Шағын қалаларды дамытудың бағдарламасы жасалды

2020 жылы Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы Қостанай облысында әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға 3,1 млрд теңге бөлмек.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен аталған компанияның Бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев әріптестік туралы меморандумға қол қойды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл меморандум шеңберінде аймақтарды дамытудың үш жылдық бағдарламасы жасалып отыр. Жобаны ҚР Үкіметі мақұлдады. Аймақта әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды жүзеге асыруға 3 млрд 117 млн теңге бөлінеді. Қаражаттың басым бөлігі Рудный қаласы мен Қашар кентінің жылу желілерін күрделі жөндеуге жұмсалмақ. Әрі осы өңірлердің тұтынушыларын электр қуатымен арзандатылған бағамен қамтамасыз етуге бағытталады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтарды дамытуды қазіргі таңдағы ең негізгі міндеттердің бірі деп атап өтті. Осы орайда мен әкімдіктермен арада жасалған меморандумдардың әрқайсы – аталған тапсырманы орындау мен тұрақты қоғам қалыстастыру қамы деп батыл айта аламын. Біз тапқан әрбір теңгенің туған жердің дамуына, тұрғындардың игілігіне жұмсалуына мүдделіміз» деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, бұл қаржыға Арқалықта мектеп, Рудный мен Лисаковск қалалары, Қашар мен Октябрьский кенттерінде жолдар жөнделеді. Рудный мен Қашар арасындағы күре жол қалыпқа келіп, жедел жәрдем көліктері сатып алынады. Бұдан бөлек Қашар кентіндегі сауықтыру орталығын күрделі жөдеуден өткізу көзделген.

«Рудный қаласында екі жылы аялдама орнатылады. Орталықтағы «Достық» саябағында «ERG-Джуманджи» атты жаңа арқан саябағы салынбақ. Қызметкерлер бастамасымен Жеңіс күні қарсаңында Арқалықтың қалалық саябағындағы ескерткіш обелиск жаңғыртылып, отбасылар тынығатын жаңа саябақ та ашылады. Рудный мен Лисаковск қалаларының орталық көшелеріне көліктердің жылдамдығын анықтайтын электронды таблолар орнатылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сеп болмақ» деді облыс басшысы.

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай қаласының әкімі де коронавирусқа шалдықты

Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов те COVID-19 індетіне шалдықты. Бұл туралы әкім әлеуметтік желідегі парақшасында ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *