?» деп сұрайды. «Қорқытқа қазып жатырмыз», — деп жауап қатады көр қазушылар. Түсінен шошып оянған Қорқыт өлімнен қашып құтылмақ болады. Сөйтіп, ол дүниенің төрт бұрышын аралайды. Бірақ барлық жерде өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Ажалдан қашып құтыла алмайтынына көзі жеткен Қорқыт енді жер ортасы – Сырдарияға, өзінің туған жеріне қайтып келеді. Ажал кенеттен келіп қалмасын деп ол өзеннің ортасына кілім төсеп, өзі жасаған қобызды тартып, өмір сүре береді. Бір күні әбден қалжыраған ол қалғып кетеді. Сол мезетте ажал жылан түрінде келіп, оны шағып өлтіреді».

Көрнекті фольклортанушы С.Қасқабасов Қорқыт туралы мифтік әпсаналардың басты мазмұнына өте ерте заманнан келе жатқан сюжет — өмір мен өлімнің күресі арқау болған, бергі замандағы шығармаларды былай қойғанда, сонау арғыдағы шумерлік атақты «Гильгамеш туралы жырда» мазмұндалған деп санай келе, аталмыш әпсананың негізінде ертедегі адамдардың мифологиялық дүниетанымдары мен түсініктерінің іздері жатыр деп таныса [Қасқабасов С. Елзерде. Әр жылғы зерттеулер. – Алматы: Жібек жол, 2008.(-269-274 б.)], белгілі ғалым Е.Тұрсынов Қорқыт туралы аңыз-әпсаналардың сюжеттік мазмұнын түркі халықтарының мифтік әңгімелерімен, бақсының ойынымен типтік тұрғыдан ұқсастығын салыстыра келе, Қорқыт бейнесінде «құдайлардан өзіне мәңгілік өмір тілеген» ертедегі ұлы бақсының кейіпі бар және ол таным түркі  халықтарының дана, данышпан кісілерінің бойына таңатын мінездемесіне қайшы келмейді деп бағамдайды [ Турсунов Е.Д. Истоки тюркского фольклора. Қорқыт. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. ( с.131-162)].

Сюжеттік мазмұны «өте көне мифологиялық дүниетанымы мен түсініктерінің қалдықтары, бұлыңғыр іздерінен», «құдайлардан өзіне мәңгілік өмір тілеген» бақсы кейпінен құрылған Қорқыт туралы мифтік хикаяттар, аңыз-әпсаналар қазақтың бақсылық өнері, тәңірлік танымы тұрғысынан хабар беретін рухани мұра. Ол рухани мұраны шамандық наным-сенімдерге сүйенген тәңірлік таным мен мұсылмандық діни сенім соқпақтарының адамзат дүниетанымындағы күресінің көрінісі, сол тартысты бейнелеген үлкен көркем панорама деп тануымыз қажет.

Қорқыт атадан түркі халықтарының рухани қазынасында  екі үлкен көмбе қалған. Бірі – Қорқыттың күйлері, сол күйлердің шығу себебін баяндайтын күй-аңыздар. Екіншісі – «Қорқыт ата кітабы».

Қорқыт күйі он сегіз мың ғаламды, тіпті ажалдың өзін де балқытып, баурап алады екен деп аңыздайды халық: «Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел ұйып тыңдайды. Аспандағы құс ұшуын, жел есуін тоқтатып, Қорқыт күйлерін тыңдапты. Сарыарқа аңдары да Сырдарияның жағасына шұбырып келіп, Қорқыт күйін тыңдайды. Сырдария ағысын тоқтататыпты, үстіне төселген Қорқыттың кілемі суға не ағып, не батып кетпей, көп заман су ортасындағы кемедей қалқып тұрып алып, Қорқытқа өлім келтірмейтін арал болыпты».

Қорқыт сарынын шалқыта тартатын атақты күйшілер қатарында Сыр бойында өмір сүрген Соқыр Нышан (Ысмайыл Шәменов) деген кісі болған. Қызылордалық өлкетанушылардың айтуынша, ол кісі жас күнінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты атақты кісілерге әлденеше рет Қорқыт күйлерін тартып берген, 1975 жылы оның орындауындағы Қорқыт күйлерін атақты фольклоршы Мардан Байділдаев жазып алады [Құттыбай Сыдық. Қобызшы соқыр Нышан // Егемен Қазақстан газеті, 03.06. 2012 (https://egemen.kz/article/17994-qobyzshy-soqyr-nyshan).].

Қорқыт күйлерінен біздің дәуірімізге мынадай туындылар жетті «Қорқыт», «Башпай», «Аққу», «Тәңір күйі», «Желмая», «Елім-ай», «Әуппай», «Ұшардың ұлуы», «Қорқыт сарыны-1», «Қорқыт сарыны-2».

Қорқыттың күй-аңыздары тағдыр ісіне шарасыздықты, дүниенің өткінші баянсыздығын, адам баласының қайғы-мұңын шағатын мазмұндарға құрылған.  «Өлмеудің амалын өнерден тапқан» (М.Әуезов) Қорқыт ата есімі түркі халықтарының арасында ерекше дәріптеледі. Хәкім Абайдың: «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы// Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген ұлағаты қазақтың, әрісі, исі мұсылманның даңқты өнер иелерінің есімі қайталанбас туындыларымен, ғасырдан-ғасырға озатын ұрпағымен мәңгі жасай береді деген тәмсілге құйылады.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы

Мынаны да қараңыз

Ахмет Байтұрсынұлы — тіл туының тұғыры

(«Рухани жаңғыру: қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциядағы баяндама) Заманында «ұлттың ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *