Қостанай облысы сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп жіберген бе?

Қазақстандықтар Қостанай облысында жабық сайлау учаскелерінде мерзімінен бұрын дауыс беру басталып кеткені туралы хабарлама таратып жатыр. Ал облыстық сайлау комиссиясындағылар ол ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады tobyl-torgai.kz, stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Мерзімінен бұрын сайлау туралы постты кеше қоғам белсендісі Ермек Нарымбай Facebook-тегі парақшасына жариялады. Ол Қостанай облысының Алтынсарин ауданындағы «Сосновый» шипажайы учаскесінде мерзімінен бұрын дауыс беретінін жазып, бұл ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды сұраған.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко постта көрсетілген ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

«ҚР Сайлау туралы» Заңына сәйкес, сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде 3 күн бұрын және сайлаудан кемінде бiр күн бұрын жеткiзiледi. Аумақтық сайлау комиссиялары, әсіресе, учаскелік комиссияларға әлі бюллетеньдер берілген жоқ. Сондықтан дауыс берудің өткізілуі мүмкін емес. Санаторий аумағындағы сайлау учаскесі уақытша болып табылады. Онда дауыс беретін сайлаушылардың тізімі сайлауға 5 күн қалғанда ғана нақтыланады. Сайлау күні санаторийде қанша адамның демалатыны бүгін ғана белгілі болады. Содан соң азаматтардың тізімі жасалып, учаскелік сайлау комиссиясына тапсырылады. Осыдан кейін ғана учаскеге қажетті бюллетеньдер саны жеткізіледі. Бұл сайлауға бір күн қалғанда болады. Яғни, бюллетендер тек 8-і күні ғана жеткізіледі. 4 қаңтарда «мерзімінен бұрын дауыс берудің» өткізілуі мүмкін емес», — деп түсіндірді Александр Малашко.

Айта кетейік, Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы 10 қаңтарда өтеді.

Мынаны да қараңыз

Жангелдин ауданы Қызбел ауылында қуанышты оқиға

Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қызбел ауылында ұзақ жылдар бойы күткен ұялы байланыс құралы іске қосылды, ...