Ұшақ апатынан қаза тапқан жігітті ауылдастары еске алды

Өткен жылдың соңында қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған оқиға болып, «Bek Air» компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаны белгілі. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 47 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенді. Осы ұшақта Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қызбел ауылының тумасы Абай Нұрбековтің де отбасы болды. Өкінішке қарай, отағасы туған күніне бір апта қалғанда айтып келмейтін апаттан қаза тапты.  

    

Соңғы жылдары Алматыдағы «Алматыэлектромонтаж» компаниясында техникалық директор қызметін атқарып жүрген Абай жаңа жылды ауылдағы отбасымен бірге қарсы алуды әдетке айналдырған екен. Бұл жолы да ауылда аң аулап, 38 жасқа толатын туған күнін ағайын-туыспен қарсы алмақ ойда болса керек.

Сөйтіп, 2019 жылдың желтоқсанында туған жеріне баруды жоспарлайды. 2019 жылдың бітуіне небәрі төрт күн қалғанда таңғы сағат жетіде ұшаққа отырған Абай мен жары және төрт баласы Нұр-Сұлтан қаласына қарай бет түзейді. Ары қарай Арқалық, одан әрі Торғайға дейін көсіліп жатқан жол жатыр. Ал Абайдың арман-мұраты одан да алысты кезіп, биікке ұмтылғаны анық. Сол сәт шалғайдағы ауылда жол тосып ата-анасы, келеді деп бауырлары қуанысып жатты.

Өкінішке қарай, Алматыдан алыстамай жатып, Fokker-100 ұшағы әуеге көтеріле салысымен төменге қайта құлдилады. 100 шақты адамның тағдырын күл-талқан ете жаздаған ұшақ, жер сүзіп барып маңайдағы салынып жатқан үйдің қабырғасына соғылған. Бірнеше минут бұрын әуе кемесінің жолаушылары болған адамдардың 12-сі «бесіктен бейтіке дейінгі жолаушыларға» айналып шыға келді. Олардың ішінде аяулы жар, төрт баланың әкесі Абай да бар. Келіншегі Нағима Бекжанова мен 4 баласы зардап шеккендермен бірге шұғыл ауруханаға жеткізілді.

Күні кеше Қызбел ауылының азаматтары бас қосып, апат кезінде қаза тапқан Абай Нұрбековке құран бағыштап, жерлестерін еске алды. Бәйгерей Балғаұлы бастаған жергілікті азаматтар Арқалық қаласында арнайы ас берді. Мұндағы мақсат – бүтін бір әулеттің арыстай азаматы төтеннен келген апатта қаза тапқанда ел болып бірге екендігін жеткізу, бір-біріне жан жылуын сыйлау. Бұл іс – қайғыны бөліссең азаяды дейтін қазақтың тағылымды тұрмысын аңғартса керек. Сондықтан болар, жиналған адам саны көп болды. Ауыл, аудан әкімдері бастаған топ бой көрсетті. Арқалық қалалық ақсақалдар төрағасы Жәнібек Ғаббасовтың сөзі көпшілікті ойландырды.

– Ел арасында «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» деген сөз бар. Мұны айтып отырған себебім, бұл жолғы қаза – Жаратушы иені есімізге салып, тәубеге кел дегенді білдіріп отыр. Ауыр қаза. Дегенмен азаматтың артында ізін жалғайтын 4 баласы мен жары қалды, — деді ақсақал.

Марқұмның төрт баласы таяуда ауруханадан шықты. Жұбайы әлі де емделуде.

Абай Нұрбеков 1982 жылы 3 қаңтарда Қызбел ауылында дүниеге келген. Сол жерде ауыл-аймаққа белгілі әкесі Жауғаш Нұрбеков пен анасы Зибагүл Қапышеваның өнегелі тәлім-тәрбиесін алған.  1999 жылы Міржақып Дулатов атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, арман қуып Алматыға барды. 2005 жылы Алматы энергетика және байланыс университетін үздік бітіріп, кейін қалада қалып, еңбек жолын қарапайым электрик болудан бастады. Білімі мен біліктілігінің арқасында біраз белестерді бағындырды.

Көптің тілегі біреу – ел аман, жұрт тыныш болса дейді. Кенеттен келетін кеселден сақ болсақ екен деп отыр. Халық қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің тезірек оңалып, қатарға қосылып кетуін тілейді.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

журналист

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *