«Торғай халқымен ешкім санаспады»: Жанкелдин ауданы аумағына зымыран қалдықтары құлады

Қостанай облысының Жанкелдин ауданы аумағына зымыран қалдықтары құлады деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Бидашевтің айтуына қарағанда, зымыран қалдықтарынан қауіп жоқ. Бұл халықаралық OneWeb бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр.

«Зымыран сынықтары аудан аумағына 7 ақпан күні құлады. Бұл арнайы келісім бойынша жасалып отыр. Тұрғындарға ескертілді. Химикаттар немесе сұйықтықтар жерге төгілген жоқ. 10 ақпанда сынықтар утилизациялауға алынды» деді Дінмұхамед Бидашев.

Айта кетейік, былтыр осы мәселеге қатысты Жанкелдин ауданында жиын өткен-ді. Мемлекет шешімі бойынша Шөптікөл елді мекені маңынан Ресейдің зымыран қалдықтарын құлатуға жер берілді. Қалдықтар белгіленген жылдар ішінде 8 рет құлайды. Сондай-ақ аудан бюджетіне жыл сайын 151 млн теңге қаржы аударылады. Ал қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көліктері бөлініп, ауызсу тартылады.

Еске сала кетсек, 2017 жылы Жанкелдин ауданының бір топ ақсақалы сол кездегі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына наразылық хат жазған-ды. Ол біздің tobyl-torgai.kz сайтында жарық көріп, іле-шала өзге БАҚ көшіріп жариялаған болатын.

«Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының атқарушы директоры Ерден Ибраев деген азамат Ресейдің «Роскосмосынан» бір орысты алып келіп, біздің аудан орталығы Торғайдан 20 шақырым жердегі Шөптікөл қоныс орнын «Союз-2» ракетасының бірінші сатысының қалдықтарын тастайтын алаң ретінде пайдалануға, полигон етуге жер сұрауда. Оның сыртында олар тағы да 100 гектар жер алмақшы дегенді естіп жатырмыз. Бұлар көптен бері осы біздің Торғайдан 40600 гектар жерді осындай полигонға алған. Сол жерге ракета қалдықтарын тастап жатыр. Ол жер Торғайдан 80 шақырымдай жер. Оған да қарсы болғанбыз. Бірақ Торғай халқымен ешкім санаспады» делінген наразылық хатта.

Ғани ӘБІЛҚАЙЫР

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *