Таспа

Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері: Емдеу мекемелерінде орын тапшы

Қостанай облысында соңғы күндері коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлағаны байқалды. Осыған байланысты өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері үндеу жариялайды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қостанай облысының мемлекеттік санитар бас дәрігері Владимир Нечитайло аймақта күн сайын шамамен 50-100 адам індет жұқтыратынын, ауруға шалдыққандар саны 518 адамға жеткенін айтады.

«Апта сайын сырқаттану жағдайының өсуін талдаймыз. 8-14 маусым аралығында аурудың 56 жағдайы есепке алынған, өсім — 26,5%. 15-21 маусым аралығында – 251 жағдай, өсім 94%-ды құрады. Негізгі ауру ошағы – Қостанай қаласы, мұнда 97 жағдайға жетті, Рудный қаласында 24 дерек тіркелді. Бұған дейін тіркелмеген оңтүстік аймақтарда науқастанғандар анықталды. Сырқаттар санының өсуіне байланысты зертханалар қосымша жүктемемен жұмыс істей бастады. Науқастарды емдеуге тартылған медицина қызметкерлері де осылай жұмыс істеуде. Бұған қоса Қостанай облысының емдеу мекемелерінде орын тапшылығы байқалуда. Резервтік төсек-орындарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде», — дейді Нечитайло.

Санитар дәрігердің пікірінше, мұндай жағдайдың себептері карантин режимін жаппай орындамау болып отыр. Тұрғындар тарапынан да, кәсіпкерлік субъектілерден де олқылықтар байқалады. Шектеу шараларына қарамастан той жасап, мерекелік кештерді өткізіп жатқандар бар. Қостанай қаласының 2 балабақшасында қызметкерлер Covid-19 ауруын жұқтырған. Сол себепті өңірде 23 маусымнан бастап карантин режимі қатаңдатылады. Нақты салалардағы шектеу шаралары туралы Қостанай облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері үндеу жариялайды.

Мынаны да қараңыз

Ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуы ауқымды мәселеге айналды — Амандық Әмірхамзин

Астанада өткен «Әділдік және өркендеу» ҚҚ өңірлік өкілдерінің кездесуіне қатысушылар әр аймақтағы мәселелерді талқылады. Қостанай ...