Қостанай облысында жол апатынан полиция қызметкері қаза тапты

Қостанай облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан тәртіп сақшысы көз жұмды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 18 желтоқсанда Қостанай-Әулиекөл-Сұрған автожолының 84 шақырымында болған.

«Жүк көлігі мен «Ауди» соқтығысып, бірнеше адам зардап шекті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп жетті. «Ауди» жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Жол апаты салдарынан Әулиекөл аудандық полиция бөлімінің 32 жастағы қызметкерінің қаза болғаны анықталды. 29 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі ауыр жағдайда ауруханада жатыр» делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ полицейдің қызметтік міндеттерін атқару кезінде көз жұмғаны белгілі болды. Ол қылмыстық іс бойынша сараптама тағайындау үшін Қостанай қаласына келе жатқан. Қазір Қостанай облыстық Полиция департаменті осы факті бойынша қызметтік тергеу жүргізуде. Полиция департаментінің баспасөз қызметі көлік жүргізушілерін жолда барынша сақ болуға шақырады.

 

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...