Биыл Қостанай облысында 16 мың жұмыс орны ашылады

Биыл Қостанай облысында «Еңбек» бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемі өсті. Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова баяндап берді деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған tobyl-torgai.kz.

2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде шағын несие беруге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 8,4 млрд теңгені құрайды. Барлығы 526 жобаға қолдау көрсетіледі. Бұл жоспарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен.

«Өңірде шағын және орта бизнестің дамуы мен оған көрсетілетін қолдау көлемі артты. Былтыр аталмыш бағдарлама бойынша облыста 7,6 млрд теңге игерілген. Қаржылық көмектен тыс осы жылы көпбалалы аналарды кәсіпке тарту көзделіп отыр. Бұған дейін көп балалы отбасылар мен аз қамтылған отбасы мүшелеріне берілетін жеңілдетілген несие мерзімі 5 жыл болып келсе, биылдан бастап бұл 7 жылға дейін ұзарды. Осы санатағы азаматтар 4% өсімпұлмен 21 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып шыққан көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне олар әрі қарай кәсібін дөңгелетіп әкеткенше, 18 айға дейін бақылауда болып, демеу көрсетіледі. Министрлік бекіткен алдын ала жоспарға сәйкес 2020 жылы облыста 16 мың жұмыс орны ашылады», — деді басқарма басшысы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде.

«Еңбек» бағдарламасына қатысты тағы бір жаңалық, биылдан бастап нарықта сұранысқа ие мамандықтарды оқыту үшін азаматтарға мақсатты ваучер ұсыну қарастырылған. Бұл құнды қағаз талапкерлерге өзі білім алғысы келетін оқу ошағын, білім мазмұны мен мерзімін таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, білім алуға, шәкіртақыға, материалдық көмекке, адамның жүріс-тұрысы мен жатын-орнына, тіпті медициналық тексеруден өтуіне дейін жұмсалатын шығынның барлығын ваучер көтеріп алады.

Былтыр бизнес идеясын іске асыруға ынталы 3140 адам «Бастау бизнес» пен «Жас кәсіпкер» жобасы аясында кәсіпкерліктің әліппесін меңгерді. 2019 жылы шағын және орта кәсіпкерлік несиелендіруге 3 млрд тенге бөлінсе, оның 2 млрд 700 млн теңгесі ауылдарға қарастырылған. Бизнес жобалардың басым бөлігі ауылда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеген

Қостанай облысында азық-түлік қоры 64,2 тоннаға жетті. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында облыстық Ауыл шаруашылығы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *