Президент тапсырмасы: Арқалықты жылумен жабдықтау жүйесі жыл соңында өзгереді

Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесі өзгеретін болды. Бұл туралы тұрғындарға есеп беру жиынында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі.

Қостанай облысының Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз ету ел қазынасына қымбатқа түсетін. Себебі мазут бағасы басқаларға қарағанда шарықтап тұр. Шағын қаланың жылдық отын қорын жасау үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард тенгеден астам дотация бөлінетін. Жергілікті жылу орталығын көмірге ауыстыру мәселесі көп жылдан бері шешілмей келген.

«Арқалық қаласын жылумен жабдықтау жүйесі өзгереді. Жылу-энергетикалық орталығын мазут жағудан көмірге көшіру, сондай-ақ, оның тиімділігін арттыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұған 7,7 млрд теңге бөлінді. Бұл жобада қазіргі Жылу-энергетикалық орталығы аумағында көмір отынымен жұмыс істейтін 3 бу және 2 су жылыту қазандығы орнатылады. Бұған қоса жаңа қазандық салу қарастырылған» деді Архимед Мұхамбетов.

Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстары 2020 жылдың желтоқсан айында басталады.

Еске сала кетсек, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Архимед Мұхамбетовті қабылдап, азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу шараларын қабылдаудың маңызды екенін атап өтіп, Арқалық Жылу энергиясы орталығын қайта қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырған болатын.

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеген

Қостанай облысында азық-түлік қоры 64,2 тоннаға жетті. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында облыстық Ауыл шаруашылығы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *