Торғайлықтар полигонға түбегейлі қарсы!

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мырзаға

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш

өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мырзаға

 

Торғай елі халқы атынан Наразылық арыз

Құрметті азаматтар! Қазір Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкіметке, яғни Сіздерге бар билікті берді. Сондықтан ол кісіге арызданбас бұрын осы бір шұғыл шаруамызды алдымен Сіздерге жолдап отырмыз! Біз бұл арызды қазақтың қара шаңырақтарының бірегейі, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринның, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың, «Оян, қазақ!» деп жар салған Міржақып Дулатовтың, қайраткерлер Әліби Жангелдин мен Амангелді Имановтың және де көп қазақ арыстарының туып-өскен жері, ұлы қайраткер Әлихан Бөкейхановтың тұңғыш рет «Алашорданың» шаңырағын көтерген елі – тарихи Торғайдан жазып отырмыз. Бізді бұлай жедел арыздануға себепкер қылған, бүкіл Торғай халқын шошындырған мына бір өте сорақы әрекет. Сіздерге қарайтын «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының атқарушы директоры Ерден Ибраев деген азамат Ресейдің «Роскосмосынан» бір орысты алып келіп, біздің аудан орталығы Торғайдан 20 шақырым жердегі Шөптікөл қоныс орнын «Союз-2» ракетасының бірінші сатысының қалдықтарын тастайтын алаң ретінде пайдалануға, полигон етуге жер сұрауда. Оның сыртында олар тағы да 100 гектар жер алмақшы дегенді естіп жатырмыз. Бұлар көптен бері осы біздің Торғайдан 40600 гектар жерді осындай полигонға алған. Сол жерге ракета қалдықтарын тастап жатыр. Ол жер Торғайдан 80 шақырымдай жер. Оған да қарсы болғанбыз. Бірақ Торғай халқымен ешкім санаспады. Енді Торғайдан 20 шақырым жерді алмақшы. Бұл деген масқара зорлық емес пе?! Ерден Ибраев деген азамат аудандық газетке  «Жерлестер, Сіздердің қолдауларыңызды өтінеміз» деп үлкен мақала жазған болатын. Ол мақаласында: «Ракета қалдықтарынан еш зиян жоқ, 400 кг-дай отын қалдықтары ғана түседі. Ол гептил емес, жай жермай ғана. Зымыранның бірінші сатысы – 15 (он бес) тонна, ұзындығы – 19,6 м, ені – 2,6 м. Оларда еш улы заттар жоқ. Бөлінетін бөлшектер, құлаған конструкциялар аудан сыртына шығарылып жойылады, шұңқырлар мен жермай төгілген жерлер қайта қалпына келтіріледі. Әрине, ракета ұшыруға дейін бірнеше тәулік бұрын хабарлауға, болжалған құлау аудандарында тұратын халықты жұмылдыруға және уақытша орналастыруға байланысты көп жайсыздықтар болады. Бірақ оның бәрін біз өзіміз, «Бәйтерек» АҚ шешетін боламыз» деп жазған болатын. Және де «Сіздерді осы жерден айырып, басқа мемлекетке беруді ешкім қаламайтынын растаумен бәріңді жайландырамыз» деп жұбатады. Бізді, Торғай халқын бұл мырза ақымақ көріп алған. Ал біз, Торғай халқы бұған бүтіндей қарсымыз. Зымыран қалдықтарын тастауға ешқандай жер бермейміз. Ал, алмақшы болған 100 мың гектар жерді алуларына да қарсымыз. Бүкіл Торғай халқы қарсы, бәрі де ашынып, дүрлігуде. Оларға ақсақалдар басу айтып тоқтатуда. Жақында ғана сондай зымыран қалдықтарынан Қарағанды облысында 10 мың гектар жер өртеніп, екі адам қаза болды. Бұрын да «Роскосмостың протондары» қазақ жеріне талай құлап, ойрандаған болатын. Тіпті, 600 (алты жүз) тонна гептилмен аспанда бомба жарған. Оған Ресей жағы көк тиын да төлемеді. Сондай сорақы апаттар болып жатқанда, біз тура Торғайдың жанынан зымыран қалдықтарын тастайтын жер сұрауды нағыз қазақ еліне, қазақ халқына, әсіресе, Торғай халқына тікелей жасалған қастандық деп білеміз. Біз, Торғай халқы бұларға қарсы екенімізді қанша айтсақ та, қайта-қайта келуді қояр емес. Біз олардан «Торғай халқы келісті» деп жалған айтып, ойларын іске асырмақ па деп күдіктенеміз. Сондықтан да, құрметті азаматтар, қазақ еліне, қазақ халқына жандарыңыз ашитын азамат болсаңыздар, мына сорақы әрекетті тоқтатыңыздар! Торғай елін, жерін зымыран қалдықтарын тастайтын полигон жасауға сұрау түгілі, тіпті ойға алуға тыйым салсаңыздар екен. Ерден Ибраев деген азаматты қазір бүкіл Торғай халқы қарғап, лағынет айтуда. Ел қатты ашынуда. Осыны еске алсаңыздар екен. Бұл арызға Торғай елінің бір ақсақалы Рахым Рыскелдиннің шығарған өлеңін қосып отырмыз. Оқыңыздар, ойланыңыздар! Сіздер тез арада бұл әрекетті тоқтатар деп сенеміз және осы арызға қолымызды қоямыз.

1.Карбозов Кәкімжан

2.Молдабеков Нұридден

3.Абжамалов Тыныштық

4.Бірмағамбетов Қарсақбай

5.Рыскелдин Рахым

6.Бәкіров Жылқыбай

7.Есетов Әбдірасыл

8.Тұрғанов Мамет

9.Қалиев Бұхарбай

10.Ибраев Жақсылық

11.Ахметов Жақсылық

12.Хұсайынов Сәбитбек

13.Сәдуақасов Жұмақан

14.Жұмакин Ғабдімәлік

15.Әбдікаримов Есім

Торғайда полигон жасамаңдар!

Құдай-ау, мынау хабар неткен жаман,

Торғайды лаң полигон еткен жаман.

Аз ба еді қойғаны елді қаңыратып,

Ақтабан ғып бостырған аңыратып.

Туды ма ұлттан билік кеткен заман?

Қараңдаршы, ей, халқым, азаматтар,

Бұрын берген Ресейге 40 мың гектар,

Алмақ және Ресейге 100 мың гектар,

Тағы қылмақ Торғайға туралар зар

Шөптікөлге полигон бомба тастар.

Онсыз да толған зымыран ен даласы,

Кемтар боп полигоннан ел баласы.

Халықтың бастан асты шер-наласы,

Торғайдан басқа жер жоқ па, сен қарашы

Қазақтың бос жатыр ғой кең даласы.

Бұл Торғайдан халықты көшіру ғой,

Тарихтан атын-затын өшіру ғой.

Қасиетті мекенді жатыр таптап,

Байлықты жинап жерден миллиардтап

Қазақтың көз жасынан көсілу ғой.

Торғай қазір онсыз да қаңырады,

Амалсыз көшкен жылап аңырады.

Торғайды қорлама әрі санаң болса,

Қылатын ретің бар ма қараң сонша

Қазақтың Торғай қара шаңырағы.

Алғанда азат елдік, Тәуелсіздік,

Тіпті аздып, полигон боп көзді сүзіп.

Торғай елі әз Шақшақ Жәнібектің,

Ахмет, Міржақыптың және көптің

Тыңдаңдар, қарсылықты сөзді біздің.

Әз Торғай – Алашорда отаны бұл,

Сілтеген қазағым деп сотаны бұл.

Алашқа биыл жүз жыл болған шақта,

Масқара ол, мазақ болу жау мен жатқа

Таптар ұлттық намысты, жотаны бұл.

Қарт Торғай – қасиетті атамекен,

Қарсы айтсақ полигонға қата ма екен.

Семейді Кеңес кетті қанжоса ғып,

Торғайды қандау кеп тұр полигон ғып

Қорлауға қос шаңырақ жата ма екен?!

Торғайға келгенде істің шата бәрі,

Мұнымен қазақ лаңға батады әлі.

Қорламаңдар, Торғайдың киесі бар,

Қорлағанды кепиет, киесі ұрар

Ерте, кешпе ондайды атады әлі.

Сонда олар сұм ісіне өкінеді,

Толады шер-шеменге көкірегі.

Торғайдың елін, жерін қорлағандар,

Өліп те құтылам деп ойламаңдар

Ондайлар көрінде де өкіреді.

Болғанда бостан, теңдік – бас армандар,

Торғайға келмесін лаң бас амандар.

Болсаңдар елім деген ер азаматтар,

Еліңе, қазағыңа етпе азап,

Торғайда лаң полигон жасамаңдар!

Ерлері қазақ ұлттың, сүйікті елдің,

Тыңдаңдар, зар тілегін күйікті елдің.

Көрген мыңдап өлгенін киіктердің,

Қабыл ет ел тілегін, биіктерім

Тұтқасын ұстағандар биліктердің!

Р.Рыскелдин

02.06.2017 ж.

Наразылық хатқа барлығы 138 адам қол қойды. Қол қою әлі де жалғасуда.

Жауабын мына мекен-жайға хабарлауларыңызды өтінеміз: Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай селосы. Нұрхан көшесі, 48 үй. Рыскелдин Рахым.

Мынаны да қараңыз

Торғайдан ұшқан тарланбоз

Қарапайым ауыл баласының академик, мемлекет және қоғам қайраткерлігіне дейінгі жолды жүріп өткен ұстаздарымыздың бірегейі – ...

8 пікір

  1. Аккенже

    Қасиетті Торғай өңірі орыстардың қоқыс тастау полигонына айналатынына түбегейлі қарсымын!!!

  2. Серікбай, Қостанайдан

    Жалпы Қазақстан жерінен полигон ашуға қарсымын. Космодром Байқоңырда тұрғанда бұл тақырыптан құтылу қиын, Ресей өздерінің басқа космодромдарын пайдалансын.

  3. Гүлнар

    Бул не деген маскара жол бермеу керек ондаига колдаимын семеиди зорга токтатып еди

  4. Биліктен береке кеткелі қашан…. Сенім жоқ

  5. Азамат Нұрланұлы

    Ассалаумағалейкум бауырым! Айналайын, киелі қарт Торғайым, күн туды ма тағы сенің басыңа?! Күн туса егер сенің ғазиз басыңа ерлерің бар Туын алар мына сенің жолыңда! Мұңаймаңдар әзиз халқым,біз жырақта жүрсекте Торғайым деп соғар біздің жүрегіміз!

  6. Ғазиза

    Мынау масқара екен.Ватсаппен де келіп жатыр. Өз күндерін өздері көріп отырған халыққа көрсеткен жақсылығы ма?

  7. Ұрпағы індет тауып жатпасын, деп, Әзәзіл Жер-Ананы баспасын, деп. Тілеймін жаратқаннан жатсам-тұрсам, Торғайды топалаңнан сақтасын, деп!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *